Елбасының мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуіндегі Қазақстан Республикасы Конституциясы мен заңдарына өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар жұртшылық тарапынан кең қолдау тауып, саяси маңызы зор талқылауға республика тұрғындары белсене атсалысты. Ата Заңымыздың 23 бабына өзгерістер енгізілетін болды.
Бұл туралы Билік тармақтары арасындағы мемлекеттік өкілеттіктерді қайта бөлу жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысында Мемлекет басшысы атап көрсетті. Ең бастысы, Қазақстанның негізгі саяси моделі сақталып, президенттік республика болып қала береді.
Еліміздің әлемнің өркениетті отыз елінің қатарына кіру бағытындағы демократиялық қадамдары, зор экономикалық әлеуеті күшті президенттік билік арқылы қалыптасқаны талассыз шындық. Өйткені, егемендіктің елең-алаң шағындағы ауыр кезеңдерден мүдіріссіз өту үшін жұртшылықты жұдырықтай жұмылдырып, ортақ арнаға тығыз топтастыра алатын билік күші қажет еді. Осы орайда, Қазақстанда кәсіби Үкіметтің, қуатты Парламенттің, тәуелсіз соттың құрылуына, жас мемлекеттің еңсесін тіктеп, бейбітшіліктің, тұрақтылықтың, бірліктің қамтамасыз етілуіне президенттік билік өлшеусіз әсер еткенін айта кеткен жөн.
Қазір уақыт мүлдем басқа. Қазақстан өз даму жолын анықтап, халықаралық аренада беделді мемлекетке айналды. Зор саяси, әлеуметтік өзгерістерге қол жеткіздік. Енді, міне, Елбасы қазақстандықтардың назарына еліміз үшін аса тағдырлы, маңызды мәселені ұсынып, бүкілхалықтық қолдауға ие болды. Мемлекеттің басқару жүйесін жаңғыртудың өзектілігін алға тарта отырып, Президенттің әлеуметтік-экономикалық үдерістерді реттеудегі біршама өкілеттіктерді Үкіметке, басқа да органдарға беру, сонымен қатар, Парламент рөлін күшейту жөнінде ұсыныстар жасағанын білеміз. Екі бағытта жүргізілетін реформалар мемлекеттің кәсібилігін арттырумен қатар, әр биліктің жауапкершілігін де күшейтері сөзсіз. Мемлекеттік басқару жүйесі заман талабына сәйкес болса, өкілеттік те нығая түсері күмәнсіз.
Меніңше, Конституцияға өзгерістердің енгізілуі бүгінгі күннің талабымен толық үндеседі. Ел басқарудың президенттік жүйесі алға қойған міндеттердің абыроймен орындалуын толық қамтамасыз еткені қазақстандық тәжірибеден белгілі. Конституциялық реформаға байланысты 6 мыңға жуық ұсыныс түсіп, депутаттық корпустың талаптарын күшейту, Үкіметтің міндеттілігін арттыру жөніндегі ой-пікірлер жұртшылықтың белсенді саяси іс-әрекетін көрсетсе керек.
Бір сөзбен айтқанда, конституциялық реформа қоғам тарапынан зор қызығушылық танытып, демократиялық үрдістерге кең жол ашатынын анық аңғартты.
Арай ӘЛІМОВ,
облыс прокурорының орынбасары
Солтүстік Қазақстан облысы