09 Наурыз, 2017

2017 жылы несие нарығы қалай өзгереді?

373 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақстандағы несие нарығы 2016 жылы айтарлықтай өзгерді. Бір жылда жеке тұлғалардың мерзімі өтіп кеткен несиелері 10,3%-дан 9,5%-ға төмендеді. Банктер кепілзатсыз несиенің пайызын төмендетіп, сапалы тұтынушыларды іздеуде. Нәтижесінде бөлшек несие нарығы тарыла бастады. 2017 жылдың қаңтар айында жеке тұлғалардың несие портфелі 0,4 пайызға (16,3 млрд теңге) төмендеп, 4 трлн теңгені құрады. 2016 жылы банктер несие беруді азайта бастағаны биыл тағы қайталануы мүмкін деген пікір айтуға әлі ерте. Өйткені, жыл басында, әдетте, халық жаңажылдық шығыннан кейін көпке дейін несиеге жоламай тұра тұрады. 2016 жылы да қаңтарда несие портфелі 0,3 пайызға азайған болатын. Дегенмен, 2017 жылы бірінші рет несие алушылар қатары көбейген. Бір ай ішінде 197,4 млрд теңгенің несиесі берілген. Бұл өткен жылдың қаңтарымен салыстырғанда 70,9 пайызға артық. Екінші деңгейлі банктердің портфеліндегі бөлшек несие көлемі 31,4 пайыздан 32,2 пайызға артты. Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылы бөлшек несие беру көрсеткіші күрт төмендеген. Оған себеп болған фактор соңғы бес жылда халықтың жаппай несиеге бет бұруы. 2016 жыл соңына дейін бөлшек несие беру көрсеткіші 2010 жылғымен салыстырғанда 89,2 млрд теңгеге төмендеді. Сонымен қатар, бөлшек несиенің азаюы осы нарықтағы Ұлттық банктің бақылау тетіктерінің күшейтілуі. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап несие беру үшін банктердің несие тарихы мен нақты табыс көлемінің тексерілуі талап етілді. Егер несиеге өтініш беруші тұлғаның ай сайынғы несие төлемінің көлемі жалпы табысының 35 пайызынан асып кететін босла, және несие тарихында кемшіліктер болса, онда банк өтінішті қанағаттандырмайды. Қазіргі таңда айлық жалақы табысы бар адамдарға кепілзатсыз несие беретін елде  17 банктің 30 ұсынысы бар. Ал нарықта жалпы экспресс несие беруші 18 банктің 46 ұсынысы жұмыс істейді. Барлық банктердің орташа пайыздық үстеме ақысы 30,3 пайызды құрайды. Ал бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 32,1 пайыз еді. Қазір ең төменгі пайыздық көрсеткіш Қазком банкі (16,3 пайыз), одан кейін АТФ Банкі (17,2%), үшінші орында (Kaspi банкі 21,4%). Ең көп сома ұсынатын банктердің көш басында да Қазком (6 млн теңге), одан кейін 7 банк (5 млн теңге).