03 Наурыз, 2017

Ұлттық тестілеу орталығының түсіндірмесі

331 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Талапкерлерді Ұлттық бірыңғай тестілеуге даярлау мақсатында «Егемен Қазақстан» газеті мен «Ұлттық тестілеу орталығының» бірлескен жобасы негізінде жарық көрген «Оқу сауаттылығы» бойынша тестілеу материалдары (№42, 1 наурыз, 2017 жыл) қалың оқырманды бей-жай қалдырған жоқ. Жаңа форматтағы тестілеу материалдарының мәтіндік сапасына назар аударған жұртшылық интернет ресурстары мен әлеуметтік желілерде ой-пікірлерін айтып, қызу талқылады. Осыған орай газетімізге «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК-нан келіп түскен түсіндірмені назарларыңызға ұсынып отырмыз. Ұлттық тестілеу орталығының түсіндіруінше, қоғамда шу тудырып отырған тест тапсырмасы сынама (байқау) тестілерінде ғана кездеседі. Қазіргі уақытта аталған сұрақ сынама тест тапсырмалары базасынан алынып тасталды. Халықаралық тәжірибе бойынша оқу сауаттылығын бағалауда түрлі форматтағы мәтіндер қолданылады. Оны жалпылама және жалқы мәтіндер түрінде қарастыруға болады. Жалпылама мәтіндерге бір дүниені көркем-әдеби тілде суреттеу және техникалық сипаттамасын жасау, белгілі бір тақырыптарды талқылау, баяндау, ол туралы пікір мен көзқарас білдіру жатады. Ал жалқы мәтіндерге ақпараттық парақшалар, хабарландырулар, шақырулар, кестелер және графикалар, диаграммалар, карталар және тағы басқалар кіреді. Яғни, байқау сынағында жарияланған «Бұдан кейін кино түсіремін бе, білмеймін» атты режиссер Е.Тұрсыновтың сұхбатының үзіндісі жалпылама мәтінге жатады. Педагогикалық өлшем ережелеріне сәйкес, оқу сауаттылығын бағалау үшін мәтіндерді түрлі ашық дереккөздерден пайдалануға болады (кітаптар, сөздіктер, энциклопедиялар, ғылыми-көпшілік сайттар, газеттер және тағы басқалар). Әлеуметтік желіде сынға ұшыраған тест материалына пайдаланылған мәтін белгілі кинодраматург, режиссер Ермек Тұрсыновтың сұхбатынан алынған. Дереккөзі – https://www.dalanews.kz/17266 сайты. Бұл сұхбат «Қала мен дала» газетінің сайтында 2016 жылдың 10 шілдесінде жарияланған. Сұхбат мәтінінде белгілі тұлғаның жеке өміріне қатысты сұрақ жоқ. Режиссердің отандық кино саласына қатысты жалпы көзқарасы жазылған. Тек Баян Есентаева мен Нұртас Адамбайдың есімдері сұхбат мәтінінде кездесетіндіктен, №14 тапсырмада дистрактор (бұрыс жауап) ретінде қолданылды. Осындай дистракторларды іріктеу әдісі тест тапсырмаларын шығару барысында (тестология саласында) қолданады. Оқушыға алдын ала танысып, тест тапсырмасына жауап беруге тиесілі ақпарат алуы үшін сұхбат мәтіні беріледі. Оқу сауаттылығының сұрақтары оқушының төмендегідей дағдыларын тексеруге арналған: сөз мағынасы мен мәтін құрылымын түсіну, дәлелдер келтіре білу, жеке ойы мен тәжірибесіне сүйене отырып ой қорыту. Бұл мәтін де оқушының жоғарыда айтылған дағдыларды қалыптастыруы, дамытуы және  қабілеттерін тексеруі үшін берілген. Аталған мәтін байқау сынақтары нұсқаларының бірінде ұсынылған. Осы нұсқадағы ҰБТ тапсырмалары еліміздің түкпір-түкпіріне 200 мыңнан астам таралыммен тарайтын «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланды. Осылайша, интернет желісіне қолы жетпейтін, онлайн байқау сынағын тапсыруға мүмкіндігі жоқ алыс өңірлердегі оқушыларға жаңа формат бойынша ҰБТ-ға дайындалу мүмкіндігі қарастырылып отыр. Еліміздің бас басылымы арқылы оқушылар биылғы ҰБТ-да кездесетін тапсырмалар үлгісімен танысып, емтиханға дайындала алады.