Қазақ прозасы тарихында өшпестей із қалдырған қаламгерлер қатарында Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері Қабдеш Жұмаділов те бар. Оның қаламынан туған «Сарыжайлау», «Бір түп тораңғы», «Сәйгүліктер», «Қарауыл», «Бір қаланың тұрғындары», «Тұл дүние» сияқты повесть-хикаяттары мен «Көкейкесті», «Соңғы көш», «Тағдыр», «Прометей алауы», «Қылкөпір», «Атамекен» атты романдары оқырман қауымға етене таныс.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары жазылған екі томдық тарихи романы «Дарабоз» туралы Ш.Елеукенов, Т.Сыдықов, М.Хамзин, Ж.Дәдебаев, А.Егеубаев және т.б. белгілі ғалымдар кезінде баспасөз беттерінде жылы-жылы лебіз білдіргені де өзімізге белгілі десек, бұл мақалаларда романға әр қырынан аналитикалық талдаулар жасалған болатын. Сондай-ақ, бұл роман бойынша 2007 жылы академик Р.Бердібайдың жетекшілігімен Д.Болатханұлы «Қ.Жұмаділовтің «Дарабоз» дилогиясы (жанр және поэтика)» деген тақырыпта кандидаттық диссертация да қорғады. Аталмыш ғылыми еңбекте ғалым: «Шығарма тікелей отбасы эпизодынан емес, хан кеңесі эпизодынан басталуы роман-эпопеяның шарттарына сай келмейді деген пікір тудырмауы керек. Сөз жоқ, Л.Толстойдың салып кеткен эпопеяның жекелеген адамдар әрекетін, отбасы қатынастарын суреттей отырып, тарих сырларын ашу деген формуласы кейінгі эпопеяларда да, соның ішінде М.Әуезовтің туындысында да берік сақталады. Қ.Жұмаділовтің романы сол дәуірдің басты тарихи жағдайы баяндалумен ашылып, тек кейінгі бөлімде ғана түбегейлі отбасыға қарай ойысады. Бұл автордың өзіндік шешімі толстойлық формулаға бағынбағанмен, эпопеяның негізгі міндетінен ауытқымайды, тарихтың ішкі мәнін жеткізуде, тарихи ойды ашуда жасалған тың әдіс», дей келе әдебиетімізге қосылған тың еңбек, сүбелі үлес екендігін ашып айтып, еңбектің жанрлық сипаты мен поэтикалық ерекшеліктеріне де жан-жақты талдау жасау арқылы өз ойын дәлелдеп шығады.
Х.Оралтайдың «Елімайлап өткен өмір», А.Алтайдың «Алтайдан ауған ел», Б.Тілегеновтың «Тұйық өмірдің құпиясы», Ә.Нұршайықовтың «Өткелдер», Р.Тоқтаровтың «Бітеу жара», М.Мағауиннің «Мен» романдарымен бірге Қ.Жұмаділовтің «Таңғажайып дүние» шығармасы да өмірбаяндық романдардың алдыңғы шебінен орын алған шығармалардың бірі. Әдебиетіміздегі бұл жанрдың өзіндік қорына олжа салу үшін кез-келген қаламгерге өмірлік бай тәжірибе мен суреткерлік диапазон кеңдігі қажет. Бұл жүрдек уақыттың безбеніне түсіп, небір қым-қиғаш жолдан өткеннен кейінгі ой таразысына елес түсіретін дүниелердің жаңғырығы іспетті. Әрі қазақ әдебиетінің қорына ұшан-теңіз туынды әкелген қаламы қанатты Қ.Жұмаділов сияқты жазушылардың әрбір кейіпкерінің ішкі әлеміндегі психологиялық құбылыстарға терең бойлау үшін де бұл керек. Кейінгі жас ұрпаққа ғұмырбаяндық шығармалардың берер өнегесі де осы тұрғыдан өлшенсе игі.
Соңғы жылдары жазылған «Мәңгілік майдан», «Найман-Ана ескерткіші», «Тозақ оты», «Абылайдың ақырғы батыры», «Аранға түскен аққулар» атты тарихи хикаяттары да белгілі бір кезеңнің тарихи шындығын ашуға бағытталған.
