Елімізде демократиялық даму жолында бір көптен күткен қадам жасалды. Тоқсаныншы жылдардағы Қазақстан есімізде. Айтыс-тартыс Парламенттің ішінде де, сыртында да жүріп жататын. Істен сөз көп болатын. Халық қит етсе митингілеп, көшеге шығатын.
Өйткені, бізге, отарлық қамытынан кеше ғана құтылған елге дамыған капитализмді дереу орнату қажет болды. Бірақ, ол «жұмақты» бір күнде орнатуға экономикалық та, саяси да шама жоқ-тын. Қашан орнайды деп күтіп отыруға тағы болмайтын. Қарны ашқан халықтың Үкіметке бас салуы да ғажап емес еді.
Сол аласапыранды болдырмау үшін шұғыл шешім қабылдайтын Үкімет керек болды. Сондықтан да Президент Парламенттің де, Үкіметтің де негізгі билігін өз қолына алды. «Диктатура!» деген айқайлар шықты. Іштен де, сырттан да. Алайда, халық Назарбаевқа сенді.
Өйткені, ол бұған дейін Үкіметті талай жыл басқарып, сенімге ие болған. Сонымен қатар, ол еліміздегі көп ұлтты шаруа халықпен де, жұмысшы халықпен де ортақ тіл таба білетін туған топырақтың төл перзенті еді. Сол тұсқа сай бұл таңдау, президенттік биліктің бірден-бір дұрыс таңдау болғанын тарих дәлелдеді. Қазақстан шаруашылығы тұралап қалған елден 25 жыл ішінде әлемнің алдыңғы қатарлы 50 елінің санатына шықты. Аймақтық көшбасшыға айналды.
Енді осы тұста Президент қолына шоғырланған биліктің белгілі бір бөлігін Парламент пен Үкіметке қайтарып беруге шешім қабылдады. Ата Заңға өзгерістер ұсынылды. Парламент бұл өзгерістерді мақұлдады. Енді Парламенттің де, Үкіметтің де рөлі күшейді.
Бірақ, бұл деген сөз, президенттік билікті әлсірету емес, біздіңше. Биліктің парламенттік және үкіметтік тармақтарын күшейту ғана. Олардың жауапкершілігін күшейту. Бұл – дамыған демократиялық елдер тәжірибесі. Бұл ұсынысты Қазақстанды бұрынғыдан да қарқынды дамуға бастайтын тарихи қадам деп білеміз.
Смағұл ЕЛУБАЕВ,
жазушы
АЛМАТЫ