Фаризаны білмейтін жан кемде-кем шығар. Ақын Фаризаны! Бірде ақын-ананың мейірім-шапағатын көрген адаммен дәмдес болғаным бар. Өзін Гүлнармын деп таныстырған етжеңді, аққұба келіншектің кәсібі – шаштараздық. Марқұм Фаризаның шашын үнемі осы Гүлнар түзетеді екен. «Түсі суықтау көрінгенімен, жаны жұмсақ, көңілі қамқор еді, ол кісі шаштаразға келген күн біз үшін мереке болатын. Рухани байытып кететін. Шынын айтсам, әдебиеттен алыс менің санама өлеңнің құдіретін сіңірген де сол кісі. Қазір жұмыстан келген соң кемінде бір өлең оқуды әдетке айналдырдым» деп сол күндерді сағынышпен еске алады шаштараз. «Балам Асқар үйленіп, екі ай бұрын билетті табыстап, тойға шақырдым. Барамын», деді. Іштей көңіл-ниетіне риза болып жүрдік. Өйткені, қазақтың Фаризасы келмек. Той болады деген күні апаның келіні қоңырау шалды. «Тәте, анамызға сіз өзіңіз айтып тоқтатпасаңыз, тойға баруым керек», деп бой бермей отыр. Сырқаты үдеп кетті. Уколмен ғана жанын шақыруда», – деп өтініш айтқан соң ол кісінің маған деген көңілінің түзулігін, оны жақсы білетінімді, өкпемнің жоқ екенін жеткізіп қоңырау шалдым. Бірақ «Болмайды, балама барып бата беріп кетуім керек», – деп табандап отырып алған соң, алғашқы тілек кезегін алатынын айтып лажсыз көнуіме тура келді. Фариза апай кіріп келгенде жиналған жұрт дүр көтеріліп қол шапалағымен қошемет көрсетті. Ақын анам ақ тілегін арнады, жас жұбайларға бәтуалы батасын берді. Балаларым осы күндері сол жарты-ақ сағаттық сәтті ауыздарынан тастамай айтып келеді. Тойды тарқатып болғаннан кейін хабарласамын ғой деп жүргенімде, қаһарлы қаңтарда қаралы хабар естідім.
Сол күні апамен танысқан сонау 2002 жылдан бергі ғұмыр көз алдымнан кинотаспадай сырғып өте берді. Желтоқсан мен Абай көшесі қиылысындағы Парламент үйі болатын. Мен сонда шаштараз болып істейтін едім. Бір күні Фариза апай кіріп келді. – Қыздар кемпірдің шашын кім түзейді? – деді жан-жағын шола қарап. – Менің қолым бос еді, келіңіз апай, – деп құрақ ұштым. Сол кезде ол кісінің ақын Фариза екенінен бейхабар едім. «Шебердің инесі де ілкімді болады, қайшы қолыңда ойнайды екен», деп көңілімді бір көтеріп, жөн сұрай бастады. – Сіңлім болдың, – деді ақырында. Шынында, кейіннен туған апа-сіңлідей болып кеттік. Көрмесек сағынамыз. Сондай сәттерде көлік жіберіп үйіне алдырып сырласатынбыз. – Үйің бар ма? – деді бірде. 4 жан қуықтай бір бөлмелі жатақханада тұратынымызды айттым. – Ипотека деген тұрғын үй жүйесі жүзеге асырылып жатыр. Соған талпынсаң қайтеді, несие ұзақ мерзімге берілетін көрінеді. Қаржыдан қысылма, көптеп көмектерміз, алғашқы жарнасын төлесең болды, деп қолыма қомақты ақша ұстатты. Кейін сол ақшаны қайтарып едім, алмады. «Үйіңе көрімдігім!» – деді. Тағы бірде кешке қарай айдың-күннің аманында екі көзім тас қараңғы болып, көрмей қалды. Жан ұшырған қызым жедел-жәрдем шақырып, ауруханаға түстім. Сол кезде Фариза апаның қоңырау шалып қалмасы бар ма? Мән-жайды ұққан апам құстай ұшып келіп қамқорлығын көрсетті.
Таяуда ғана Фариза апаның қайтқанының 3 жылдығына баласы Алмас үйінде құдайы-ас беріп, Құран оқытты. Марқұмның қасиеттерін тілге тиек еткен жиналғандар ошағының отын өшірмей отырған балаларына ұзақ ғұмыр тілеп, қол жайып, бет сипады. «Орнында бар оңалар» деген осы екен», деп шаштараз Гүлнар Аппазова сөзін аяқтап, ауыр күрсінді.
Қарапайым жанның осынау әңгімесінен Фариза апайдың өмірде өте қарапайым, қашанда адам баласына көмек қолын созуға дайын тұратын жанашыр жан болғанына тағы бір көз жеткіздік.
Айтқадыр ТІЛЕУОВ