Заң ғылымдарының докторы, профессор Өзеке Жекебаевтың криминология саласындағы атақ-даңқы әлемдік сипат алғалы қашан. Бұған криминалист ғалымдардың оның көптеген
еңбектеріне жасаған сілтемелері куәлікке жүреді.
Ғалымның туып-өскен жері талай-талай текті тұлғаларды түлеткен Семей топырағы. Жастық дәурені сұрапыл соғыс жылдарына тұспа-тұс келіп, ерте есейген. Ат жалын тартып мінгеннен қабілет-қарымын барынша танытатын қалаулы қызметші, білікті маман болуға талпынған. 1948 жылы Қазақ КСР Әділет министрлігі жанындағы екі жылдық заң мектебін бітірген соң еңбек жолын Алматы облысының Балқаш, Қаскелең аудандарының ішкі істер саласында халық тергеушісі болып бастаған. Сонымен бір мезгілде Алматы мемлекеттік заң институтында оқып, 1953 жылы оны ойдағыдай тәмамдайды. Зерделі жас мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасы, ленинградтық ғалым А.В.Мухин сынды маман, ғалымдардың ықпалымен ғылымның қия шыңына жол тартады.
Мәскеу қаласында КСРО Ғылым академиясының мемлекет және құқық институтының аспирантурасында оқи жүріп, ғылым докторы, профессор В.М. Шуршаловтың жетекшілігімен «Дау-жанжалдарды бейбіт жолмен шешудегі БҰҰ Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік кеңесінің құзыреті және рөлі» деген тақырыпта кандидаттық диссертация жазып, оны 1958 жылы сәтті қорғап шығады.
1975 жылы академик В.Н.Кудрявцевтің ғылыми кеңесшілігімен КСРО Бас прокуратурасының ғылыми-зерттеу институтында «Қылмыскердің жеке басын және қылмыстық мінез-құлқын криминологиялық тұрғыда оқып-зерттеу» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады.
Кандидаттық диссертациясын қорғаған соң, 1958-1966 жылдары КСРО ҒА Философия және құқық институтында кіші, аға ғылыми қызметкер болды, 1966-1994 жылдар аралығында осы институттың қылмыстық-құқықтық ғылымдар бөлімін басқарды. Он жылдан астам уақыт Қазақ гуманитарлық заң институтының (Алматы қ.) қылмыстық құқық және криминология кафедрасының меңгерушісі болды. 2005 жылдан қазіргі таңға дейін Астана қаласындағы Қазақ мемлекеттік заң университетінің қылмыстық, қылмыстық-атқарушылық құқық және криминология кафедрасының профессоры болып келеді.
Ғалым Ө.С.Жекебаев республикадағы криминология ғылымдарының негізін салушылардың бірі. Ұзақ жылдардан бері студенттерге, магистранттарға және докторанттарға қылмыстық құқық (жалпы бөлім), криминология, шет елдердің қылмыстық құқығы, заманауи криминологияның маңызды мәселелері, т.б. бойынша дәріс береді. Оның ғылыми еңбектері тек Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ, Ресей, Беларусь және басқа мемлекеттерде сұранысқа ие.
Өзеке Сүйкінбайұлы Қазақстанның ғылыми-педагогикалық кадрларын даярлау ісіне де есепсіз еңбек сіңірді. Оның ғылыми жетекшілігімен М.С.Нәрікбаев, Р.Т.Нұртаев, Қ.Ж.Балтабаев, т.б. көрнекті ғалым-заңгерлер ғылым жолындағы зерттеу жұмыстарын бастады. Олардың барлығы дерлік кейінде ғылым докторлары атанды.
Жазып, жариялаған ғылыми еңбектерінің жалпы саны 180 баспа табақтан асады. Ғылыми ізденістерінің негізгі салалары – криминология мен қылмыстық құқықтың теориялық, методологиялық және практикалық проблемалары. 1987 жылы жарық көрген «Қылмыстың жай-жапсары және қылмыстық жауаптылық» атты кітабы қазақстандық криминологияны дамытуда үлкен рөл атқарады. Ғалымның «Қылмыстық мінез-құлықтың әлеуметтік-психологиялық аспектілері» атты еңбегінде айшықталған криминологияның әлеуметтік психологиямен тығыз байланысы бар деген тұжырымы криминология ғылымындағы жаңа ұстаным еді. Профессор Ө.С.Жекебаевтың теориялық ой-түйіндері қылмыстық заңнама және сот тәжірибесінде де көрініс тапқан. Ол ТМД елдерінің үлгілік Қылмыстық кодексін (1995 ж.), сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексін (1997 ж.) әзірлеушілердің бірі болды. «Сорос-Қазақстан» халықаралық қорының грант иегері ретінде 2001 жылы корпоративтік құқықтану бойынша алғаш болып кітап дайындап шығарды.
