03 Наурыз, 2017

Ауыл шаруашылығы министрлігінің кеңейтілген отырысы өтті

137 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Бүгін Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен Ауыл шаруашылығы министрлігі алқасының кеңейтілген отырысы болып өтті. Онда Елбасының Жолдауда айтқан тапсырмаларын жүзеге асыру жолдарымен АӨК-ті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы талқыланды, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі. Елбасы жаңа Жолдауында агроөнеркәсіптік кешенді болашағы зор салалардың бірі ретінде кезекті рет атап көрсетті. Министрліктің алдында АӨК-ті Қазақстан экономикасының жаңа драйверіне айналдыру жөнінде нақты міндеттер қойылып отыр. Бүгінде Қазақстанның әлемдік азық-түлік нарығында өз орнын алуы және ең алдымен, экологиялық таза тағам өнімі арқылы бірінші орынды иеленуі еліміздің басты мақсаты болып саналады. Алға қойған мақсаттарға толығымен қол жеткізу үшін Елбасымыз биыл 14 ақпанда АӨК-ті дамытуда жаңа Мемлекеттік бағдарламаны бекітті. Бағдарламаның басты артықшылықтары: ішкі нарықты арттыру және отандық өнімнің экспорттық әлеуетін дамыту, ауылшаруашылық кооперациясына шағын және орта шаруашылықтарды тарту, су ресурстарын тиімді пайдалану және сауда-логистикалық инфрақұрылымды дамыту болып есептеледі. Мемлекеттік бағдарламаның тапсырмаларын орындау және жақсы көрсеткіштерге қол жеткізу мақсатында 28 ақпандағы Үкімет отырысында мақұлданған келесідей іс-шаралар жоспары жасалды. Бағдарламаны жүзеге асырудағы негізгі тәсілдің бірі – шағын және орта шаруашылықтарды ауылшаруашылық кооперациясына тарту. Елбасының тапсырмасымен өткен жылдан бері аталған жоба іске асырыла бастаған болатын. 15 мың жеке қосалқы шаруашылықты қамтыған 157 кооператив құрылды. Олардың базасында жүзден аса сүт қабылдайтын пункт және жеті мың отбасылық мал жемдеу орындары ұйымдастырылды. 2017 жылы әкімдіктер 410 кооператив құру туралы жоспарлауда (Мемлекеттік бағдарлама аясында 326 АШК). Ішкі нарықты толтыру мен отандық өнімнің экспорттық әлеуетін дамыту және мемлекеттік көмектің қаржылық шараларын тиімді пайдалану үшін сезімтал тауарлар импортының орнын алмастыруда нақты индикаторлар белгіленді, экспортты ұлғайту және мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылды. Субсидияның 11 тиімсіз түрін қолданыстан алды, субсидияның 39 түрінің нормативіне өзгерістер енгізілді. Нәтижесінде, сол бюджет көлемінде мемлекеттік қолдау шараларының өндірушілерді қамтуы 7,5 есеге ұлғаяды (67-ден 500 мыңға дейін) және ең алдымен, шағын шаруашылықтар мен кооперативтер қамтылады. Соған қоса, жаңа механизмдер соңғы нәтижеге бағытталған. Яғни, өнімділік, салмақ өсімі мен өндірушілік қуатын толықтай жұмыс істету. Сонымен қатар, мемлекеттік реттеуді цифрлық технологияларға көшіру көзделуде. Нақты тоқталсақ, субсидияларды автоматтандыру процесі енгізіледі. Бүгінгі күні субсидиялардың 17 бағытының екеуі – асыл тұқымды мал шаруашылығы, тыңайтқыштар бойынша ғана өтінім Электрондық үкімет порталы арқылы беріледі. Осы жылы пайыздық мөлшерлеме, тыңайтқыштар, гербицидтер бойынша толық автоматтандыру іске асырылады. Келесі жылы барлық субсидияларды беру процесін автоматтандыруды жоспарлап отырмыз. Бұл өтінімдерді қарау мерзімін орташа есеппен 2,5 есеге – 18 күннен 7 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл шара субсидия беру кезіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетеді. 2021 жылға дейін азық-түлік өнімдерін экспорттауды 40%-ға ұлғайтуды міндеттейтін нақты тапсырмалар бар. Осы тапсырмаларды орындау үшін әр жылға шағылған нақты индикаторлар белгіленген. Биыл экспортты 10% ұлғайту көзделіп отыр. Су және жер ресурстарын тиімді пайдалану жөніндегі тапсырмалар аясында: 41 апаттық жағдайдағы су шаруашылық жүйесін және гидротехникалық құрылыстарды реконструкциялау, 22 жаңа су қоймасын салу, жер суару инфрақұрылымын және дренаждық жүйе құрылысын қалпына келтіру бойынша шаралар жүзеге асады. Жоғарыда белгіленген шаралар Елбасының 600 мың гектардан аса жерді тұрақты суландыра отырып, 2021 жылы оның көлемін 2 млн. гектарға жеткізу туралы тапсырмасын орындауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Мемелекеттік бағдарлама аясында, тыңайтқыштарды субсидиялау механизмін қарастыру тыңайту көлемін 376 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.