17 Наурыз, 2017

Тән мен жанның дәрумені – табиғи өнім

176 рет көрсетілді

Қазақтың жері дархан, дәулеті мол. Сол дәулетті сәулетке айналдыру жолында еңбектеніп келеміз. Ең бастысы, Отанымыздағы табиғи өнім талайды тамсандырып отырғаны анық. Осыдан біраз жыл бұрын Германиядан бір дәрігер келді.

Шетелдік мейманмен бірге жүрген ағамыз: «Бұлар көп тамаққа жоқ», дегеніне қарамай, ұлттық дәстүрге сай дастарқан жасап, бас тартып, қымыз, шұбат құйып, қоғадай жапырылып, қонақ еттік. «Бұл не деген батпан құйрық!» деп дән риза болған дәрігер дастарқанға төне қарап, еркін шешілді. Ұлттық тағам мен киім үлгілеріне тәнті болған мейман: «Сіздер неге ауырасыздар?» деді сөз арасында. Шынында, қазақтың жаратылысы да, тамағы да – бәрі табиғатпен үндес қой. Бұл да ұлт ниетіне берген Алланың шарапаты шығар.

Қазақ жерінің киесінен ба, бір ғана қатты бидайының өзі әлемдік базарды жарып тұр. Кезінде КСРО жұрты да тамсанған. Бабын таба алсақ, бұдан өзге де байлығымыз жетіп артылады. Алалы жылқы, ақтылы қой, табын-табын сиыр – бәрі бар. Осы күндері қазақтың даңқын жер астындағы байлығы танытып жатса, уақыт өте келе жер басып жүрген адамның ас ішіп, аяқ босататыны рас болса, жер үстіндегі өнімдерімен де жұртымыз әлем халқының аузына ілініп, бедел биігінен көрінетініне сеніміміз кәміл. Еліміздің тау-тасы, қыр мен ойындағы дәрілік шөптің ұзын саны алты мыңнан асады екен. Бұл да табиғи өнім. Осы байлыққа құнт керек болып тұр. Егер құнттай, бағалай алмасақ, бұл байлықты өзгелер пайдаланып, өзіміз жасанды өнімге қарап қалуымыз кәдік. Өйткені, нарық талабы қайтсең де ақша табу деп білетіндер түрлі бұрыс істерге барып жүр. Бәрін сатуға әзір. Өз елімізде өндірілген, шеттен импортталған тауарларды зертханада сараптама жасағанда бәрі бірдей талапқа сай болмайды. Ондай сапасыз өнім адам денсаулығын оңалтпайды, омалтпаса. Мәжілісте нан ашытқысындағы зиянды қоспа қозғалып барып, артынан ақталумен тынды. Жел болмаса шөптің басы қимылдамаса керек еді. Уланып қалу да сондайдан болса керек. Несін жасырамыз, өзгелерден келген өнім түрлері бізде аз емес. Соның бәрі бірдей сапалы дей алмаймыз. Ондай сапасыз өнімдер туралы мәліметтер жетіп артылады. Көрші Қытай елі жасанды өнімнің неше атасын шығарып жатқаны белгілі. Біздің табиғи өнімдерімізге олар қызыға қарайды. Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында адам­зат­тың миллиардтап өсіп жатқанын айтып, сол миллиардтарды азық-түлікпен қамтамасыз ету оңай болмайтынын ескерткен. Осы тұста да қазақ өніміне сұраныс артпаса, азаймайды. Әсіресе, табиғи өнім алтыннан кем болмасы хақ. Мына бір ойды ашып айтуды парыз санаймыз. Ол – есе бермей келе жатқан ГМО (гендік модификация – жасанды өнім). «Сақтықта қорлық жоқ», дейді халқымыз. Осы жасанды өнімнің пайдасы мен зиянын білеміз бе? Еліміздегі «Стандарттау туралы» заң талабына сай оның таралуын қадағалап отырған жүйе бар ма? Жасанды өнім жайын қазірден қолға алмасақ, ертең кеш қалуымыз мүмкін.

Мемлекетімізде қазір бір жақсы үрдіс іске аса бастады. Ол – ауылшаруашылық кооперативтерін құру. Жабайы жеке­ше­лен­дірудің тұсында әп-әдемі табысты ұжымдардың ойраны шықты. Жерге ие болып, мал өсіріп, егін егіп тірлік еткендер өнімін өткізе алмай қиналды. Оған шеттен тауар алған әлдеқайда тиімді деген қасаң қағида себепкер болды. Соның кесірінен мал азайып, жер бос қалды. Енді ел қайта серпілгенде жерінен айырылып қалған шаруалар кооперативке «ең болмаса жер үлесімізбен қосылсақ, қане!» деп, әуре-сарсаңға түсіп жүр. Олардың үлесін кезінде қолында қаржысы барлар заңдастырып алған көрінеді. Кооперативтің пайдасын қазақ жұрты білген. Оған өткен ғасырдың басында, 21 жасында М.Әуезов «кооперативтері болған елдің кемшілік көрмейтінін» айтқаны дәлел. Тарыдай шашылмай, береке-бірлікке ұйып бірігудің пайдасы болмай қоймайды. Оны арғы-бергі тарихқа, кеңестік кезеңге, қазіргі ұйымдасқан ұжымдарға қарап аңғаруға болады. Бұл табиғи өнімнің өрістеуіне жол ашады. Әйтсе де сол табиғи өнімді өндіріп отырғандар кейде балтыр сыздатып, бас ауыртпай, желе жортып жүріп-ақ байлыққа кенелетін алыпсатарлардың «жеміне» айналып қалуда. Мысалы, қала базарларында 1000 теңге, кейде одан да жоғары баға көрсетілген қияр өнімдерін өндірушілерден делдалдар 500 теңгеден алып, қалған бағаны өзі белгілейді екен. Тіпті өнім иелерін базар маңына жолатпайтын жағдайлар да бар екені айтылады. Мұндай кедергі ет-сүт өнімдеріне де, басқа тауарларға да қатысы бар десек қателеспейміз. Еткен еңбек, төккен терінің игілігін өзгелердің көруі табиғи өнім өндірушілердің ынтасын азайтып, ықыласын төмендетпей қоймасы анық.

Жалпы, табиғи өнім өндірушілер өнімінің халыққа тікелей кедергісіз жетуін қадағалай алсақ, бағаның шарықтауы тыйылар еді. Қолдан-қолға өтіп, әркім өз білген бағасын қою қарапайым қауымның қалтасын қағу екені сөзсіз. Ендеше кооперативтер құру тұсында осы мәселені тиісті мекемелер қолға алса, жұрттың тілегі қабылданып, адамның жаны мен тәніне дәрумен болатын табиғи өнімге батыл жол ашса, ұтылмас едік.

Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Ұрланған 28 көлік табылды

Оқиға • Бүгін, 15:11

Атырауда 23 адамды шаян шаққан

Аймақтар • Бүгін, 13:35

Спорт жаңалықтарына шолу

Спорт • Бүгін, 09:11

Суретшілер үйі ашылды

Аймақтар • Бүгін, 09:08

Бал бұлақ болып ақты

Аймақтар • Бүгін, 09:07

Оңайлықпен ем қонбайды

Медицина • Бүгін, 09:05

Бәрекелді, Виктория!

Спорт • Бүгін, 09:02

Атырау облысы «сары» аймаққа өтті

Коронавирус • Бүгін, 08:54

Ұқсас жаңалықтар