20 Сәуір, 2011

Тіркеліп келіп тексереді

442 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кім-кімді де еліміздегі қазіргі қылмыстық ахуал алаңдатпай қой­майтыны сөзсіз. Бұл орайда елдегі жалпы қылмыстық ахуал белгілі болғанымен, құқық қорғау органдарының қылмыстарды ашу және жасырып қалу фактілері көп­шілікке беймәлім қалып жата­ды. Осы кемшіліктерді болдыр­мау мақсатында кеше Бас про­ку­ратураның құқықтық статистика және арайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрағасы Марат Ахметжанов баспасөз мәслихатын өткізіп, құқық қорғау органдары­ның қылмыстарды ашу және ж­асырып қалу фактілері жөнінде, сондай-ақ өткен тоқсандағы сы­байлас жемқорлықпен күрестің нәтижелері туралы хабарлады. Статистикалық мәліметтерге қа­ра­ғанда, осы жылдың 3 айы ішінде ғана өткен жылдың осын­дай кезеңімен салыстырғанда тіркелген қылмыстар деңгейі 6,3 па­йыз арт­қан. Ал жалпы қылмыс­тық заң бұзу­шылықтар 15,9 па­йыз, оның ішінде ұрлық 31,5, кісі тонау 5,6 пайыз өскен. Жоғарыда айтқаны­мыз­дай, елдегі қылмыс­тар­дың осын­шама өсіп, жұртты алаңдатып отырғаны неліктен десек, тәртіпті қадағалауға тиіс құ­қық қорғау органдарының өзі бат­паққа белшеден батып отырғаны белгілі болды. Өйткені, М.Ах­мет­жановтың айтуы бойынша, қыл­мыс­тардың ең көбі ішкі істер органдарында, яғни 92,7 пайызы немесе 32 046 қылмыс тіркелген көрінеді. Еліміз өңірлерінің ішінде қылмыстың ең жоғары деңгейі Алматы қаласында, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстарына тиесілі болып отыр. Осылайша тәртіпті қадағалау­шы құқық қорғау органдарының өз міндетіне салғырт қарауы сал­дарынан жасөспірімдер арасын­дағы қылмыс та Жамбыл облы­сын­да 86,5, Қызылорда облы­сын­да 71,4, Оңтүстік Қазақстан об­лы­сында 55,4 пайыз өсіп кеткен. Құқық қорғау органдары үшін негізгі көрсеткіштің бірі қыл­мыс­тың ашылуы десек те оның ашылу деңгейі Жамбыл, Оңтүстік Қазақ­стан, Қарағанды, Батыс Қа­зақ­стан облыстарында өткен жыл­мен са­лыс­тырғанда кеми түс­кен. Ал қыл­мысты жасырып қалу көр­сеткіші Павлодар, Жамбыл, Қы­зылорда жә­не Солтүстік Қазақ­стан облыс­та­рын­да артып кеткендігі байқалған. Сол сияқты сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзу­шылықтар жа­са­ғаны үшін 1060 адам, олардың ішінде 134 адам әкімшілік, 926 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Бұл бағытта құқық қорғау са­ла­сында аталған комитет бірқатар заң бұзушылықтардың жолын кесіпті. Жыл басынан бері кәсіп­керліктің 700 астам субъектісінің құқығы қорғалып, 573-ге жуық заңсыз тексерулерді тіркеуден бас тартылды, дейді М.Ахметжанов. Үстіміздегі жылдың бірінші тоқ­санында мемлекеттік органдар­дың тексеру тағайындау туралы 77 874 актісі тіркелсе, оның ба­сым бөлігі, яғни 41 мыңнан ас­та­мы кәсіпкерлікке қатысты болған. Онда тексерулерді тіркеуден бас тартудың ең көп бөлігі Ауыл шаруашылығы, Төтенше жағдай­лар, Ішкі істер министрліктері мен санитарлық-эпидемиоло­гия­лық қадағалауда, салық қызме­тінде орын алған. Жалпы, өткен жылдың басы­нан бері заң талаптарына қайшы 3 мың­нан астам, ал осы жылдың басынан 600 тексеруді тіркеуден бас тар­тыл­ған екен. Сонымен қатар, жа­сырын сипаттағы көптеген заңсыз тексерулер прокуратура органдары­ның на­за­рынан тыс қалып отыр­ғаны белгілі болған. Ал ондай жағ­дай­ды тек заң­сыз тексерілген кәсіп­кер ғана білетіні анық және оның өзі бұл тексерісті хабарлауға тиіс. Осы мақсатта кәсіп­керлер құқын қорғау үшін комитет «Бизнес тірегі» жоба­сын жүзеге асы­рып­ты. Бұл жоба кәсіпкерге оған қа­тысты тексерудің тіркелгендігін не­месе жоспарлы тек­серу тағайын­дал­ғандығын немесе оның негізділігін анықтауға мүм­кіндік береді. Ол үшін аталған ко­митеттің www.pravstat.kz сайтында орналасқан «Кә­сіпкерлерге қатысты тексерулерді тіркеу туралы ақпарат» бөлігінде кәсіпкер актідегі тіркеу нөмірін тиісті жолға енгізу арқылы әлгі тіркеудің растығын, органның атауын, тексеру негізі мен уақытын толық анықтап алуына болады. Сол сияқты тексеріс туралы мәліметті тіркеу нөмірін 1012 қысқа нөміріне SMS жолдау арқылы да анықтауға мүмкіндік бар көрінеді. Александр ТАСБОЛАТОВ.