16 сәуірде Нигерияда президенттік сайлау болып өткен еді. Онда іс басындағы президент Гудлак Джонатан айтарлықтай басымдықпен жеңіске жетті деп жарияланған-тын. Ал екінші үміткер Мұхаммад Бухари дауыс беру нәтижелері дұрыс есептелмеді деп өзінің наразылығын білдірген еді.
Сөйтіп, Бухаридің жақтастары Кадун қаласының көшелеріне шықты. Осылайша Африка құрлығында тағы бір тұрақсыздық ошағы пайда болған сыңайлы. Қақтығыстар салдарынан екі адам қаза тапты деген ақпар бар. Осы арада Джонатанның христиан дінінің өкілі, ал Бухаридің мұсылман дінінің өкілі екенін айта кеткен жөн.
ДЕМОНСТРАНТТАРҒА ҚАРСЫ ОҚ АТЫЛДЫ
Сирияның Хомс қаласында тәртіп сақшылары бейбіт наразылық акциясын күшпен тарқатты. Манифестанттардың сөздеріне қарағанда, наразылық акциясына шамамен 10 мың адам қатысқан. Олар қаланың бас алаңына жиналып, елде президент Башар Асадтың режімі ауысқанша орындарынан тапжылмайтындықтарын мәлімдеген болатын.
Кешқұрым Хомсты күш құрылымдары қоршауға алды. Қаланың сыртына үш қатардан тұратын тосқауыл бекеттері қойылды. Акция өтіп жатқан алаңға келген құқық қорғау органдарының өкілдері жиналғандардан кетуді талап етті. Айтқандарына құлақ асар ешкім табылмаған соң, олар акцияға қатысушыларға қарсы оқ атты. Қару қолдану салдарынан 30 шақты адам қаза тапқан деген дерек бар.
КАРИМОВ ПАРЛАМЕНТТІҢ ӨКІЛЕТТІГІН КЕҢЕЙТТІ
Өзбекстан президенті Ислам Каримов ел конституциясына парламенттің құқығын кеңейтетін түзету енгізді. Жаңа редакцияға сәйкес енді парламенттік көпшілік үкімет басшысының кандидатурасын ұсыну құқығына ие болады. Бұған дейін премьер кандидатурасын президенттің өзі ұсынып келген еді.
Сондай-ақ конституцияға парламентшілер үкімет басшысына сенімсіздік танытатын вотум енгізіліп отыр. Сәйкес шешім егер ұсынысты төменгі және жоғары палаталар депутаттарының үштен екісі қолдаған жағдайда қабылданады. Сонымен қатар, президент қандайда бір себеппен өз міндетін атқара алмаған жағдайда билік тізгіні сенат төрағасына беріледі. Бұрын бұл жәйт нақтыланбаған еді.
ПРЕЗИДЕНТТІККЕ ТҮСУГЕ ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ
Ресей Федерациясы Коммунистік партиясының серкесі Геннадий Зюганов 2012 жылғы президенттік сайлауға түсетінін мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда, кандидатурасын РФКП-ның бірқатар өңірлік бөлімшелері ұсынып үлгерген. Ал бірақ оның президенттікке түсуін тек партия съезі ғана шеше алады.
Өзінің мүмкіндігін бағалай келіп, Г.Зюганов жұртшылықтың «Единная Россияға» антипатиясына үміт артатынын көлденең тартты. Жалпы, ол Ресей президенттігіне 3 рет түскен болатын. 1996 жылы Б.Ельцинге, 2000 жылы В.Путинге, ал 2008 жылы Д.Медведевке жол берген еді. Оның шешімін жеңілген күреске тоймайды деп бағалауға болатындай.
ЕҢ ҚЫМБАТ ПӘТЕРЛЕР ИЕСІ – УКРАИНАЛЫҚ БАЙ
Лондондағы ең қымбат тұрғын үй кешеніндегі апартамент иесі украиналық миллиардер Ринат Ахметов болып табылады. Ол су жаңа екі пәтерін 136 миллион фунт стерлингке (шамамен 221,2 миллион доллар) сатып алған көрінеді.
Бизнесмен аталған кешеннен жалпы аумағы 2300 шаршы метрді құрайтын үш деңгейлі екі пәтер сатып алыпты. Ол пәтерлерін жөндеп-әрлеуге тағы 60 миллион фунт стерлинг жұмсаймын деп отыр екен. «Форбс» журналының рейтингісіне сәйкес, сәуір айының басында Р.Ахметов ең бай украиналық болып танылған.
ТОРНАДОДАН КЕМІНДЕ 45 АДАМ КӨЗ ЖҰМДЫ
АҚШ-та болып өткен сұрапыл торнадо салдарынан кем дегенде 45 адам көз жұмған. Тек бір ғана Солтүстік Каролина штатында 16 сәуірге қараған түні 62 торнадо тіркелсе, табиғат апаты салдарынан 21 адам опат болған. Тұтастай алғанда, 1984 жылдан бері аталған штатта торнадодан 42 адам қаза тауыпты.
АҚШ-тың шығыс жағалауындағы осы табиғат құбылысы 14 сәуірде Оклахома штатынан басталған болатын. Содан кейін ол Арканзас, Миссисипи, Алабама, Солтүстік Каролина және Вирджиния штаттары арқылы өткен еді. Торнадоға байланысты Вирджиния аумағында төтенше жағдай режімі жарияланған болатын.
ҚЫСҚА ҚАЙЫРЫП АЙТҚАНДА:
Брюэр ханым АҚШ президенттігіне кандидат өзінің америкалық азаматтығын дәлелдейтін міндеттеме жазылған жаңа заң жобасына вето қойды. Егер мұндай заң жобасы қабылданар болса, Гонолулада туған Барак Обама президенттікке екінші қайтара түсе алмайды.
Британиялық Эндрю Райан Карлайл қаласындағы кітапханадан Құран кітабын арнайы ұрлап алып шығып, оны аталған елді мекен орталығындағы ескерткіш жанында өртегені үшін 70 күнге түрмеге қамалды.
Мәскеу басшылығы 2011 жылғы Жеңіс күні шеруін өткізу үшін өз қазынасынан 101,7 миллион рубль бөлетін болды. Бұл қаржы парадқа дайындыққа, оны өткізуге және ауыр әскери техникалар жүріп өткеннен кейін қалпына келтіру жұмыстарына жұмсалатын болады.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.