«Тарихи романшылар кезеңі» аталатын 1960-1990 жылдардағы повестерін қоспағанда, қазақ прозасының қоржынына «Көкейкесті» мен «Соңғы көш», «Тағдыр» сияқты қомақты романдарды салған Қ.Жұмаділовтің кейінгі жылдары жазған бүгінгі қоғамның әртүрлі мәселелерін қамтитын әңгімелерінің өзі бір төбе. Атап айтқанда, «Зауал», «Мерген», «Аманат», «Емен мен қайың», «Әмбебап әйел», «Ол да бір қызық дәурен-ді», «Бәс, немесе қарагер аттың хикаясы», «Есі ауысқан адамдар», «Күйеу бала», «Абақты», «Кешірім», «Бір шөлмек сыра», «Фәни мен бақи дүние арасы», «Тоқымқағар», т.б. әңгімелері – соңғы он жылдағы жазушы жетістігі. Мұның барлығы да баспасөзде жарияланып, оқырмандарына жол тартты.
Қ.Жұмаділов шығармаларының ерекшелігі сонда, ол адам болмысы мен ұлт болмысын бірлікте, тұтас дүние кеңістігінде қарастырады. Ұлы Абайдың «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деуі, одан кейінгі Алаш зиялыларының ең алдымен адамдық принципті бәрінен жоғары қоюы қазақ этносының атадан балаға мирас болып келе жатқан «адам болу – жақсылық жасау» деген көзқарасын меңзейді.
ХХ ғасырдың бас кезінде «Ұлтшылдық дегеніміз – ұлтын сүю» деген қағиданы орнықтырған А.Байтұрсынов бастаған ұлт қамын ойлаушы Алаш арыстарының ой-пікірімен жастайынан таныс, Байтұрсынов «Әліпбиімен» алғашқы сауатын ашқан Қ.Жұмаділов қолынан келгенше Алаш идеологтарының тоталитарлық жүйе тұншықтырып тастаған арман-мүддесін ашық айтуға тырысты. Сондықтан да ол Шыңжанда жүріп «ұлтшыл» атанса, оған себеп болған факторларды көрсетіп беруге ұмтылды. Осы арқылы адам өмірінің мән-мағынасын ұғындырды, ұлтын мейлінше сүйген адамның «ұлтшылға» айналу себебін дәлелдей отырып, отарлаушы алпауыт империялардың қитұрқы әдіс-тәсілдерін көркем бейнелеу арқылы зердемізге құйып беруге ден қойды. Сонымен бірге «ұлтшыл» болу айып емес, қайта мақтанышпен айтылатын сөз болу керектігін «Дарабозда» Қабанбай, «Тағдырда» Демежан, «Прометей алауында» Ақтайлақ би, «Абылайдың ақырғы батырындағы» Бердіқожа, «Тұл дүниеде» Әсет ақын, «Соңғы көште» Алаш идеясын жүрегіне берік ұялатқан Естай, Шәкен, Тұрсын, Нартай, т.б. нақтылы тарихи образдар арқылы сипаттай отырып, «ұлтшыл» мен «нәсілшілдіктің» ара-жігін ажыратып берді.
Қ.Жұмаділов шығармаларының көтерген тақырыбы мен идеялық мазмұны қазіргі ұлы державалардың ұсақ елдерді жұтып қоюға бағытталған жаһандану (глобализация) кезінде тіпті қажеттілікке айналуы керек. Себебі, ұлы державалардың жұмырына жұқ болып кетпеу үшін көкірек көзіңді ашатын «түзу тарихқа» (А.Байтұрсынов) лайық жазылған көркемдік қуаты күшті шығармалар аса қажет. Бұл тұрғыдан алғанда, оның туындылары өткеннен сабақ алуға ғана үйретіп қоймайды, өткенің арқылы мақтануға да үйретеді. Абылай хан мен Қабанбай батыр өмір сүрген кезеңнен бастап, тәуелсіздік алғанға дейінгі қазақ халқының азаттық жолындағы ерлікке толы кезеңдері тап Қ.Жұмаділов шығармаларында көрсетілгендей еш жерде жазылмаған. Отарлау кезеңдерінің қатпарлы саясатын тарихшылардың өзі әлі күнге дейін белгілі бір жүйеге түсіріп бере алмай отырғанда, Қ.Жұмаділовтің бұл тақырыптың тереңіне бойлап кеткен том-том романдары мен тарихи хикаяттары терең талдауға зәру екендігін уақыттың өзі дәлелдеп отыр.
