Қостанайда қазақстандық «автокөлік Детройты» құрылмақшы
Жақында Allur Auto қазақстандық компаниялар тобы, АҚ «АгромашХолдинг Қазақстан» және оңтүстіккореялық SsangYong Motor Corp. корпорациясының бірлескен автокөлік құрастыру жобасы мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына (МҮИИДБ) енгізілді. Жоба қарқынды индустриялық-инновациялық даму жөніндегі өңірлік кеңесінен қолдау тауып, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің жанындағы комиссияның келісімін алды.
Отандық жолсызбен жүретін көліктер жасау жобасының индустрияландыру жобаларының көшбасшылар қатарына шығуы әбден орынды. Қостанайда бірқатар жылдар бойы ауылшаруашылық техникасы шығарылса, енді заманауи автокөліктерді шығаратын алдыңғы қатарлы қуатты өндірістік кешен салынды. Өткен жылдың күзінен мұнда жолсызбен жүретін көліктер мен пикаптардың жаңа үлгілерінің бірқатары құрастырылуда. Бұл тек құрастыру конвейері ғана емес, Қазақстанның интеллектуалды және технологиялық мүмкіндіктері толық көлемде іске асырылып жатқан заманауи инновациялық өндірістің шынайы үлгісі.
Былтыр Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының алғашқы бесжылдығы басталды. Бағдарлама мүлдем жаңа ойлар мен заманауи технологияларға бағытталған үздік инновациялық жоспарларды біріктіреді. Өткен жылдың шілдесінде елімізде жаңа индустрияландырудың алғашқы зауыттары мен фабрикалары іске қосылды – 12 мыңнан астам қазақстандықтарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз еткен 72 жоба жүзеге асты. Желтоқсанда үміт арттыратын 80 жоба тағы іске асты, 12 мың білікті мамандар мен жұмысшылар осы кәсіпорындарда тұрақты жұмыс орындарын иеленді. Бүгінгі таңда индустрияландыру бесжылдығы жалғасын табуда.
Қостанайлық жобаға қатысты қызығушылық тудыратын басты нәрсе, бұл отандық автокөлік өндірісінің жалпы даму мүмкіндіктері. Зауытты орналастыру жөнінен шешім қабылдауда кореялық мамандар өте қызықты тұжырымға келді. Олардың пікірінше, логистика тұрғысынан қарастырғанда Қостанай – қазақстандық «автокөлік Детройты» үшін ең оңтайлы жер. Бұл, олардың ойынша, ТМД және тұтас Еуразияның географиялық орталығы, сол себепті бұл жерден Орталық Азияның да, Ресейдің еуропалық бөлігі мен Шығыс Еуропаның да, Сібірдің де өткізу рыноктары бірдей арақашықтықта орналасқан. Сондай-ақ зауытқа Оңтүстік Корея мен Жапония өнім жеткізушілерінің негізгі орталықтары және батыс пен шығыстың ықтимал рыноктарымен байланыстыратын Транссібір магистралы да жақын жерде өтеді. Қазақстан мен Орталық Азия рыноктарымен кәсіпорынды Қызылорда, Шымкент, Ташкент және Алматы арқылы өтетін басқа магистраль байланыстырады. «Бұдан артық жерді елестету мүмкін емес, – деп түсіндіріп өтті қостанайлық SsangYong құрастыру зауытының өкілі Андрей Лаврентьев. – Өндірістің орналасуы басқа аймақтармен салыстырғанда, тек логистиканың өзінен бір автокөліктен кем дегенде 600 доллар үнемдеуге болады».
Шынайы инновациялар, өндіріске жоғары білімді мамандарды тарту, өндірістің елеулі деңгейде жергілікті жерде орналасуы (50%-ға дейін), отандық әзірлемелердің кең пайдаланылуы – жаңа автозауыттың басым инновациялық жобалардың қатарына енгізілуі үшін сүбелі негіз. Шындығында, SsangYong автокөліктерінің Қостанайда шығарылуының көптеген көрсеткіш бойынша артықшылығы бар. Мысалы, жоба автокөлік кәсіпорны үшін рекордты қысқа мерзім ішінде іске қосылды. 2010 жылдың наурыз айында Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Корея Республикасына ресми сапары кезінде осы елдің автокөлік жасаушыларымен әріптестік туралы басты келісімдерге қол жеткізілді. Күзге таяу компаниялар Қостанайдағы кәсіпорында SsangYong автокөліктерінің ірі көлемді құрастырылатындығы туралы жарияласа, өткен жылдың қазан айында барлық SsangYong дилерлік орталықтарында Қазақстан Республикасында құрастырылған осы маркалы автокөліктердің ресми сатылуы басталды. Бүгінгі таңда зауыт алғашқы жобалық қуатына шықты: 300-ден астам автокөліктер құрастырылды, ал 2011 жылдың аяғына дейін конвейерден 1,5 мыңғы жуық машина шығады. Саяси ерік пен белсенді мемлекеттік қолдаудың арқасында бір жылға толмайтын уақыт ішінде дүниеге келген заманауи машина құрастыратын кәсіпорын іс үстіндегі индустрияландырудың шынайы тәжірибесінің айғағы.
