16 Сәуір, 2011

Жаныңды жабырқатады

511 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Не көріп жүрсіз? Тәуелсіздікке қол жетті. Жиыр­ма жыл болды. Содан бері тіл жөнінде көкезу боп айтып келеміз. Арнайы заң да бар. Басқа да заң­намалар бар. Ендеше, тіліміз неге кібіртіктейді?! Байқауы­мызша, со­ның басты себеп­терінің бірі – Үкі­меттен бастап, төменгі лауа­зым ие­лерінің көп­шілігі қа­зақ тіліне жетік еместігі зиянды әсер етуде. Өзі білмеген соң олар қарамағында­ғылар­ға талап қоя алмайды. Тілдің дамуына телеарналардан беріліп жүрген хабарлардың кесірі де жетерлік. Бір кезде телехабарлардың қазақ тіліндегісі 50 пайыз болуы керек деген талап қойылған еді. Га­зет­тер­дің бірінен мына деректі оқып қайран қалдым: «Қазақша хабар тарату бар-жоғы 10 пайыз көле­мінде» екен. Енді 2012 жылы мемлекеттік тілдегі хабар 25 пайыз­дан кем болмауы керек, ал 2015 жылы 50 пайыздан төмен­де­меуі тиіс деген пікірді де естіп жүрміз. Осы сөз де жаныңды тілгілейді. Тәуелсіз ел екеніміз рас болса, қа­зақстандық телеарналарда хабарлар 90 пайыз болуы керек қой. Енді біз кімге жалтақтаймыз осы?! Қазақ хал­қы­ның саны да ба­сым болды. Сонда да баяғы жартас бір жартас. Сөзіміз жалаң болмас үшін «Астана» телеарнасы қазақ тіліне қанша уақыт бөледі екен, соған назар аударалық. Мысалы, 3 сәуір күнгі хабары таңертеңгі сағат жетіде басталып, келесі күнгі 1:40 сағаттан аса аяқтал­ды. Барлығы тәулігіне 18 сағат шама­сын­да. Қазақшасы 55 минуттік «Түйін сөз» хабары, 25 минуттік «Әсем әуен арнада» концерті, 30 минут «Жаңа­лық­тар». Барлығы – 1 сағат 50 минут. Жанды бір тіліп өтті бұл. Бәлкім, басқа уақытта аздаған ауытқу болар, бірақ қа­зақ­ша хабарының шамасы осын­дай ғана. Елордалық телеарна деген атына лайық деп айта аламыз ба бұны?! Енді «Ел арнаны» алайық. Бұл арнаның да қазақша беретін хабарларының шамасын білейік деп бірер күн қарап көріп едік, көңілімізді мүлдем құлазытып жіберді. Арна өз жұмысын біз көрген күндері сағат 9-да бастап, 00:25-те «Құрсау» деген фильм­мен аяқтады. Қазақша берілгені – «Балалар уақыты» – 25 минут, «Мейрам – балаларға қам­қор­лық» – 30 минут, «Өзін-өзі тану – рухани білім беру» – 10 минут, «Өмірде болған оқиғалар» – 30 минут. Барлығы 1 сағат 35 минут. Бұл екі арнада көркем фильм­­дерді көп көрсетеді. Ай­талық, біз қадағалап отырған күндері «Астанадан» – 6 фильм, «Ел арнадан» – 4 фильм көр­сетілді. Оның ішінде орыс тілінен ауда­рылған «Құрсау» деген фильм бар. Басқа арналардың да бұлар­дан ерекшелігі шамалы. Президент Н.Назарбаев 1 наурыз күні бірнеше БАҚ журналистерімен кездесуі кезінде «Қыркүйектен бас­тап «Қазақстан» телеарнасы түгелдей қазақшаға көшу керек» дегені жұртты бір серпілтіп тас­та­ған. Солай болады деген сенімдеміз. Иә, «Қазақстан» ұлттық те­ле­арнасының орысша-қазақша ара­ластырып, балдыр-батпақ ж­а­­сау­ға әуес екенін жұрт бүгінде жиі айтып жүр. Расында да то­лықтай таза қазақшаға көшеді деп отыр­ған телеарнадағы жағ­дай осы бол­са, онда өзгелері туралы не айту­ға болады?! Өзге елдің шоу­ларын көшіріп алуға әбес бұл телеарна егер толық қазақшаға кө­шетін болса, онда жұмыс істейтін бастығы бол­сын, қосшысы бол­сын, телекө­рер­мендердің осы секілді пікірлерін ескеруі