Қ.Жұмаділов 1936 жылы көкек айының 24-жұлдызында Тарбағатай тауының күнгей бетіндегі Шәуешек шаһарынан елу шақырым жердегі Малдыбай бұлағындағы қазақтың киіз үйінде дүниеге келген. Шығыс хиссасы негізінде қойылған Арнұрашит деген ағасына ұйқастырып, алғаш азан шақырғанда оған Қабдырашит деген ат қойылған екен. Бірақ ата-ана, ағайын-туған, ауыл-аймағы еркелетіп Қабдеш атандырған.
1944 жылы Малдыбай қыстауына жақын Сібеті деген жердегі әкесі Жұмаділ салдырған төрт сыныптық бастауыш мектепке сегіз жасынан барғанымен, емтихан алғанда әліппені тақылдап оқып, қисса, дастандарды жатқа соққан баланы бірден екінші сыныпқа қабылдайды. Үшінші сыныптан бастап дін сабағын да қосымша оқытады. Сөйтіп, Сібеті мектебін 1947 жылы үздік бағамен бітіріп, ары қарай оқуды 1949 жылы Шәуешек қаласында жалғастырады. Тұрсын, Шәкен, Сейітбек, Дәуітбек, Үркінші сияқты жетекші мұғалімдерден дәріс алады. Кейін осы адамдар жазушы шығармаларының қаһармандарына айналады.
Қ.Жұмаділов – әдебиетке өлеңмен келген қаламгер. Болашақ жазушының «Шыңжаң» газетіне жіберген алғашқы шығармасын сол тұстағы газет қызметкері, қазіргі белгілі ақын Оразақын Асқар ұнатып, газетке дайындап береді. Тұңғыш жарияланған осы өлеңнен кейін аймақтық «Тарбағатай» газеті мен өлкелік «Шұғыла» журналына үзбей өлеңдері жарияланып тұрады. Ал тұңғыш прозалық шығармасы 1956 жылы «Шұғыла» журналының бірінші санында жарияланған «Жамал» атты әңгімесінен басталады. Оның Қазақстандағы алғашқы шығармашылық қадамы да өлеңмен басталыпты. 1957 жылғы «Қазақ әдебиеті» газетінің поэзия бөлімінің бастығы, бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан қарт ақын Мұзафар Әлімбаевтың көмегімен болашақ жазушының бір топ өлеңі республикалық газеттің бетіне жарқ ете қалғанда, сол тұстағы әдеби орта мен студенттер арасында болашақ жазушының беделі бірден аспандап шыға келеді. Бұдан кейін көп өтпей өлеңдері «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетіне, «Пионер» журналына жарияланады. Қ.Жұмаділовтің тұңғыш кітабы да 1966 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Жас дәурен» атты өлеңдер жинағы екен.
