Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен палата бюросының кезекті отырысы өтті. Онда Мәжілістің жалпы отырысына шығарылатын мәселелер сараланды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Аграрлық мәселелер комитеті кейбір заңнамалық актілерге орман шаруашылығы, жануарлар дүниесі және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасы бірінші оқылымға дайын екенін мәлімдеді.
Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті депутаттардың талқысына «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтерін жарақтандыру үшін арнайы техника мен арнайы құралдарды жеткізудің жеңілдікті шарттары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы шығарылатынын хабарлады.
Сонымен қатар, «1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қатысушы мемлекеттер арасындағы Әскери-техникалық ынтымақтастықтың негізгі қағидаттары туралы келісімнің шеңберінде жеткізілетін әскери мақсаттағы өнімдердің нысаналы пайдаланылуын бақылауды жүзеге асыру тәртібі туралы хаттамаға толықтыру енгізу туралы екінші хаттаманы ратификациялау туралы», «1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қатысушы мемлекеттер арасындағы Әскери-техникалық ынтымақтастықтың негізгі қағидаттары туралы келісімге толықтырулар енгізу туралы екінші хаттаманы ратификациялау туралы» және «Мемлекеттік (муниципалдық) сатып алу туралы келісімді ратификациялау туралы» жаңа заң жобалары бойынша қорытынды әзірлеу мәселелері күн тәртібіне ұсынылатын болды.