24 Наурыз, 2017

​Шикізат өндірісінде шикілік болмауы тиіс

549 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Президент Жолдауының үшінші мін­дет­те­­ме­сін­де «Эко­но­микалық өсімнің тұ­рақ­ты­лы­ғы үшін елдің кен металлургиясы мен мұнай-газ кешендері өзінің стра­те­гиялық маңызын сақтауға тиіс», − де­лінген.

​Шикізат өндірісінде шикілік болмауы тиіс

Бір қарағанда бұл жаңғырту идеясына, экспортқа дайын өнім ғана шығару қажеттілігі қағидатына қайшы келетін секілді. Алайда, қазіргі кезеңде еліміз экспортының 80%-ын қамтамасыз етіп, экономиканың құрылымында 48% үлесі бар шикізат өндіретін дәстүрлі салаларды экономиканы жаңғыртамыз екен деп екінші сатыға сырып тастауға болмайтын сияқты. 

Жолдауда «белсенді геологиялық барлау қажет» делінген. Осы орайда мына мәселеге назар аударсақ. Мұ­най-газ кендері алғаш өндірілген ке­зең­де жер астынан фонтан болып ат­қы­лағандықтан, жер бетіне шығару шы­ғын­дары аз, өзіндік құны төмен, ар­занға сатқанның өзінде түсер пайда мол болады. Жылдар өте жер асты қы­сымы кеміген сайын мұнайды шығару қымбаттай береді, ал сапасы түрлі қо­сал­қы заттар әсерінен нашарлай түседі. Бү­гінгі күні елімізде мұнай шыға­рып жат­қан кеніштердің 60 пайыздан астамы кеңестік дәуірде барланып, іске қосылған. Әлемдік мұнай бағасы арзандап жатқанда, табысты азайтпау үшін жаңа кен орындарын ашудың маңызы зор.

Кен өндірісінің экономикамызға бергенінен берері көп, ол үшін жоғарыда аталған дайын өнімді экспортқа шығару қағидатын кен, мұнай-газ өндірісінде де басшылыққа алу қажет. Ол үшін кен, мұнай-газ өндірісінің өнімін сол күйінде экспорттаудан мүлдем бас тарту қажет. Бұл салалардың өнімін өңдеу және қайта өңдеу арқылы неғұрлым дайын өнім деңгейіне жақындатып барып экспортқа шығарса тиімділік әлдеқайда артар еді. Мәселен, мұнайды тек жанар-жағармай деп қарастыру мүлдем қате. Өйткені, мұнайдан 100-ге тарта әртүрлі өнім алына­ды. Осы дайын өнім­дерді экспортқа шығарсақ, табысты ай­тарлықтай еселеуге болады.

Өткен ғасырдың 90-жылдарында республикаға еңбегі сіңген экономист Жарысбек Абуталипов «біздің мұнай өңдеу зауыттарымыз мұнайды 60 па­йыз деңгейінде ғана қайта өңдейді, ал озық елдерде бұл көрсеткіш 95 пайызға дейін жетіп отыр. Мұнайды қайта өңдеу деңгейін шет елдер дәрежесіне көтеру үшін мұнай өңдеу зауыттарын түбегейлі жаңғырту және заманауи технология­ларды енгізу қажет», деген болатын.

Содан бері ширек ғасыр өтсе де, бұл зауыттар жаңа инновациялық өнім­дер өндіруді қолға алмақ түгілі, эко­но­ми­к­амыздың жанар-жағармайға деген қа­жеттілігін де қанағаттандыра ал­май отыр. Дәлірек айтсақ, тек 75 пай­ыз­ға жу­ық бензин мен дизель отынын ұсы­нып, қал­ған 25 пайызын Ресейге импорттау­да. Бұл өз кезегінде ел ішінде ЖЖМ ба­ғасының тұрақсыздығына себеп болып отыр. Егіс науқаны басталар тұс­та мұнай өңдеу зауыттары «жоспарлы» жөн­деуге тұрғызылады, баға да бір­ден қымбаттайды.

Бұрын ЖЖМ-ның қымбаттауын мұнай бағасының өсуімен түсіндіріп келген олар, енді мұнай бағасы 3 есе арзан­дағанда неліктен ЖЖМ бағасы толас­сыз жоғарылап отырғанын тағы да зауыттар қуатының әлсіздігіне жа­ба салады. Біздің пайымдауымыз­ша, бұл мәселе зауыттардың әлсіз­ді­гі­нен емес, монополияға қарсы тиіс­ті ко­ми­тет­тің бағаны реттеп, қадаға­лау­дағы дәр­мен­сіз­дігінен туып отыр. Нәти­же­­­сінде, бар­ша тұтыну тауарлары мен қыз­­мет­тер ба­ғасы көлік шығындарының өсуі салда­рынан жаппай көтеріліп, ин­фля­­цияны одан сайын өршітеді.

Жолдауда осыған орай «Бұл салалар­ды одан әрі дамыту ісі шикізатты кешенді түрде қайта өңдеуді тереңдете түсумен берік ұштастырылуы тиіс», деп орынды талап қойылған. Кен өндірісінің әлі де Кеңес Одағы кезінен қордаланып, шешімін таппай келе жатқан мәселесі – кеніштен шығарылған кенді біржақты игеру және соның салдарынан тау-тау үйінділердің пайдасыз жер көлемін босқа алып жатуы мен оның қоршаған ортаға зиян келтіруі. Мысалы, темір кенінің құрамында ондаған басқа құнды металдар болатынын ескерсек, шет елдің озық тәжірибесіне сүйене отырып, темірін алып, қалған қалдықтардан үйінді жасамай, кенді неғұрлым жан-жақты игеріп, басқа да қоспаларын қорытып, бөлектеп қолданысқа жаратуға болар.

Сондықтан бірде-бір маман­дан­ды­рыл­ған кен кәсіпорны басқа қосалқы, ілес­пе өнімдерді бөлек шығарып, кен орнын кешенді қолдануға мүдделі бол­­ған емес. Ал шет ел тәжірибесіне кел­­сек, қолдануға алған кен орнын кә­сіп­­орын бөліп-жарып, мыс, жез, алтын, та­ғы басқа деп бөлмей, кешенді түр­де бір­неше өнімді сепарациялап шы­ға­ру­ға, кенді еш қалдықсыз өндіруге ма­шық­танған.

Қорыта айтқанда, кен, мұнай-газ өнім­де­рін өңдеу мен қайта өңдеуді жол­ға қою ар­қылы көптеген түйткілді мәс­е­ле­лердің ше­шім табары сөзсіз.

 

Жанкелді ШЫМШЫҚОВ, 

экономика ғылымдарының 

кандидаты