Қазіргі таңда Қазақстанда 46 мыңнан астам бала түрлі себептермен ата-ананың қамқорлығынсыз қалып отыр. Соңғы он жылдан бері жетім балалар шетелдіктерге асырап алуға беріліп жатыр. Ресми мәліметтерге қарағанда, алты мыңнан астам бала шет ел асқан, оның 5308-і АҚШ азаматтарының үлесіне тиіпті. Олардың көпшілігінің бүгінгі тағдыры не болып жатқаны белгісіз.
Өкінішке қарай, қатыгез, қаныпезер ата-анасымақтар көбеюде. Әйтпесе ең қымбаттысы, көзінің қарасы, өмірінің жалғасы, бауыр еті – баласын перзентханаға немесе қоқыс жәшігіне тірідей қалдыруға қалай жүрегі дауалайды?! Торғай екеш торғай да балапанын қорғайды. Сонда кім болғанымыз?!
Тарихта талай тауқыметті өткерген біздің халқымыздың басында мұндай сұмдық бұрын-соңды болып көрмеген. Егер қайықтағы екеудің біреуі өлу керек болса, сөз жоқ, кәрі кетіп, жас қалған. Шыңғыс Айтматовтың «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» атты хикаятында бір үйлі жан өзін-өзі теңізге лақтырып, қайықта қаршадай ғана бала қалып, сол бала бүтін бір ұрпақтың жалғасы болып еді ғой.
Алайда, бүгінгі таңда керісінше, тастанды сәбилер, шет елдерге сатылған балалар санының күннен күнге арта түсуі, қыздарымыздың жеңіл жолға салынуы, «көкек әкелердің» көбеюі барлығымызды да толғандыратын өзекті мәселеге айналып отыр. Болашақ ұрпақты осынау қасіретті індеттен қалай сақтап қаламыз?
Қазақстан шет елге бала беру жағынан әлемде үшінші орын алады екен. Бұл тоналғандық емей немене? Осы ретте Әлихан Бөкейханның: «Ұлым деп ойлайтын ел болмаса, елім деп еңірейтін ұл қайдан болады?», деген сөзі еріксіз еске түседі. Ежелден жетімін жылатпаған ел емес пе едік? Ендеше, бүгінгі таңда жетімдерге сұрауы жоқтай, қатыгез қабақ танытуымыздың сыры неде?
Қазақстандағы байлықтың көптігі сонша, Менделеев кестесіндегі элементтердің бәрі бар екенін әлемге паш етіп жатырмыз. Әрине, бұл – бәрімізге мақтаныш. Солай бола тұра, жетімдерге келгенде қаражат жетпейді деп аузымызды қу шөппен сүртеміз.
Осы тұста Махамбеттің: «Жетімдерге жем бердім, Жесірлерге жер бердім», деп қайырымдылыққа, мейірімділікке шақырғанын естен шығармайық. Екіншіден, Үкімет қамқорлыққа зәру балалар мен шетелдіктер асырап алған сәбилердің жағдайын реттейтін, жетім балаларды тұрғын үймен, жұмыс орнымен қамтамасыз етуді қарастыратын заң жобасын дайындаса, сауапты бір іс атқарғаны болып шығар еді.
Розақұл ХАЛМҰРАДОВ, Мәжіліс депутаты.