03 Наурыз, 2017

Астананы газдандыру жобасы басталар емес. Неге?!

189 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2012 жылы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында «Астананы қоса алғанда, елдің орталық өңірін газдандыруды қамтамасыз ететін құбыр жүйесін жоспарлап, жүзеге асыруға кірісуді тапсырамын. Бұл – көп қаржыны қажет ететін маңызды жұмыс. Газға тәуелділіктен арылу үшін біз оны жасауымыз керек. Қазақстан – мұнай мен газ өндіретін ел. Біз елімізді газдандыруға міндеттіміз», деп Үкіметке тиісті тапсырма берген болатын. Елбасының осы тапсырмасынан кейін ел­ор­да­мыз­ға газ тартудың екі жобасы әзірленді. Олар «Қарталы – Тобыл – Көкшетау – Астана» магистралі және «Бейнеу – Бозой – Шымкент» құбырына «Қызылорда – Жезқазған – Теміртау – Қарағанды – Астана» магистралін жалғау арқылы «Сарыарқа» газ құбырын салу жобалары. Бірінші жоба бойынша 2012 жылы техникалық-эко­номикалық негіздемесі мен жобалық-сметалық құ­жаттамасын жасауға 4,7 млрд теңге жұмсалды, яғн­и республикалық бюджеттен 2 млрд теңге және «Самұрық-Қазына» қорының тарапынан – 2,7 млрд теңге. Бірақ, Үкіметтің шешімімен, көрсетілген жо­ба­лардың қаралуы мен іске асырылуы белгісіз мер­зімге тоқтатылды. 2013 жылдың 23 қаңтарында өт­кен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет бас­­шысы аталған мәселеге қайта оралып, газ құбыры ма­гистралінің құрылысын жеделдетуді тапсырған. Атал­ған тапсырманың бірінші рет берілгеніне бес жыл толды. Бірақ, 2015 жылы құрылысы аяқталатын жо­ба осы күнге дейін бас­тал­ған да жоқ. Ал қазіргі кезде өзге елдің кәсіпкерлері авто­кө­л­ікпен газ тасымалдап, Астананың бірнеше үлкен ны­санын газдандырып, нарығымызды игеріп, табыс тауып жатыр. Астана қаласы мен газ құбырының бойында ор­наласқан елді мекендерді газдандыру – келе­ше­гі мол, серпінді жобалардың бірі. Болашақта бұл бірқатар өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағ­дайын айтарлықтай жақсартады, өйткені, көгілдір отынның тұтынушылар қатарын азаматтарымызбен бірге ірі кәсіпорындар мен шағын және орта бизнес өкілдері толтырар еді. Мамандардың айтуынша, шыққан шығын орта есеппен алғанда, 5-7 жылда ақталады. Сонымен қатар, Астананың экологиялық ахуалын айтарлықтай жақсартуға да мүмкіндік туар. Бұған Үкіметтегілер не дер екен? Сапар АХМЕТОВ, Мәжіліс депутаты