Екі миллионнан астам тұрғыны бар алып мегаполис – Алматы қаласын азық-түлікпен қамту, азық-түлік белдеуін қалыптастыру мәселесі күн тәртібінен түспей келеді.
Қала тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында тұрақты түрде кеңейтілген ауылшаруашылық жәрмеңкелері ұйымдастырылып тұрады. Алматы қаласы ауыл шаруашылығы басқармасы берген мәліметке сүйенсек, 2017 жылдың басынан бері қала аудандарында 50-ден астам жалпықалалық жәрмеңке өткізілген. Жәрмеңкеге шығарылған азық-түлік тауарлары Алматы облысының аумағынан жеткізілуде. Олардың басым бөлігі ет өнімдері мен сүт өнімдері. Мұндай ауылшаруашылық жәрмеңкелерінің жиі өткізілуі қала тұрғындары үшін өте пайдалы. Біріншіден, жәрмеңке өнімдерінің бағасы нарықтағы тауар бағаларымен салыстырғанда әлдеқайда арзан, екіншіден, ешқандай қоспасыз табиғи өнімге қол жеткізуге мүмкіндік туады. Жалпы, мегаполиске жақын орналасқан Алматы облысының 9 ауданы мен Қапшағай қаласы тұтыну нормасына сәйкес алматылықтарды картоп, қырыққабат, сәбіз, пияз, қызанақ, қияр, қызылша, алма, құс еті және жұмыртқамен тұрақты қамтамасыз ете алады.
Осы мәселеге қатысты экономика ғылымдарының докторы Атамұрат Шаменовті сөзге тартқан едік. Оның пікірінше, Алматының азық-түлік белдеуі дұрыс қалыптасқан жағдайда, қалада азық-түлік қауіпсіздігін сақтауға, белдеуге қатысушы аудандардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға және тұтынушыларды арзан да, сапалы өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік туар еді.
– 9 жыл бұрын Талдықорғанда Ауыл шаруашылығы министрлігі, Алматы қаласы мен облыс әкімдіктері бірлесіп аграрлық салада индустриялық-инновациялық инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға меморандум қабылдаған болатын. Біршама істер атқарылды, құны 47 млрд теңгелік 24 инвестициялық жоба дайындалды, бірақ нәтиже күткендегідей болған жоқ. Оған мысал, сол кезде Алматы қаласына сырттан кіретін азық-түлік импортының көлемі 2,5 млрд АҚШ доллары көлемінде көрсетілсе, қазір бұл сұраныс 3 млрд АҚШ долларын құрады деген мәлімет бар. Өкінішке қарай, өзімізде өндіруге болатын пияз, сарымсақ, қырыққабат, картоп, тағы басқа өнімдер сырттан әкелінуде, – дейді экономист.
Бір айта кетерлігі, Алматыда ерте пісетін өнімдерге сұраныс көп, оның көлемі 13,5-15 мың тоннаны құрайды. Демек, мегаполистің тұтыну мәзірін толықтай қамтамасыз етуге қала маңындағы аудандардың әлеуеті жетпей жатқаны анық. «Осы мәселелерді жолға қою үшін Алматының азық-түлік белдеуін кеңейтіп, оған Жамбыл мен Оңтүстік Қазақстан облыстарының аудандарын қосқан жөн. Тіпті бұл белдеуге қатысушылардың тізіміне Қызылорданың күріші, қауын-қарбызы мен балығын, Шығыс Қазақстанның балын т.б. қосуға болады. Алматыда ауылшаруашылық өнімдерін өңдейтін өндіріс ошақтары бар. Өкініштісі, олардың тек 60 пайыздық мүмкіндіктері ғана пайдаланылады.
Есеп бойынша қала аумағында өндірілетін сұйық майдың 35 пайызы, ұнның 62 пайызы, сүттің 61 пайызы, еттің 18 пайызы, көкөністің 56 пайызы ғана ішкі нарыққа шығарылады. Бұрын қала шеңберінде 10 шаруа қожалығы және 54 ірілі-ұсақты тамақ өндірістері мен ұқсату зауыттары болатын. Енді оған Наурызбай ауданы қосылған соң бұл мүмкіндік кеңейді деуге болады. Тек бұл мәселені жүйелеп, жолға қою керек», дейді Атамұрат Шаменов.
Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі Елбасының биылғы Жолдауында да айтылды. Жалпы, еліміз бойынша азық-түлік түрлерін сапалы экологиялық таза күйінде өндіру, экологиялық таза өнім көлемін көбейту арқылы экспорт мөлшерін болашақта 40 пайызға дейін ұлғайту мәселесі басты назарға алынған болатын. Ол үшін жер құнарлылығын сақтау, егістік көлемін арттыру, шағын және ірі шаруашылықтарға қолдау көрсетіп оларды үлкен кооперативке біріктіру жобасы жүзеге асу үстінде. Осы мәселе қолға алынғалы бері елімізде 164-тен астам кооператив құрылған көрінеді. Бүгінгі таңда ауылшаруашылық өнімдерімен 185 мың агроқұрылым және 1,6 миллион үй шаруашылықтары айналысады.
Айтпақшы, алматылықтардың жекелеген азық-түлік түрлерінің тұтыну мөлшері туралы айтатын болсақ, Қазақстан бойынша ғылыми негізде дайындалып, тиісті атқарушы органдар бекітетін жылдық норманы негізге алуға болады. Өкінішке қарай, бұл норма елімізде 2005 жылы бекітілген болатын және ол бұрын республикамызда негізге алынған физиологиялық нормадан көп төмен екен. Сондықтан, алматылықтардың тағам тұтыну көлемінің қажеттілігін дәл айту мүмкін емес көрінеді. Десек те, еліміздің экономикалық табысының шамамен 15 пайызын құрайтын Алматы сияқты алып мегополисті азық-түлікпен қамту, оның экономикалық тыныс-тіршілігін бақылауда ұстау әрдайым назардан тыс қалмауы керек сияқты.
Арман ОКТЯБРЬ,
журналист
АЛМАТЫ