Зерделі ғалымның идеялары заңгерлер қоғамдастығы тарапынан қашанда оң бағасын алып келеді. Алыс-жақын шет елдердің маңдайалды ғалымдары Өзеке Сүйкінбайұлының атақ-даңқына жақсы қанық, айтқан, білдірген ой-пікірлеріне тақ тұрады.
Еліміз егемендік алған соң, отандық заңнамаларды тәуелсіз ел талаптарына сай жаңадан жүйелеу, өз бағытымыз бойынша саралау қажеттігі туындады. Ғасырлар тоғысында Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларында жиі болудың сәті түсті. Ізденіс өрісімізге орай заң саласының корифейлері саналатын сандаған ірі ғалымдардың алдын көрдік. Қазақстандық жас ғалымдар үшін үлкен ғалымдардың пікірі аса маңызды, оны орталықтағылар да қажет етеді. Сонда А.В.Наумов, Н.В.Кузнецова, Г.А.Кригер, В.Н.Кудрявцев сынды ғұлама ғалымдардың «Бізге Жекебаевтың пікірі болса жетіп жатыр» дегеніне сан куә болғанымыз бар. Бұл да болса, ғалымның өлшеусіз абырой-беделін білдірсе керек.
Ғалым ағамен жеке таныстығым ғылымның қия жолына түскен кезеңнен бастау алады. Заң саласына енді ғана ден қойып, теориялық терең білім ала бастаған тұста бізге сол кездегі санаулы ғана ғалым-мамандардың оқулық-кітаптары қатарында Өзеке Сүйкінбайұлының еңбектері де өзінің еркін пайымдауларымен, заң-құқық саласын ізгілендіруге қатысты ой-ұсыныстарымен ерекше назар аудартқан еді.
Ол тәуелсіздігіміз тұғырына орнығып, егемен ел ретінде дербес дамудың сара жолына түсіп жатқан толғақты 90-шы жылдардың бас кезі еді. Барлық мемлекет құрылымы жаңаша бағыт алып, тыңнан түрен салып жатқан тұста қашаннан қағажу көріп келе жатқан айналайын ана тіліміздің босағадағы басын төрге шығару, шын мәнінде, мемлекеттік деңгейге көтеру міндеті де алда тұрды. Ол үшін қазақ тілі кеңсе тілі, ғылым-білім тілі, күнделікті қолданыс тіліне айналуы керек еді. Осы орайда, Өзеке аға дайындық үстіндегі кандидаттық диссертациямды мемлекеттік тілде жазып шықсаң қайтеді деп ұсыныс жасады. Содан мен бірден тәуекелге бел будым да, ғылыми жұмысымды қазақ тілінде орындап шықтым. Ғылыми еңбек мемлекеттік тілде бірінші рет қорғалған толымды дүние ретінде лайықты бағасын алды. Өзеке Сүйкінбайұлы қорғаудан соң жұмысыма ресми оппонент болған заң саласының заңғарлары С.Сартаев, Е.Қайыржановтармен бірге ақ батасын берді, алдағы өміріме ақжол тіледі.
Ақсақал күнделікті қызмет, жұмыс бабында қандай талапшыл, ымырасыз, қатал болса, былайғы өмірде сондай жайсаң, кішіпейіл, қарапайым. Адам бойындағы тазалықты, шынайылықты, адалдықты қасиет тұтады. Көлгірлік, көзбояушылық ол кісіге мүлде жат. Екеуара әңгіменің шебері – тек кәсіби мамандық бойынша ғана емес, басқа рухани-мәдени әдебиеттерді де көп оқиды, көп біледі. Әрдайым ойы тұнық, салиқалы, толғамдары салмақты, сүбелі шығып жатады.
Артынан қара ілеспеген, алдынан қуанышты ұрпағы күтпеген ғалым – ғалым болып жарытпақ емес. Қай кезеңге көз салсаңыз да айтулы ғалымдар алқалы көптің ұйымдастырушысы да бола білген. Осы тұрғыда Ө.С.Жекебаевтың алдын көрген, тәлімін алған мыңдаған шәкірттерінің бірі ретінде бір ауыз лебіз білдіруді жөн көрген едік. Қорыта келгенде, бүгінде 90 атты тұғырлы биікке көтеріліп отырған абыз ақсақалдың өнегелі өмір жолы, ғибратты ғұмыры халқы үшін қашанда құнды, маңызды болып қала береді деп білеміз.
Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты, заң ғылымдарының докторы, ҰҒА корреспондент-мүшесі