14 Наурыз, 2017

Өкпе рагы өршіп тұр

221 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Жыл сайын елімізде 33 мың адам қатерлі ісікке шалдығады. Оның бес пайызы ғана туа бітті ақаудан пайда болады екен. Атырауда тыныс алу органдарының ауруы, соның ішінде өкпе рагы көп тіркеледі. Облыстық онкология диспансерінің бас дәрігері Жексенбай Нысанов бұл ауруға шалдығуға шылым шегу, саламатты өмір салтын сақтамау және экологиялық ахуалдың нашарлауы себеп болып отырғанын айтады. Қатерлі ісікті анықтауда бүгінгі медицинаның мүмкіндігі мол, бірақ ауыр дерттің алғашқы белгілері бай­қалмай өтеді. Сондықтан да науқастардың 70 пай­ызында ісік үшінші, тіпті, төртінші сатысында да­митыны анықталған. Тұрғындардың скринингтік тек­серулерге әлі де немқұрайлы қарайтыны тағы бар. Соңғы скринингтік тексеріс нәтижелері асқазан, өңеш жолдарының қатерлі ісігі белең алып бара жатқанын анықтапты. Сондықтан да облыстық денсаулық сақтау басқармасы аты жаман аурудың алдын алу, емдеу сапасын жақсарту мақсатында «Онкологиялық инновациялар» тақырыбында рес­пуб­ликалық ғылыми-тәжірибелік конференция өт­кі­зіп, еліміздің әр аймағынан елуге жуық дәрігерді Аты­рау­ға жинады. Оларға Астана мен Алматыдан келген бі­лікті мамандар дәріс оқыды. Сондай-ақ, науқастарға ресейлік академик ота жасады. Қазір облыстық онкологиялық диспансерде 3464 емделуші тіркеуде тұр. Өкініштісі, жыл сайын 500-дей адам осы ауру салдарынан көз жұмады. Облыстық ден­саулық сақтау басқармасының кеңесші онкологі, ме­дицина ғылымдарының докторы Қайыржан Әби­сатовтың айтуынша, аймақта жылына 850 адам­нан қа­терлі ісік табылады екен. Бір «қызығы» – аты­рау­­лықтар сырқаттана қалса, емді сырттан іздейді. Ше­­к­ара асып, шет елге кететіндер көп. Жергілікті дә­рі­гер­лерге деген сенімсіздікке бой алдырып, аурула­рын ас­қындырып алатындар да кездеседі. Әрине, нау­қас қай­да емделсе де еркі, дегенмен, бұл дұрыс емес, дей­ді дәрігерлер. Өйткені, қазір Атыраудағы он­ко­ло­гиялық диспансердің жағдайы жақсарған, заманауи технологияның түр-түрі бар, мамандар да тәжірибелі. Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан» АТЫРАУ