28 Наурыз, 2017

Кәсіпкерге не кедергі?

540 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Иә, кәсіпкерге еш кедергі жоқ секілді көрінеді. Кез келген істі кәсіп қылып, шыр айналдырып пайда таба бер. Өзің де байы, өзгені де жарылқа. Тек заңды бұзбасаң болды. Солайы солай ғой. Бірақ өмірде қалай?

Кәсіпкерге не кедергі?

Әрине, кәсібін дөңгелетем деген адам түрлі іскерлік қасиеттерге ие болуы керек. Соған сәйкес ол өзінің бағыт-бағдарына сай амал жасайды. Тек, жоға­рыда айтқанымыздай, заңды бұзбай адал жұмыс істеу керек. Ал адал мал табу үшін жанын да, барын да салып жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлер жоқ емес. Алайда, олардың ісінің дұрыстығын көре алмайтын адамдардың әлегі де жетіп артылады. Сондайда кәсіп­кер­лердің адымын аштырғысы кел­мей­тін жандардың не ойлағаны бар екен дейсіз. Мемлекет басшысы шағын кәсіп­керлікке жасыл жол ашылуы керек деп айтудай-ақ айтып келеді. Ал бірқатар шенеуніктің белден басқан ісі талай кәсіпкердің жолына қақпан құрады екен.

Мәселен, бірде алматылық кәсіп­кер­лер шағын және орта кәсіпкерлік нысан­дарындағы маңдайшалар үшін Мемлекеттік кіріс департаментінен мыңдаған шот ала бастайды. Сол кезде көлік жуу орнының иесі Суриямға да жарты миллион теңге шот келеді. Бұл неліктен деп сұраса, Алматы сәулет және қала құрылысы басқармасының қызмет­керлері кіреберістегі «Көлік жуу» деген маңдайшаны жарнама деп есептепті. Тіпті, кәсіпкер әлгі қарыздарды тез арада өтеу үшін Мемлекеттік кіріс департа­­мен­ті мүлікті пайдалануға тыйым салатын өкім де шығарып үлгерген. Алайда, аң-таң қалған кәсіпкер де ақ-қараны айыру үшін, амал жоқ, шағымданады. Дәл сол аралықта Алматы қалалық кәсіпкер­лер палатасына мұндай сарындағы арыздардың он шақтысы түскен екен. Содан бұл мәселе Кәсіпкерлер құқын қорғау жөніндегі кеңесте қаралады. Ақыры заңгерлер «Көлік жуу» деген сөз, бар болғаны, қызмет түрін анықтай­тын маңдайша екендігін әрең дегенде түсін­діріп, дәлелдеп береді. Өйткені, сауда, қоғамдық тамақтандыру орны, тұрмыс­тық қызмет саласы кәсіпорындары іле­тін маңдайшалар заң бойынша сыртқы (көрнекі) жарнамаларға жатпайды. Сөйтіп, буынсыз жерге пышақ ұрамын дегендердің әрекеті ақталмай, күштеп қарыз өндіру өкімдерінің күші жойылды.

Бірақ осымен іс біте қойса жақсы ғой. Кәсіпкерлердің кәсібіне қызығатын небір шенеуніктер тырнақ астынан кір іздеуді қояр емес. Мәселен, Алматы қаласы Алмалы ауданы әкімдігінің қызметкерлері «Достар» көп қызметті компаниясы» ЖШС-не тексеріспен жетіп келеді. Тексергендері дұрыс дерсіз. Бірақ оның да бір себебі, негізі болуы керек қой. Сөйтсе, әлгі бақы­лау­шылардың қолында бұл тексеріс­тің құқықтық статистика органын­да тіркелгені туралы немесе осындай тексерістің тағайындалғаны туралы акт те жоқ болып шыққан. Компанияның қызметкерлері тексерісті тағайындаған лауазымды адамның ұйғарымын немесе актінің көшірмесін талап еткенімен, олар оның бірін де көрсетуден бас тартқан.

Содан, амал жоқ, «Достар» көп қызметті компаниясы» ЖШС жетек­шілігі Алматы кәсіпкерлер пала­тасына көмекке жүгінеді. Олар бір­ден прокуратураға хабарласып, ша­ғын жедел топты шақыруға кеңес береді. Прокуратура қызметкерлері лезде жетеді. Оқиға барысын түсінген құзырлы орган өкілдері әкімдік қыз­мет­керлерінен тиісті құжаттарын көр­сетуді сұрайды. Бірақ, жоғарыда айт­қанымыздай, оларда бұл компа­ния­ны тексеруге рұқсат беретін бірде-бір қа­жетті құжат болмайды. Осыған бай­ланысты бақылаушылардың өз­дері жауапқа тартылады. Артынан бұл заңсыз істерінің соңы немен ты­нарын анық түсінген олар кезекті тек­серістерінің сырын, яғни әкімнің ауызша айтқан бір сөзіне бола жарнама мен билбордтардың заңсыз ілінген, ілінбегенін тексеру үшін келгендерін жайып салады. Бірақ заңның аты – заң, ауданаралық әкімшілік сотының қаулысымен әкімдік қызметкеріне жеке кәсіпкерлік субъектісін тексерудің тәртібін бұзғаны үшін ескерту жасалды.

Біздің елімізде мұндай мысалдар бар­шылық. Соған қарап-ақ, кәсіпкер­лерге жөнсіз қысымның да аз емес екенін байқайсыз. Заң бұзған кәсіпкер­дің қалайда жазаланатыны анық, ал кәсіпкерге қысым жасайтындарға жаза жоқ. Бар болғаны жұмыстан ғана қуылуы мүмкін. Мәселен, өткен­де ғана Қаржы министрі Бақыт Сұл­танов кәсіпкерлерге орынсыз тексеріс жүр­г­ізетін қызметкерлер көп екенін жайып салды. Олардың мұндай заңсыз іс-әрекеттері үшін жұмыстан да қуы­ла­тынын жеткізді. «Жел болмаса шөптің басы қимылдамайды» дегендей, министр бір нәрсені білгендіктен айтады. Ол: «Елбасы айтқан маңызды мәселенің бірі – тексерістің көптігі. Өткен жылы 76 мың тексерудің төрттен бір бөлігі, яғни 23 мыңы – рейдтік тексеріс болды», деді. Иә, айта берсе кәсіпкерлерге қатысты жүргізілетін теріс тексерістің түрі көп. Қайран кәсіпкерлер ондай тексерістерден аман қалса жақсы, аман қалмаса кәсібі құриды. Содан соң кәсіпкерге не кедергі дейміз.


Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан»