Шымкентте грек-рим, еркін күрес және әйелдер күресінен Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті. Күрестің бұл түрлері Олимпиада бағдарламасына кіретін болғандықтан, Ұлттық құраманың мүшелері қатаң сыннан өтіп барып, осы турнирде анықталды.
Жарысқа 14 облыс пен Астана және Алматы қалаларынан 600-ге жуық балуан қатысты.
Күрестің алғашқы күні сенсациямен басталды. Бас бәйгені шаппай алады деп отырған Нұрмахан Тінәлиев ақтық айқаста оңтүстікқазақстандық Дамир Күзенбаевтың қанжығасында кетті. Дамирдің бұл жеңісін кездейсоқтыққа балау қиын. Өйткені, ол өткен жылы да Қазақстан чемпионатында топ жарған. Бірақ, ол жарысқа Нұрмахан қатыспаған болатын.
Қалай десе де, халықаралық жарыстарда талай рет жеңіс тойын тойлап, ұлтының мерейін үстем еткен, Олимпия ойындарының жеңімпазы Хасан Бароевтың өзін сан соқтырып кеткен Нұрмаханның соңғы кездері жолы болмай жүр. Лондон Олимпиадасында алғашқы кездесуінде ұтылды. Рио-де-Жанейрода жолы оңғарылмады. Екеуінде де соқыр ұпай ала алмай, құр қайтты. Жанкүйер деген кей ретте қатал да халық қой. Балуан Шолақтың аталас інісін, мүмкін шөбересін еңсерген Дамирге қатты қолдау көрсетіп, сарайды бастарына көтеріп әкете жаздады.
Рио Олимпиадасына грек-рим күресінен үш қана балуан барған. Нұрмахан Тінәлиевтің жайын айттық. Досжан Қортықов болса бұл күнде салмақ ауыстырған, көптен бері жарыстардан көрінбей кеткен Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Даниал Гаджиевтен аса алмады. Қоланы місе тұтты.
Салмағы ауырлаған Алмат Кебісбаев қана ел чемпионы атанды. Лондон Олимпиадасы қарсаңында халықаралық сарапшылар Алмат Кебісбаевты олимпиада ойындарының жеңімпазы қатарына қосқан еді. Бірақ, жарысты әдемі бастаған Алмат күші сарқылып, орта жолда қалып қойды. Рио Олимпиадасында да екінші белдесуінде әлемнің алты дүркін чемпионы, Олимпия ойындарының жеңімпазы Хамит Сорианның аптығын басқанымен, келесі кезеңге өте алмаған. Алматқа Республика біріншілігі оңайға түскен жоқ. Соңынан ерген бөлтіріктер жетіліп қалыпты. Абадандыққа үміті барлардың жан беріп, жан алған айқасын көрдік.
Грек-рим және еркін күрестен өткен ел чемпионатында талай жанкешті белдесулердің куәсі болдық. Кейбір балуандар қажетті ұпайларын алған соң, соңғы минуттарда босаңси бастайды. Қазақстандағы атақты балуандардың бірі Татьяна Аманжол сәл босаңсып еді, қарсыласы Марина Седнева ішке бір қадам аттап кіріп, екпінінен айырып, мойнын бұраған күйі аспандатып әкеліп кілемге жауырынымен жаншыды.
Алғашқы кезеңде 3:0 есебімен жас пері Болат Сақаевқа (Алматы қаласы) ұтылып жатқан қызылордалық сақа балуан Ғалымжан Өсербаев белдесу аяқталуға 7 секунд қалғанда жеңісті жұлып кетті. Болаттың аяғына жармасқан күйі тік көтеріп кетіп, көкпарда салым салғандай кілем сыртына итеріп шығарып, жамбаспен отырғызды.
57 килода күрескен ақтөбелік Нұрислам Санаев нағыз дер шағында екен. Кілемге шақырылғаннан текежәуміт арғымақтай орнында тықыршып тұрмайтын Нұрисламның қимылы жойқын, жылдамдығы атқан оқтай. Алдаусыратып тұрып, аяққа өтіп кетсе әдемі әдіс жасамай қоймайды екен.
61 келі салмақта белдескен, Лондон Олимпиадасының дуын көрген қызылордалық Дәулет Ниязбеков те финалда қарсыласы Қайрат Әміртаевқа соқыр ұпай ұстатқан жоқ.
Биылғы жылдың басты жаңалықтарының бірі – даңқты балуан Дәулет Тұрлыхановтың грек-рим күресі федерациясының вице-президенті болып тағайындалуы. Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінің бас хатшысы, әрі грек-рим, еркін және қыздар күресі федерациясының вице-президенті Данияр Әбілғазин осы тағайындау жөнінде ойын былай жеткізген еді. «Дәулет Тұрлыхановтың федерацияға келуінен жаңа, нәтижелі жұмыс күтіп отырмыз. Ол спортшы ретінде өте биік белестерді бағындырды, бапкер ретінде талантты спортшыларды тәрбиеледі. Басшы ретінде де жақсы ұйымдастырылған шаралардың бастауында болды.
Дүние жүзіне әйгілі балуан Дәулет Болатұлынан күтеріміз көп. Жаттығу базалары бар, балуандарға барынша жағдай туғызылған. Енді тек жақсы дайындық керек. Төрешілеріміздің, бапкерлеріміздің білігін өсіру мақсатында шетелден тәжірибелі мамандарды тартуға дайынбыз», деген.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
ШЫМКЕНТ
«Балуандарға жанкештілік жетіспейді»
Шымкенттегі жарыс қарсаңында Дәулет Тұрлыхановқа бірталай сұрақтар қойған едік. Даңқты балуан ойын былай тұжырды: «Құрама жастармен толығады. Бұл
заңды құбылыс. Кеше ғана Рио-2016 Олимпиадасы өтті, жаңғырығын білесіздер. Грек-рим мен еркін күрестен ерлер құрамасы ешқандай нәтиже көрсете алма-
ды. Сол балуандарға барлық жағдай жасалды, бапкерлердің жұмыс жоспарына, оқу-жаттығу жиынына сырттан араласқан ешкім жоқ. Яғни, бапкерлеріміз біз күткен үдеден шыға алмады. Жігіттеріміздің көзінен жеңіске деген жарқылдаған от көре алмадық. Сондықтан, атқарушы комитеттің шешімімен екі құрамада бас бапкерлер ауысты. Грек-рим күресінен Нұрым Дүйсенов, еркін күрестен Әсет Серікбаев Ұлттық құраманы дайындайтын болады. Жарысты байқап отырсыз,бұра тарту жоқ, кім мықты – сол жеңіске жетіп жатыр. Төрешілеріміздің қатарына «Алтын ысқырық» атағын алған шетелдік мықты қазыларды да шақырдық. Өзіміздің жігіттерге сенбегендіктен емес, жақсы тәжірибесін
алу, өзара біліктілік алмасу үшін. Құрамамыздың бас балуаны Нұрмахан Тінәлиев қарсыласынан жеңіліп қалды. Бұл да ащы сабақ. Бұған дейін бәрін қапысыз жеңіп жүрген балуан бұл жолы да жеңемін деген үстірт сезіммен келсе, ол іске аспады. Күреске түскенде сенің бұрынғы жиған-терген атағың, ел алдындағы беделің бәрі кілемнің сыртында қалады. Оның үстіне, құрама серкелерінің алды отыз жастан асып кетті. Тәжірибе бар болғанымен жылдамдық азайған, күш те қалыптағыдай емес. Оның бір мысалын еркін күрестегі алыбымыз, кеше ғана Рио Олимпиадасына барған Дәулет Шабанбайдың күресінен байқаған боларсыз. Өзінің жерлесі, өкшесін басып келе жатқан ізбасары Дмитрий Поповқа есе
жіберді. Талапты жастар өсіп келеді. Енді олар аға буынның тәжірибесімен толысып, үлкен сындарда жүлде ала бастау керек. Кавказ балуандары әдіс-айласы жетпей
жатқан жерде өршеленіп, қарсыласының мысын басып кетеді. Соңғы демі таусылғанша күреседі. Осындай рух, жанкештілік біздің балуандарға керек. Жаңа құрама бапкерлері
осындай олқылықтардың орнын толтырады деп сенемін». Тағы бір қуанғанымыз, еліміздің грек-рим, еркін күрес және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті Ерлан
Қожасбай «Ұлттық құрамаға шетелден легионерлер шақырмаймыз, өз жігіттеріміз күреседі», деді. Біздің есімізге Бейжің Олимпиадасында
жүрек сыздатқан жағдай түскен. Қазақстан атынан күресіп, финалда жеңілген Теймураз Тегиев өзіне берілген Қазақ елінің байрағын кері серпіп тастаған еді. Ашуы бойына сый-
май тұрған шығар. Жеңілгеніне. Қазақ рәмізін менсінбейтін, бірақ, қазақ берген мүмкіндікті, ақшаны ұялмай алатын мұндай келімсектер кімнің көсегесін көгертеді?! Өзегінен тепсең
де кетпейтін өз балуандарыңа не жетсін. Ерланның тоқтамына қуанғанымыз сол.