Осы жобаны толық мәнінде инновациялық ететін тағы да бір ерекшелік машина құрастырушы кәсіпорынның қарапайым құрастыруға ғана бағытталмағандығы. Мұнда елде шығарылатын тетіктер мен бөлшектерді жаппай қолдану мүмкіндігіне үлкен үміт артады. Жақын арада қазақстандық ауқым кеңейе түспек. 2013 жылға қарай инвесторлар нүктелік дәнекерлеу және қорапты бояу бойынша роботталған құрал-жабдықтарды құрастырып, іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл өндіріс ауқымдылығын 35% деңгейде қамтамасыз етеді. Ал 2017 жылға қарай зауыт қабырғасында ашылған конструкторлық бюроның әзірлемелерін қолдана отырып, Allur Auto және «Агромашхолдинг» өндірілген өнімнің қазақстандық үлесін 50%-ға дейін көтермек. Айтпақшы, КБ қазақстандық қамту үлесін біртіндеп кеңейту мақсатында ашылып отыр. Конструкторлық топқа білікті инженерлер, автокөлік технологияларының сарапшылары, программистер шақырылды. Кеңістік компьютерлік үлгілеу, күрделі физикалық есептер және басқа әдістерді қолдана отырып, КБ қазіргі кезде кәсіпорын өндіретін автокөлік қатарында қолданылып жатқан бірқатар әзірлемелерді жасап шығарды. Мысалы, SsangYong Actyon Sports пикапы және Kyron «жолталғамасының» негізінде ТЖМ құтқару қызметтері, мобильді өрт күзеті, сонымен қатар газ және көгалдандыру қызметтері кәсіпорындары үшін арнайы кешендер әзірленді. Бүгінде мұндай автокөліктер Алматы, Астана және басқа қалалардың арнайы қызметтеріне жеткізілуде. Жергілікті нашар жолдар үшін қозғалғыш бөліктің күшейтілген жиынтығы әзірленуде. Оның ішінде қозғалтқыш түбі, беріліс қораптары мен жетекші доңғалақтар редукторларын қорғау түйіндері құрастырылып, өндірілуде. Алайда бұл да отандық мамандардың ендіріп жатқан әзірлемелерінің толық тізімі емес.
Қостанайлық жобаның тағы бір маңызды ерекшелігі бар. Логистика бойынша Қостанайдағы зауыттың орналасқан жері қолайлы екендігі жоғарыда аталып өтілді. Кореялық инвесторлардың дәл осы кәсіпорында өз өнімдерін болашақта Кеден одағы, ТМД, Орталық Азия және Шығыс Еуропа елдерінің аймақтық рыноктарына жеткізу базасы ретінде қарастыруы тегін емес. Сол себепті, әу бастан-ақ жоба зауыттың міндетті түрде жоғары технологиялық және заманауи болуын көздеді. Қазіргі кезде бұл жерде Ssang Yong кроссоверлерінің төрт түрі және пикаптар шығарылады, ал мамыр айынан бастап бұл тізім наурызда ғана Женева автосалонында ресми түрде ұсынылған жаңа New Actyon 2011 жылғы үлгісімен толықтырылады.
Қазақстандықтар үшін еліміздің аумағында құрастырылған және толық қызметтік қамтылуға ие жаңа көліктерді сатып алу мүмкіндігінің болуы өз кезегінде үлкен үміт арттырады. Себебі қазірдің өзінде көпшілік адамдар 1 шілдеден кейін ұсталған шетел көліктерін әкелу жеңілдіктері алынып тасталғанда қалай болатыны жайлы сауал қоюда. Себебі еліміздің авторыноктарында ұсталған автокөліктер бағасының күрт шарықтап кетуі әбден мүмкін. Әрине, көпшілік тұтынушылар назары, ең алдымен, Қазақстанда құрастырылған автокөліктерге ауады, себебі импорттық баж салығының жоқтығы себебінен олардың бағасы қолжетімді болады. Онымен қоса «жолталғамастар» мен кроссорверлердің әйгілі оңтүстіккореялық шығарушысы SsangYong Motor Corp. дәстүр бойынша демократиялық баға стратегиясын ұстанады. Осының арқасында кәсіпорынға деген қызығушылық қазірдің өзінде артып келеді. Класы бойынша бірдей 3-5 жылдық ұсталған көліктің орнына атақты өндірушінің соңғы үлгідегі жаңа кроссорверін сатып алу қызығарлықтай жағдай. Өндіруші тұтыну рыногына бағасы құрастырылуына байланысты 10-12 мың доллар болатын басқа да қолжетімді үлгілерін ұсынбақ.
Жаңа өндірістік кешен орналасқан аймақтың автокәсіпорын тұрғысындағы болашағы туралы да жалпы атап өтпеуге болмайды. Олардың келешегі зор. Қостанай өзінің жаңа зауытын орналастыру орны ретінде Sollers ресейлік топ және акционерлері ретінде қазақстандық Үкіметті біріктірген «Сары-Арка Автопром» бірлескен мекемесін таңдауы кездейсоқ болмағыны анық. «Сары-Арка Автопром» Қостанайда УАЗ және дүние жүзінде белгілі брендтердің бірқатар үлгілерін шығармақ. Сөйтіп, Қостанайда бірнеше жылдар бойы АгромашХолдинг комбайндарын шығарған «Қостанайдизель» зауытынан басқа мұнда екі ірі машина құрастырушы зауыт орналасатын болады. Демек, «қазақстандық Детройт» атанудың себебі де бар. Егер инвесторлар қызығушылығы, мемлекет қолдауы және кең көлемді өткізу рыногы болып тұрса, неге солай аталмасқа.
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.
Қостанай облысы.