тиіс. Әсі­ресе, ана тіліміздің қадір-қа­сие­тін жоғал­тып, өз елімізде жетімсіретпейтін мәселеге аса көңіл бөлу­лері керек. Бұл ойды басқа телеар­на­ларға да қарата айтуға әбден бо­лады. Мысалы, аты қазақша бол­ған соң «Ел арнаны» жиі қо­самын. Сон­да­ғы бағдарламаның бірі «Азамат. Жастар парламенті» деп ата­лады. Бір сағатқа жуық. Мұнда да шетінен көсіліп жұрттың бәрі орыс­ша сайрап жатады. Ара-ара­сында орысша, қазақша әр түр­лі пікірлерді жо­сылтып, сөз жарыс­ты­ратындары да бар. Тіпті қазақ­ша сөйле­ген­дердің сөздерінің өзі де қойырт­пақ. Субмәдениет, кружок, художник, культура, период под­ростковый, беспризорный деп тақылдай жөнелгенде осы әңгі­ме­ні тыңдап отырған жастар қауы­мын бұдан қандай ой түйер екен деп аяп отырамын... Осы телеарнадан «Сүйінші» деген му­зыка­лық бағдарлама көр­сеті­леді. Аты­на қарап, жан жадыра­тар жақсы ән беретін шығар деп үміт­те­не­сің. «Сүйінші» дегеніне қара­ған­да жүректі баурап алар жаңа ән берер деп күтесің. Алайда мұнда да жоғарыда айтқандай, қойырт­пақ алдыңнан шығады. Әрі бағ­дар­лама атына сай ән беріп жа­рыт­пайды. Яғни, сүйінші сұрар­лық әсем ән тыңдай алмай жүр­міз. Айтайын дегеніміз, соңғы кез­де атын қа­зақша атап, аралас­тырып жіберу осы арнаға әдет болып бара жатқандай. Тағы бір айтарым, осы күні шоу деген сөзге үйір боп бара жатырмыз. «Пай-пай шоу» немесе шоу бизнес деп те жатамыз. Тіпті «Ел арнадан» берілген «Тап­­қыр достар» деген бағдарла­ма­ны «мем­лекеттік тіл мәртебе­сін арт­тыратын токшоу» деп жүр. Сонда осы шоудың баламасы өз тілімізде жоқ па? Бұрынырақта «шоу» дегенді «ду­ман» деп жүру­ші едік, одан неге жерініп жүрміз? Мен бұл жерде тырнақ асты­нан кір іздейін деп отырғаным жоқ. Бар мақсатым – телеа­р­на­дағы тіл шұбарлығын айту, тілге сақ болу қажеттігін ескерту еді. Әрине, бұл менің ғана пікірім емес. Өз тіліне жанашырлықпен қарайтын барша қазақтың пікірі деп қараңыздар. Орайы келгенде бұл телеарналарда көңілге қонатын, жанға жа­ғатын, біліктілікті, сананы арт­ты­ра­тын, мәдениетіміздің дәс­түрлі құндылығын насихат­тай­тын, тілі­міздің жойылып кетпеуіне үлес қо­­сатын бағдарламалар да жоқ емес. Тәуелсіздіктің 20 жылды­ғына «Қазақстан – менің елім» бағдарламасы бойынша әр об­лыс­тың жетістігі жан-жақты са­ра­ла­нып көрсетілуі құптарлық жәйт десек, әнсүйер қауымға «Са­ғын­дырған әндер-ай» кештері қат­ты ұнайды. Сол секілді «Ән мен әнші», «Кеш жарық» бағдар­лама­ла­ры, кейбір сазгер мен әншінің шығарма­шы­лықтары көр­сетілген сәттер­ді де мүлт жібермей қарау­ға тырысамыз. Дегенмен, бұрын да айтылған бір жағ­дайды тағы да еске сала кетейін. Түнгі 12-ден кейін концерт бергенмен, ешкім оны көріп жарыт­пайды ғой. Соны СТВ телеар­на­сы елеп-ескермей келеді. Олай дейтінім, түнгі 1:30-2:00 са­ғат кезінде «Ән көңілдің ажа­ры» деген концерт беретінін қайтерсің. Мұ­ны қалай түсінуіміз керек?! Ша­масы, бұл да мемлекеттік тілде хабар беріп жүрміз деген көз­ал­­дау, дәлірек айт­­сақ қитұрқылық сияқ­ты. Мұ­ның аты қазақ халқын сый­ламау, сол арқылы өзіңнің бет-бейнеңді көрсету, яғни өзіңді де сыйламау екенін соларға ескертетін, жөні келсе талап ететін біреу бар ма, жоқ па? Соны білгім келеді! Тоқтар БЕЙІСҚҰЛОВ, филология ғылымдарының кандидаты.