1956 жылы шет елге оқуға жіберу үшін Шәуешек қаласына екі орын бөлінеді. Соның бірі үздік оқушы болғандықтан Қ.Жұмаділовке бұйырады. Сөйтіп, арнайы өкімет жолдамасымен сол кездегі Қазақстанның астанасы Алматыға келіп, оқуға түседі. Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің 2-курсын аяқтаған бетте 1958 жылы елдегі науқанға байланысты шетелдегі студенттерді де Қытай өкіметі қайта шақыртып алады. 1955 жылға дейін «кері төңкерісшілдерді бастықтыру», «жер арендасын кеміту», «помещиктерді тәркілеу», «үшке қарсы, беске қарсы» деген сияқты қозғалыстар кезінде пролетариат диктатурасы өзінің ең өткір қаруын жергілікті жердегі ел басқарған тұлғалар мен белгілі ақын-жазушыларға бағыттады. «Оңға бейім элемент» және «жергілікті ұлтшыл» деген екі бірдей «атаққа» ие болып үлгерген Қ.Жұмаділов «барлық гүлдер ашылсын, барша бұлбұл сайрасын» атты «Ашылып–сайрау» науқанының көкпарына айналады. Арада көп уақыт өтпей, «Сайрағанның бәрі бұлбұл емес, шешек атқанның бәрі гүл емес... Бұлбұлдан – қарғаны, гүлден – арам шөпті ажыратуымыз керек!» деген ұранмен «стиль түзету» науқаны шығады. Қызу науқан кезінде болашақ жазушы өзіне жабылған жаланың бәріне дәлелді жауап айтса да оны «еңбекпен өзгерту лагеріне» жібереді. Сөйтіп, жазушы өмірі 1958-1962 жылдары қуғын-сүргінге айналады. 1961 жылғы көктемнің басынан оны «төменге түсіріп», Тарбағатай аймағына жібереді. Бірақ Қ.Жұмаділовтің «идея қалтасы» деген қосымша құжаты уақытында жіберілмей, не жергілікті жерден жұмыс тауып бермей, оны тоғыз айға жуық сандалтады. Алматыдан оқып келген әжептәуір атағы бар азаматты тіпті мектепте маман жетіспей жатса да, жұмысқа қабылдамайды. Ақыры аталас ағайыны, Сібеті мектебінің директоры Нұртай Қожабеков жауапкершілікті өз мойнына ала отырып, болашақ жазушыны бастауыш сыныпқа мұғалім етіп қабылдайды. «Сөйтіп мен 22 жасымда «ұлтшыл» атандым. Бұл – менің империялық өкімет берген тұңғыш атағым еді. Әуелде құлаққа түрпідей тигенімен, келе-келе етім үйреніп, бұл аттан онша үрікпейтін болдым. Тіпті, мақтаныш етуге де болатындай. Алаяқ, сатқын, ұры-қары, қарақшы атанбай, ұлтшыл атанғаныма мың бір тәуба! Әрине, кейін абыройға жетіп, елге танылған кезімде халық берген, үкімет бекіткен басқа да атақ-дәрежелерім бар. Сол қатарда жастай тағылған «ұлтшыл» деген айдарды да далаға тастағым келмейді. Тегінде, қай елде болмасын, отаршыл өкіметтің «халық жауы» дегендерін – «Халық қаһарманы», «ұлтшыл» деп атағандарын «елін сүйген патриот» деп ұқсақ қателеспейміз», – дейді жазушының өзі. Отаншыл, халықшыл деген сөздер жақсы болғанда «ұлтшыл» деген сөздің құбыжық құсап көрінуі әуелде Кеңес өкіметінің Алашорда қайраткерлерін осылай атап, бұл сөз әлі күнге дейін өзінің «қорқынышты» сипатынан арылмай келе жатқандығын Қ.Жұмаділов «Таңғажайып дүние» атты өмірбаяндық кітабында жеріне жеткізе жазады.
Міне, осы уақытта ол Кремльге жүздеген адамның қолын қойғызып, өз атынан және Шәріп Ақышев деген нағашысының атынан оншақты рет хат жолдайды. Шәуешектегі ССРО консулдығына кіріп, оған келген жауаптармен де танысады. Сол кезде Қ.Жұмаділовке елдің сенім артуының бір себебі, оның жас жазушы деген атағына қоса, екі жыл Алматыда оқып, кириллица мен орысшаны жақсы меңгеруі себеп болады. Шекара ашылған бетте дүр көтерілген елді тоқтата алмай қалған жергілікті өкімет «көшкен елді бөгей алмасақ та, соны ұйымдастырған «бұзақыларды» ұстап қалдық» деу үшін көшті ұйымдастырушылар мен кінәлі адамдарды іздеуге шұғыл кіріскен кезде ең алдымен Қ.Жұмаділовке қауіп төнетіні жайдан-жай емес. Дер кезінде хабар тиіп, қашып үлгермегенде қазақ әдебиетінің алтын қорына осыншама мол дүниенің қосылуы неғайбыл еді.
