Кадр саясатында «100 нақты қадам» Ұлт жоспары темірқазық етіп алынады. Соған сәйкес, мемлекеттік билік органдарының қызметін жетілдіруге бағытталған іріктеу, біліктілікті арттыру жөнінде жұмыстар қолға алынса, соның негізгісі 2017 жылдың бірінші жартысында басталған «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерін аттестаттау болып табылады.
Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби деңгейін лауазымы бойынша біліктілік талаптарын сай келтіруге бағытталған аттестаттау мемлекеттік аппараттың кадрлық әлеуетін объективті түрде бағалауға және ұтымды пайдалануға септігін тигізетіні анық. Атқаратын лауазымдық санатына сай үш деңгейде өткізілетін аттестаттаудың нәтижесі мемлекеттік қызметшілердің құзыреттілігін дамыту арқылы олардың біліктілік сапасын арттырады деген пікірдемін. Сонымен қатар, аталған сынақ нәтижесінде білімі мен еңбек тәжірибесінен бөлек, әлсіз тұстары анықталған қызметкерлерге өз кемшіліктерін түзетіп, кәсіби біліктілігін шыңдау үшін мүмкіндік беріледі.
Қызметшілерді аттестаттау кадрлық саясаттағы және мемлекеттік басқару қызметіндегі демократиялық негіздерді кеңейтудің құқықтық құралы және мемлекеттік органдардағы мақсатты және болжамды кадр саясатын қалыптастыруды іске асыру мен қамтамасыз етудің амалы болып табылады. Бұл аттестаттаудың үш жылда бір рет өткізілген бұрынғы аттестаттаудан басты айырмашылығы бар, ол – бір жолғы және кешенді сипаттылығы.
Мемлекеттік қызметшілер арнайы автоматтандырылған бағдарламаларды қолдану арқылы нақты лауазымда тиімді қызмет атқаруы үшін олардың қажетті құзыреттіліктері бағаланатын болады. Ол кәсіби даярлық деңгейін анықтау ғана емес, сондай-ақ, одан әрі дамыту мен мансаптық ілгерілету үшін қызметшілердің әлеуетін анықтайды. Осыған байланысты, аттестаттау комиссиясының қызметшіні жоғарылату туралы шешiмді қа-
былдай алатындығы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы»
Заңында көрсетілген.
Елімізде 2011 жылы да мемлекеттік қызметшілерді аттестаттау өткен болатын. Ол кезде 14,6 мың мемлекеттік қызметшінің 13,3 мыңы атқарып отырған лауазымына сәйкес деп танылған. Бұл жолы бүкіл ел бойынша 65 мың мемлекеттік қызметші аттестаттаудан өтуге қатысады. Бұл еліміздің жаңа тарихында бұрын-соңды болмаған жоғары және елеулі емтихан болмақ.
Жалпы, мемлекеттік қызметші қызметінің тиімділігін не үшін бағалау қажет? Егер қызметшілердің жұмысы жалпы қоғамның мұқтажына сәйкес келсе, онда бұл жағдайда мемлекеттік қызметшілер қызметінің әлеуметтік тиімділігі жоғары болады. Мемлекеттік қызметшілер қызметінің тиімділігі осы тұрғыдан бағаланады. Ал бұл, өз кезегінде, Қазақстан Президентінің сөздерінде жиі атап өтілетін меритократия мен транспаренттік қағидаттарын нығайту тиімділігінің көрінісі болып табылады.
Бүгінгі таңда Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі кешенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, республикалық және облыстық деңгейдегі мемлекеттік органдар аудандар мен қалалардың, сонымен қатар, ауылдық аумақтардың мемлекеттік қызметшілеріне аттестаттау жөніндегі ақпараттарды жеткізуде. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарында да, интернет желісі арқылы да мемлекеттік қызмет және қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Аталған шаралар шеңберінде мемлекеттік қызметшілердің өздерін толғандырған сауалдар қойғанына куә болдым. Әсіресе, жұмыстан босату мәселесі ең жиі көтеріледі.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Б» корпусындағы әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің кешенді аттестаттауын 2017 жылы өткізу жөніндегі Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Бұл барлық мемлекеттік қызметшілерді сілкінтіп, оларды сергектікке бастады. Осылайша, Президент Жарлығына сәйкес аттестаттау нәтижесі бойынша біліктілігін, кәсібилігін дәлел-
дей алмаған мамандарға аттестаттау комиссиясы оларды төменгі лауазымға ауыстыруға ұсыныс білдіреді. Егер мемлекеттік органда төменгі лауазым болмаған жағдайда, маман қызметінен босатылады. Ең маңыздысы, егер мемлекеттік қызметшінің білімі өз лауазымына сәйкес келмейтін болса, мемлекеттік қызмет көрсету сапасы төмен болса, өзінің мүддесін халықтың және мемлекеттің мүддесінен жоғары қойып, дүниеқорлығын тыя алмаса, заң бұзушылық фактілерін жиі жіберсе, аттестаттау комиссиясының аталған шешімді қабылдауы дұрыс дер едім.
Сондықтан, мемлекеттік қызметшілерге бұл мәселеге осы кезден бастап аса мән беріп, мұқият болған жөн. Мен өз атымнан, мемлекеттік қызметтің ардагері ретінде, мемлекеттік қызметшілердің аттестаттаудан өтуін дұрыс әрі орынды деп есептеймін. Өйткені, әр мемлекеттік қызметшінің міндеті – халыққа қызмет ету, сондықтан мемлекеттік қызметшілерді бағалау үшін құрылған аттестаттау комиссияларының құрамына азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуы өте орынды жайт және салмақты шешім деп білемін. Аталған қағидаттардың сақталуы ең лайықты кадрларды іріктеуді, олар-
дың жеке сіңірген еңбектерін бағалау негізінде кәсіптік және мансаптық ілгерілетуді қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл – Елбасының жаңа кәсіби мемлекеттік аппарат құру тапсырмасын орындау мақсатындағы үлкен саяси шара.
Тоқтарбай ҚАДАМБАЕВ,
мемлекеттік қызмет ардагері
ҚОСТАНАЙ