14 Наурыз, 2017

Ас мәзірінде – африкалық лақа

358 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Бразилиялық кофені жақсы көретін жұрт көп. Бірақ, нағыз тазасына көпшілігінің қолы жете бермейді. Сондықтан Шымкенттің бір іскер азаматы сонау Бразилиядан сапалы шикізатын алдырып, таңдаулы сор­тын дайындайтын цех ашқан. Сол сұрып, сол дәм. Қант диабетіне шалдыққан адамдарға өсімдік жапырағынан дайындалатын шәй көп жәрдем береді екен. Қазақстанда өспейтін осы шөпті Төлеби ауданының бір азаматы жылыжайда өсіріп, дайын өнімге жеткізді. Самидулла Темірбеков деген Төлеби ауда­нының тағы бір азаматы шағын хауызында африкалық балық өсіріп жатыр. Бізде жайын, лақа деп аталатын балықтың бұл түрі жағдайын келістірсе мол пайда береді екен. Мамандығы ұстаз Африка лақасы туралы қызық мәліметтерді әлеуметтік желіден оқып, өсіріп көруге қызығушылығы оянған. Шабақты алдыру үшін мұхит жалдап, сахарадан ерні кезеріп Африкаға барудың қа­жеті жоқ, өсіріп жатқан шаруашылықтар бар. Бүгінде үй іргесіндегі хауызда 11 мың шабақ өсіріліп жатыр. – Бұлар жемнен гөрі етті жақсы көреді, – дейді Самидулла. –Табиғатымыз Африкаға қарағанда, қаталдау болғандықтан хауыздың астына жылу жүйесін жүргізіп, қалыпты жылу ұстап отырамыз. Бағып, күтудің қыр-сырын меңгеріп алдық. Балықтар тоқ болса жарысып жүзеді, бір-бірімен ойнайды. Аш болса көңіл күйлері келіспей, бір орында тұра береді. Еттің де майы азын жақсы көреді. Күніне бір құнан қойдың салмағындай ет жейтін жыртқыш балықтардан пайда түспесе кәсіпкердің өсірмейтіндігі белгілі. Екі-үш айдан соң хауызда өсіріліп жатқан 11 мың лақа шабақтың әрқайсысы кәсіпкерге үлкен табыс әкелері хақ. Кәсіпкерлік мек­тебінен көмек алып отырған азамат өзіне де, елге де пайдалы кәсіп тапты. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы