2016 жылдың соңы мен 2017 жылдың басында Орталық Азия елдерінің тарихы және келешегі тұрғысынан елеулі оқиғалар орын алды. 2016 жылғы 5 желтоқсанда Өзбекстан қоғамы елдің жаңа президентін сайлады, 2017 жылдың қаңтар айында Қазақстан Көшбасшысы өз елінің жарқын болашағын айқындайтын ауқымды реформалар туралы Жолдау жасады және ақпан айында Түрікменстанда президенттік сайлау өтті. Міне, осы өзгерістер жоғарыда аталған маңызды оқиғалардың ең бастылары. Аталған оқиғалармен қатар, соңғы үш ай көлемінде Қырғызстан мен Тәжікстанда болған оқиғалар тізбегі Орталық Азиядағы даму мен тұрақтылықты қамтамасыз етудің жаңа негіздері қаланған кезең
ретінде аймақ тарихында айқын із қалдыратын болады.
Соңғы айларда біздер куә болған ірі өзгерістерге Өзбекстан мысалында баға берер болсақ, аймақтың жаңа кезеңге аяқ басқанын байқауға болады. Өзбекстанның жаңа көшбасшысы Шавкат Мирзиёевтің президент болған күннен бері басты назарды көршілес Орталық Азия елдеріне аударып, аталған елдердің экономикалық және мәдени интеграциясын нығайтуға бағытталған шешімдер қабылдап, бірқатар шаралар атқаруы соның алғашқы көрінісі болды. Мәселен, әртүрлі себептермен 25 жыл жабық болып келген Ташкент – Душанбе әуе жолы қайтадан іске қосыла бастады, Тәжікстан – Өзбекстан темір жол желісін жандандыру үшін екіжақты жұмыстар жүргізу қолға алынды. Осындай байсалды қадамдар аймақтағы елдер арасындағы тарихи, туыстық байланыстарды қайтадан күшейте түсері анық.
Қырғызстан мен Өзбекстан арасында жоғары деңгейдегі екіжақты үкіметаралық делегациялардың қатысуымен бірқатар кездесулердің өтуі бауырлас елдерде тұрақтылықты сақтауға бағытталған алғашқы қадам болды. Қос мемлекеттің шекара мәселелерін түсіністікпен және байыппен шешуге негізделген ортақ шаралар атқаруы, саясаткерлер мен зиялы қауым өкілдерінен құралған өзбек делегациясының Қырғызстанның Ош пен Бішкек қалаларында жоғары деңгейде қарсы алынуы және тура осылай Ферғана алқабындағы қалаларға барған қырғыз делегациясына шынайы құрмет көрсетілуі бұдан кейінгі туыстық байланыстардың беки түсетіндігінен хабардар етсе керек.
Өзбекстан үкімет деңгейінде бастамалар көтеріп, көрші Ауғанстанмен қарым-қатынастарын жаңа қалыпқа келтіруге талпынысы Орталық Азияда экономикалық мүмкіндіктерге мән беріле бастағанын білдіреді. Осы жылдың 23 қаңтарында Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов Кабулға ресми сапармен барғаннан кейін Ауғанстан үкіметінің делегациясы Өзбекстан астанасына жасаған сапары нәтижесінде ресми Ташкенттің «Өзбекстан мен Ауғанстан қатынастарын дамыту және жаңа деңгейге көтеру туралы» үкімет қаулысын жариялауы аса маңызды оқиғалардың бірі болды. Ауғанстанға электр қуаты, астық, азық-түлік, тағы басқа тауарларды экспорттаудың мүмкіндіктері Орталық Азияның оңтүстігінде үлкен нарықтың барын және сол нарықтың аймаққа ашыла бастағанын көрсетеді.
Ш.Мирзиёев қысқа уақытта мемлекет ауқымында жүзеге асырған шараларды бір шолып өтер болсақ, әлеуметтік, экономикалық және мәдени салаларда қабылданған шешімдер халықтың оң бағасына лайықты болып, іс жүзінде орындала бастағаны байқалады. Әсіресе, банк және несие жүйесін дамытуға қатысты үкімет қарарларының қоғамға түсіндіріліп, несие пайызының төмендетілуі, жаңа жұмыс орындарының ашылуы, жалақылардың өсуі, кәсіпкерлер үшін несиелердің берілуі, студенттерге шәкіртақы тағайындалып, зейнеткерлер үшін жеңілдіктердің ойластырылуы аталған өзгерістердің айқын көрінісі. Халыққа жеңілдік жасау мақсатымен жаңа үкімет Ташкент қаласы мен орталық қалаларда, облыс және аудан орталықтарында, ауылдарда арзан әрі шағын тұрғын үйлер салу туралы қаулыға қол қоюы Өзбекстан қоғамы үшін көптен күткен сүйінші жаңалық болғаны рас. Осы ретте, тұрғын үйге зәру отбасылардың, жаңадан отау тіккен жас жұптардың жаңа үй алуына басымдық беріле бастауы өзбекстандықтарды үлкен қуанышқа бөлеп отыр.
