13 Наурыз, 2017

Негізгі міндет – әлеуметтің әлеуетін әлсіретпеу

120 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Кеше Үкіметте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова брифинг өткізіп, министрліктің атқарып жатқан жұмыстары мен алдағы жоспарына тоқталды. «Біз әлеуметтік жағдай туралы сөз қозғасақ, ең бірінші халықтың жұмыс­пен қамтылуына баса назар ауда­руымыз керек. Министрлік осыны ескере отырып үстіміздегі жыл­дың 1 қаңтарынан бастап Нәти­желі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың жаңа мем­лекеттік бағдарламасын жүзеге асыруды қолға алған болатын. Бағдарлама аясында азаматтарға 1-ші және 2-ші мамандықты тегін алып шығу мүмкіндігі беріледі. ҰБТ тапсыра алмаған 21 мың мектеп түлегі, оқу орнына түсе алмаған азаматтар, тұрмысы төмен отбасынан шыққан балаларды оқыту көзделген. Оқу ақысына, бір рет тамақтануға қаржы бөлінеді әрі стипендия қарастырылады. Тұрғындарды жаппай оқытудың негізгі мақсаты – еңбек нарығын сұранысқа ие мамандармен қамтамасыз ету, сонымен қатар, білім алып шыққан әр адам­ға жұмысқа орналасуына немесе өз кәсібін ашуына мүмкіндік тудыру. Бағ­дарлама негізінен үш бағытта жұ­мыс жасайды. Біз үстіміздегі жыл­дың сәуір айынан бастап бағдар­ламаның алғашқы кезеңдерін барлық аймақтарда іске қосуды ойластырып жатырмыз. Бағдарлама шеңберінде алыс аймақтарда тұратын азаматтар үшін мобильді курсты іске қосу жоспарлануда. Бұны мамыр айынан бастап еліміздің 5 облысында қа­натқақты негізде енгізуді көздеп отырмыз. Дәлірек айтсақ, олар Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстары. Осының арқасында адамдар тұрғылықты орнында отырып-ақ білім алып, қалаған маман иесі болып шығады. Айта кететін тағы бір жайт, біз бұрын жұ­мыс берушілердің өтінімі бойынша оқытсақ, енді еңбек нарығында сұра­нысқа қажетті мамандарды даярлауға баса назар аударамыз», деді Тамара Дүйсенова. Сонымен бірге, министр Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кә­сіпкерлікті дамыту бағдарламасында бірқатар мәселелерге көңіл бөлінгенін жеткізді. Олар – сұранысқа ие кәсіптер мен кәсіпкерлік қағидаттарына жаппай оқыту мен дағдыларды үйрету, жаппай кәсіпкерлікке жағдай жасау, жұмысқа орналасуға ықпал ету мен еңбекке жұмылуды қолдау арқылы еңбек на­рығын дамыту. Ол, бағдарламаның екін­ші бағытында, ауылмен қатар, қала­ларда да жаппай кәсіпкерлікті ынталандыру мен дамытуға жағдай жасалатынын тілге тиек етті. «Өтеу мерзімі 5 жыл несиенің жыл­дық мөлшерлемесі 6 пайыз деңгей­де сақтала отырып, 3 миллион мен 18 миллион теңге мөлшерінде ұсыны­лады. Несиенің қолжетімділігін кеңей­туге арналған келесі бір тың шара, бизнесін енді бастағандарға 85 пайыз­ға дейін және жұмысы жүріп тұр­ған кәсіпкерлерге 50 пайызға дейін несиені кепілдендіру тетігі енгізіледі. Қалаларда шағын несиелеу, ауылдық жерлерге арналған шарттардағыдай, екінші деңгейлі банктер мен шағын қаржы ұйымдары арқылы жүзеге асатын болады», деді министр. Министрге жаңғырту бағ­дар­ламасына байланысты қай маман­дық­тардың алып тасталатыны және қай мамандықтардың қажеттілігі артатыны жайлы сұрақтар қойылды. Тамара Дүйсенованың айтуынша, болашақта көмір өнеркәсібі саласы алып тасталуы мүмкін. «Қазір қарап отырсақ, бізде паровоз өндірісімен ешкім айналыспайды. Мұндай сала да жоқ. Сондай-ақ, хатшы-машинист мамандығы жоқ. Бұрын олар машинкаларда құжат басумен айналысатын. Ал бүгін біздің күнделікті өмірімізде компьютердің рөлінің артқаны соншалықты, қазір бізде ондай мамандарды дайындамайды. Бүгінде бізге қай салалар керек? Біз үлкен жұмыс тобын құрдық. Көмір өнеркәсібін алып тастауымыз мүмкін. Иә, қазір Еуропада көмір өндірісімен айналысатын шахталар көп. Мен бұл мәселе бүгін немесе ертең шешіледі деп айта алмаймын. Бұл мәселе 20 жылдай қаралуы мүмкін. Сондықтан біз бүгін көмір өнеркәсібі саласындағы барлық мамандық бойынша жұмыс істеуіміз керек», деді министр. Тамара Дүйсенованың айтуынша, жаңа технологиялар жұмыс күшінің орнын басып жатыр. «Бұрын, айталық 10 адам жұмыс істеу керек болса, қазір он­да тек бір адам жұмыс істеп жатыр. Себебі барлық жұмыс компью­тер арқылы басқарылады. Сондай-ақ, кен игеру өнеркәсібіне жаңа техно­ло­гияларды енгізу мәселелері де қарас­тырылуда», деді Тамара Дүйсенова. Сондай-ақ, министр зейнетақыға байланысты да өз пікірімен бөлісті. «Мемлекет өзінің зейнетақы жөнін­дегі төлемдерін төлеп келе жатыр. Біз бәріміз жұмыскерлер ретінде жала­қымыздың 10 пайыздық жарнасын төлеп отырмыз. Енді біздің осы зейнет­ақы қорымызға жарна төлеуге үшін­ші субъект, яғни жұмыс беруші кіруі керек. Олар өз қаражатының есебі­нен 5 пайыз төлейтін болады. Осы үш субъектіден тұратын көп дең­гейлі зейнетақы жүйесін біз 2020 жыл­ға дейін түзеп бітуді көздеп отырмыз», деді министр. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»