Демек, 1962 жылғы бас-аяғы жиырма шақты күннің ішінде Шәуешек маңындағы қалың елдің шекарадан үдере көшіп өте шығуындағы негізгі идея мен жоба-жоспар дәл сол кезден басталған деуімізге негіз бар. 1962 жылы ол өлкені біржола тастап, шекара маңындағы тұтас көтерілген елді бастап, бергі бетке өтіп кеткеннен кейін Қ.Жұмаділов қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі үзіліп қалған оқуын қайта жалғастырады. 1965 жылы университетті бітірген соң, әуелі «Қазақ әдебиеті» газетінде, сосын 1967 жылы «Жазушы» баспасының проза бөлімінде 1976 жылға дейін аға редактор болып жұмыс істейді, 1976-1981 жылдар аралығында мемлекеттік баспасөз комитетінде қызмет атқарады. Кеңседе отырып атқарған жұмыстарының қысқаша тарихы осындай. Ал 1981 жылдан бастап, қазіргі уақытқа дейін тек шығармашылық жұмыспен ғана айналысып келеді. Бүгінде Сәуле Әукенқызы екеуі төрт ұл, бір қыз тәрбиелеп, өсіріп, ардақты ата, аяулы әжеге айналып отыр.
Әрине, кеңес өкіметінің қылышынан қан тамып тұрған кезінің өзінде жанын шүберекке түйе жүріп, қазақ халқының мұң-мұқтажын айтуға ұмтылған Қ.Жұмаділов сынды «қазақ карасөзінің дарабозы» (Б.Шарахымбай), «Соңғы көштің қара нары» (Н.Қазыбеков), «Тағдыры бөлек Тарланбоз» (А.Нүсіпханұлы), «Қазақ прозасының мұзтауы» (Т.Ахметжан), «Тағдыр тамыршысы» (Қ.Ысқақұлы), «Мұраты биік суреткер» (М.Хамзин), «Тағдырлы тұлға» (Т.Жұртбай), «Дарабоз жазушы» (Ж.Елшібек) атанған қаламгердің шығармашылығындағы тың ой мен тақырып сонылығы талай зерттеулердің өзегіне айналары хақ.
Қ.Жұмаділовтің он екі томдық шығармалар жинағына алғысөзінде замандасы әрі қаламдасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Әкім Тарази былай деп жазыпты: «Қабдеш – тілге аса бай және әр сөздің сиқырлы бояуын жан-тәнімен нәзік сезінетін жазушы. Тіл байлығы дегеніміз – қазақтың ескілі-жаңалы сөздерін көп білу ғана емес, әр сөзге жан бітіріп, қалауын тауып, өз орнында дұрыс қолдану ғой. Тіл шеберлігі деп осыны айтады. Бұл жағынан алғанда, Қабдеш – әдебиетіміздегі санаулы шеберлердің бірі. Жұмаділов прозасын оқығанда, өкпең қысылмайды, ойлы-шұқырға ұрынып кібіртіктемейсің. Бейне ауасы таза кең сарайға кіргендей, көңілің сергіп, рахаттанып отырасың». Он екі томдықтың ішіндегі он томы – роман, бір томы әңгіме-повестері, бір томы публицистикалық жанрда жазылған шығармалары. Онда очеркі де, сын, проблемалық мақалалары да қамтылған. Одан бері жазылған көркем туындылары қаншама, біз оны мақала басында келтірдік.
Сайып келгенде, қаламгер ата-баба даналығынан, сол сілемде қалыптасқан ұлтының ғұмыр сүру дағдысынан, жөн-жосығынан көз жазбай, адамға да, қоғамға да, заманға да сабырлы әрі сергек қарап, өзінің оған деген ішкі пайымын ақ қағазға түсіруден жалыққан емес.
Руда ЗАЙКЕНОВА, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты.