14 Сәуір, 2011

Игі ізденіс

451 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
АУЫЛ МЕН ҚАЛА МЕКТЕПТЕРІНДЕГІ БІЛІМ ДЕҢГЕЙЛЕРІН ТЕҢЕСТІРМЕК Техниканың дамуы, техно­ло­гияның өрістеуі білім сала­сы­на да тың өзгерістер әкеліп, оқытудың үдемелі үдерісіне жол ашып жатыр. Соның бірі электрондық оқыту жүйесі дер едік. Отандық білім беруді да­мытудың 2020 жылға дейінгі мем­лекеттік басым бағыт­та­ры­ның бірі осы электрондық оқы­ту жөніндегі ізденіс деуге бо­лады. Осы мәселе туралы Білім және ғылым министрлігінде ар­найы брифинг өткізіліп, оқыту­дың жаңа жүйесі туралы жан-жақты мәліметтер берілді. Ми­нистрліктің Стратегиялық жоспарлау және ақпараттық технологиялар департаментінің ди­рек­торы Нұрғали Аршабеков­тың айтуына қарағанда, алға мақсат етіп қойған жас ұрпаққа өмірлік білім беру қағидасы оқытудың жаңа ресурстарымен толықтырылып, жылдамдығы 4-10 мбит/сек болатын кең жо­лақ­ты интернет арқылы іске асы­рылмақ. Яғни, электрондық оқыту жүйесін енгізу арқылы оқу процесін автоматтандыру және статистиканы, нақтылай түс­сек электрондық журнал, кітапхана, сабақ кестесі, күнде­лік, ата-анаға sms-хабарлама ар­қылы мәліметтер беріп отыру көзделген. Мұндай ізденіс Жапонияда әлдеқашан жүзеге ас­ып, әр оқушы жеке компьютерді кітаппен қатар қолдану ар­қылы электрондық оқулықты да қоса пайдалана алады екен. Бұл оқушының білім алуға қол жетімділігін арттырумен қатар, мұ­ғалімдердің ізденісіне де мүм­кіндік туғызып, әлемдік ке­ңістікке шығуына жол ашады. Басты мақсатына келетін бол­сақ, мектепке дейінгі, бастауыш сыныптарда оқушылар жас ерек­шеліктеріне қарай ойын түрлерімен ой-өрісін кеңейту, бесінші сыныптан бастап оқу­лықты іске қосуға баулу, ал жо­ғары оқу орындарында бұл ғы­лыми зерттеулер жасауға жағ­дай жасау, т.б. Әрине, мұндай әлемдік істі жүзеге асыруға дайындық жұ­мыс­тары қалай атқарылуда дегенге келер болсақ, ол қазірден бастап қолға алыныпты. Бұл екі кезең де жүзеге асырылады. 2011-2015 жылдары кең жолақ­ты интернетке қосылып, он оқу­шы бір компьютерде жұмыс істейтін болса, 2016-2020 жыл­дары әрбір оқушыға жеке компьютер қойылады. Осы ізденіс ауыл мектебі мен қала мек­тебінің арасындағы алшақтық­ты жоя отырып, бір деңгейде білім алуға жағдай жасамақ. Қа­зіргі кезде ауыл мектептеріндегі компьютер, интерактивті тақ­та­лардың жетіспеушілігі жойыл­мақ. Осы істің нормативтік-құ­қықтық базасын халықаралық стандарттарға сай жасау, мамандар әзірлеу мәселесі бірінші кезекке шығарылыпты. Мыса­лы, тапсырмалар мен ережелерді, стандарттарды мектепке, кә­сіптік білім беретін мекемелерге, жоғары оқу орындарына лай­ықтау жұмысына қаржы мо­лынан қарастырылған. Мыса­лы, электронды оқу жүйесін пай­далану бойынша біліктілікті арттыру курстарына биыл 184,8 миллион теңге бөлінсе, 5-11 сы­ныптарға арналған сандық білім ресустарына республи­ка­лық бюджеттен 203, 1 миллион теңге қарастырылған екен. 2011-2012 жаңа оқу жылынан бастап Алматы, Астана қала­ла­ры мен Қарағанды облысының 44 білім беру мекемесінде пи­лот­тық жоба іске қосылса, келесі жылы мұндай ізденіс 537 білім беру ұясында орнығатын болады. 2013 жылы бұл көрсет­кіш 926-ға жетеді. Жалпы, 2 жыл­ға бөлінген қаржы 39,5 мил­лиард теңге екен. Осы арада мына бір нәрсені айта кет­кенді мақұл көріп отырмыз. Ол – электрондық оқулық кі­тап­тың орнын басады деген ой болмау керектігі. Кітап қашанда өз құнын жоймайды. Тек сол кітапқа көмекші құрал, қа­шық­тықтан оқытуды баянды ету жұмысын орнықтыру. Әсіресе, бұл ізденіс Отанымыздағы мектепке бара алмай отырған 900 мыңнан аса ұл мен қызға үлкен септігін тигізбек. Олардың әр­қай­сысы жеке компьютерге ие бо­лып, қашықтықтан оқыту бой­ынша үздіксіз білім алуына мүмкіндік жасалынады. Мұн­дай қадам ауыл баласына да, қалада тұратын оқушыларға да тең дәрежеде көрсетіледі. Сүлеймен МӘМЕТ.