Кеше Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Үкімет үйінде баспасөз мәслихатын өткізіп, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауындағы басымдықтарды әңгімеледі. «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты бас құжаттың маңызды тұстарын атаған министр мұнай өндіруді арттыратын әдістерге ерекше мән беру қажеттігін алға тартты. Сонда кен орындары өнімділігін 5 пайыздан 20 пайызға жеткізуге болады.
«Мұнай өндіруді арттыруда оңтайлы тәжірибеміз бар. Бұл – көлденең ұңғымаларды бұрғылау мен «Маңғыстаумұнайгаз» және «Өзенмұнайгаз» АҚ -тың бүйірлік ұңғылары. Ұңғымаларды бір уақытта және жеке пайдалануға беру тәжірибеде бар, ол – бір ұңғыма арқылы әртүрлі нысандарды пайдалануға бере алатын әлеуетті технология», деді Қ.Бозымбаев. Оның айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстарды үйлестіретін арнайы орталықтың болғаны абзал.
Жиында Қанат Алдабергенұлы жоғарыдағы міндетті ведомствоға қарасты ұйымдардың біріне жүктейтінін айтты. «Біз елдегі ғылыми-зерттеу институттарының рөлін арттыруды қарастырудамыз. Қарқындату әдісіне өту – қазіргі таңда өте маңызды. Өйткені, ғылымның рөлі жоғары, шетелдік компанияларды да бірге жұмыс істеуге тартпақпыз», деді министр.
Энергетика министрі еліміздегі электр энергетикасы саласында интеллектуалды жүйе құрылатынын мәлімдеді. «Бұл – смарт-жүйе. Интеллектуалды энергетика энергия жүйесінің барлық құрамдық бөліктерін тартуы тиіс. Ол бізге жаһандық сын-тегеуріндерге дайын болуға және энергияны резервтеудің қауіпсіздігін, транзиттік және экспорттық әлеуетті, ЖЭК әлеуетін пайдалануды, энергетика құрылымын оңтайландыруды, тиімділікті, үнемдеуді, инновациялық және ғылыми дамуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деді Қ.Бозымбаев. Сондай-ақ, ол жұмыстың екі кезең бойынша өтетінін айтты. «Бірінші кезең – энергия тарататын ұйымдар санын қысқарту, электр желілерін жаңғырту, барлық деңгейлерде коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйелерін енгізу. Екінші кезең – электр энергиясының сапа көрсеткіштерін бақылау жүйелерін енгізу, апатқа қарсы автоматика және жиілік пен қуаттылықты реттеу жүйелерін жетілдіру».
Басқосу барысында Қанат Бозымбаев ағымдағы жылдың екінші жартысында Павлодар мұнай-химия зауытын және Атырау мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жұмыстары аяқталатынын жеткізді. Ал Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жұмыстарын келесі жылдың бірінші жартысында аяқтау жоспарланған. «Әрине, үш зауытты жаңғырту жұмыстарына қыруар қаржы жұмсалуда. Алайда, бұлардың бюджетке еш қатысы жоқ, несие ресурстарын тарту және аталған зауыттардың өз қаржысы есебінен жүргізілуде. Нақты сомасы жұмыстар біткен соң белгілі болады», деді министр.
Қанат Алдабергенұлы журналистердің сауалдарына орай жанар-жағармайға да қатысты пікірін білдірді. «Бензин бағасын төмендетуге мүмкіндік бар. Бірақ, бұл тек қана 15-20 күнге ғана созылады. Одан кейін жанармай тапшылығы орын алады. Өйткені, біз ішкі нарыққа қажетті бензиннің 30 пайызын Ресейден алып отырмыз. Отандық нарықтағы бензин бағасын төмендетсек, Ресейден ешкім де бензин әкелмейді.
Өкінішке қарай, баға көтерілді. Бірақ, біз үш зауытты (Павлодар, Шымкент және Атырау мұнай өңдеу зауыттары) жаңғыртудан өткізгеннен кейін ғана кеніштерімізден мұнай алып, оны өңдеп, өз бағамызбен отандық нарықта сата аламыз», деді ол. Оның айтуынша, бір жылдың ішінде Ресей бензинінің тоннасы 320 доллардан 515 долларға дейін қымбаттаған.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»