03 Наурыз, 2017

Жүкті әйелдер жүгінетін қосымша

222 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Электронды қызметті дамыту – бұл әлемдегі медициналық қызмет көрсетудің жаңа деңгейі. Бүгінде «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, елдің медициналық сервисіне инновациялар енгізу заман талабына сай жаңа кезеңге көтерілген. Осыған байланысты биыл өңірде «Виенна» ЖШС компаниясы мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы «SOS қызметімен дистанциялы босануға дейінгі патронаж» бірлескен жобасын іске қосқан болатын. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев мәлімдегендей, аталған жоба «Денсаулық» бағдарламасының талаптарына толық жауап береді және жүктілік кезіндегі ана мен бала өліміне тосқауыл болмақ. «Бүгінде бұл қосымшаны 700-ден астам жүкті аналар пайдаланып отыр. Қарағанды облысы нәрестелердің шетінеуі бойынша 7-орын және 1000 нәрестеге шаққандағы ана өлімі бойынша 5-орын алады. «SOS қызметімен дистанциялы босануға дейінгі патронаж» осы көрсеткіштерді жүктілік кезінде де, бала туғаннан кейін де 42 күн бойы жақсартуға бағытталған. Бағдарламаны кез келген аяғы ауыр ана ұялы телефонына тегін жүктей алады. Онда алдын алу шараларына байланысты толық ақпарат, пациент пен дәрігердің ынтымақтастығын жақсарту, жедел жәрдем қызметінің сапасын арттыру көзделген», дейді Қарағанды қаласындағы №4 емхананың директоры Салтанат Шайдарова. Жүкті әйелдің жағдайын бақылау, нақты тұрғылықты жерін білу, жедел көмек көрсету смартфон немесе планшетке мобильді қосымша орнату арқылы жүзеге аспақ. Қосымшада дәрігерге арналған виртуалды жұмыс кабинеті жасақталған. Онда дәрігер қаралушының барлық деректерін көре алатын болады. Жалпы, облыстық денсаулық сақтау басқармасының деректеріне сүйенсек, жыл сайын өңірде 22 мың 500 бала дүниеге келеді. Нәресте өлімі 6,9 пайызға төмендеген. Бұл көрсеткіштер аталған қосымша арқылы тағы да жақсара түседі деген сенім бар. Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