Өзбекстанда әлеуметтік және мәдени салаларда жүзеге асырылып жатқан шаралар алдағы кезеңдерде үлкен өзгерістердің болатындығынан хабар береді.
Президент Ш.Мирзиёев өткен желтоқсан айының соңында Өзбекстан Ғылым академиясының алдыңғы қатарлы ғалымдарымен және академиктерімен кездесіп, олардың білім мен ғылым саласына қатысты сауалдарын тыңдап, аталған салада алдағы кезеңде атқарылатын шаралар туралы көзқарастарымен, пікірлерімен танысып, соның негізінде жаңа шешімдер қабылдады. Осыған орай 17 ақпан күні үкіметтің тиісті қаулысы қабылданып, бұдан бұрын Ғылым академиясы қарауынан шығарылып, Ташкент қаласындағы университеттерге қарасты зерттеу институттарына немесе ғылыми орталықтарына берілген Тарих институты, Әлішер Науаи атындағы Тіл және әдебиет институты, Әл-Бируни атындағы Шығыстану институты, Археология институты және басқа да көптеген институттардың қайтадан Өзбекстан Ғылым академиясына берілуі ғылым саласында жақсы жаңалықтардың болатынын білдіреді.
Аталған өзгерістер Өзбекстан Республикасы президентінің «Ғылым академиясының қызметі, ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру, басқару мен қаржыландыруды дамытудың практикалық шаралары туралы» қарарына сәйкес жүзеге асты. Бұған қоса, 16 ақпан күні Президенттің жарлығына сәйкес ғылыми диссертацияларды қорғау және ғылыми дәрежелерді беру саласына жаңа заңдық өзгерістер енгізілді. Бұған сәйкес кейінгі жылдарда енгізілген PhD жүйесі өзгертіліп, оның орнына ұсынылған жаңа жүйе бастапқы докторантура (кез келген ғылым саласынан бастап, диссертацияның қорғалуы және философия докторы – PhD дәрежесінің берілуі) және докторантурадан (диссертацияның қорғалуы және ғылым докторы – Doctor of Science, ScD дәрежесінің берілуі) құралады. Қабылданған қарарға сәйкес PhD дәрежесі магистратура немесе толық жоғары білімге ие болып, диссертация қорғаған кісілерге беріледі. Ал Ғылым докторы (ScD) дәрежесі білім кандидаты немесе шет елдерде диссертация қорғаған және PhD дәрежесін иеленген ғалымдарға беріледі.
Өзбекстан үкіметі ғылыми жолмен даму және өркендеу үшін көрші мемлекеттер мен білім жүйесі дамыған шет елдермен қатынастар құруды мақсат тұтып, бірқатар шараларға дайындық жүргізуде. Осы жылдың ішінде ел үкіметінің қолдауымен бір топ ғалым, зерттеу институттары мен жоғары оқу орындары басшыларынан құралған өзбекстандық делегацияның жақын айларда көршілес әрі туыс Қазақстанға келетіні және осындағы басты ғылыми және білім беру ұйымдары басшыларымен танысып, екіжақты ынтымақтастық орнататыны белгілі болды.
Ш.Мирзиёев президент болып сайланған соң Қарақалпақстанға келіп, халықпен ашық кездесіп, бірнеше мәдени және діни орындарда болып қайтты. Әсіресе, президенттің Нөкіс қаласындағы мешіттердің біріне барып, жасы үлкен кісілер тобымен шынайы сұхбат құруы қоғамның ризашылығын туғызды. Одан кейін Хорезм мен Сурхандария облыстарына келген Ш.Мирзиёев өзбекстандық қоғамның әлеуметтік және экономикалық тыныс-тіршілігімен танысып, бірнеше ауылға барып, жергілікті халықпен тікелей сөйлескен. Өзбекстан президентінің жаңа қарарымен Сурхандария облысының орталығы – Термиз қаласында Ислам әлемінің бетке ұстар ғұламаларының бірі Имам әт-Тирмизидің мұрасын зерттеу мақсатында «Әт-Тирмизи атындағы халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы» құрылатын болды.
Қысқасы, Өзбекстанның жаңа көшбасшысы қызметіне кіріскен қысқа мерзімде ел ішінде және сыртқы қатынастарда әлеуметтік-мәдени және экономикалық тұрғыдан маңызды шаралар атқарғанына куә болып отырмыз. Осындай өзгерістер Орталық Азия елдерінің өзара байланыстарын нығайтып, аймақта өркендеу мен тұрақтылықты қамтамасыз етуге жағдай жасайтыны анық.
Ғайбулла БАБАЯРОВ,
тарих ғылымдарының докторы
Өзбекстан Республикасы,
ТАШКЕНТ