Ал осы бағытта сөз айтар болсақ, 2010 жылдың 1 желтоқсанында Астанада өткен ЕҚЫҰ-ның саммитіне соқпай өту орынсыздау көрінеді. Ендеше әлемдік деңгейдегі осынау тарихи оқиғаны, оның халықаралық қоғамдастыққа тигізген оң ықпалын санамызда тағы бір жаңғыртып көрсек. Ал форумда сөз алған тұлғалар Астана Саммитінің бастапқы кездегі халықаралық қауіпсіздік қатерлеріне жауап ретінде қалыптасқан негізгі қағидаттарға жақындығын атап өтіп, Қазақстанның Ұйымға төрағалығы кезеңінде ЕҚЫҰ мазмұнына жаңа толықтырулар енгізілгендігіне ризашылықтарын білдірді.
ЕҚЫҰ тарихындағы 1975 жылғы Хельсинки Қорытынды актісі, 1990 жылғы Жаңа Еуропаға арналған Париж хартиясы мен 1999 жылғы Ыстанбұл келісімдерінің маңыздылығы және ендігі жерде бұл құжаттардың қатарында 2010 жылғы ЕҚЫҰ-ның Астана Декларациясы қосылатындығы атап көрсетілді. Еліміздің Астана Саммитін өткізуі − Қазақстанның Ұйым тарихындағы сапалық жұмысы әрі оның тарихында қалатын қызметі. Әлем жұртшылығы елімізді ЕҚЫҰ Астана Саммиті мен халқымыздың қонақжайлығы арқылы ерекше есте сақтайтын болады.
Саясат саласында да мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың салқындағаны байқалғандықтан, геосаяси және идеологиялық мақсаттардан әлемдік тіршілікті сақтау талпынысы жоғары тұратындығын көрсететін жаңа алаң қалыптаса бастайтындығы белгілі. Сондай алаңның бірі – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымның қалыптасуы деп айтуға болады.
КСРО-ның ыдырауы Еуропа құрлығындағы геосаяси жағдайдың өзгеруіне алып келді. Еуропа мен ТМД кеңістігінде жаңа тәуелсіз мемлекеттер пайда болды. Варшава шартының бұрынғы мүшелері енді НАТО құрамына кіре бастады. Сондықтан да, осы кезеңнің жағдайына жауап беретіндей жаңа құжат дайындау қажеттілігі туындады. Орын алған барлық өзгерістерді есепке ала отырып, қайта жиналып қауіпсіздіктің жаңа қағидалары туралы келісу қажет болды. 1999 жылғы Ыстанбұл саммитінде Ұйымның жауапкершілігі аумағын кеңейткен және жалпыға бірдей қауіпсіздіктің негізгі элементтерін бекіткен жаңа Еуропа қауіпсіздігінің хартиясы қабылданды.
Соған қарамастан, Ыстанбұлда қабылданған көптеген жауапкершіліктер жүзеге асырылмады. Осыған байланысты үстіміздегі ғасырдың басынан бастап ЕҚЫҰ үдерісіне қатысушылар арасындағы өзара қайшылықтар тереңдей түсті және халықаралық қа-
уіпсіздік жүйесінде дағдарыстық белгілер айқын көріне бастады. Осы жағдайларда ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер мүдделерінің теңсіздігі қалыптасты, ал Ұйым жұмысында конъюнктуралық әдіс басым болып, жалпы әлемде, оның ішінде ЕҚЫҰ-ның жауапкершілік аумағындағы әскери-саяси жағдай өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ. Яғни, әлемдік сахнадағы саяси климат салқындау жағдайына қайта оралды.
Міне, осы қайшылықтарға балама ретінде ЕҚЫҰ төрағалығына Қазақстан кандидатурасы ұсынылды. Халықаралық қауіпсіздік жүйесінің жаңа сын-қатерлері жағдайында ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің өзара қарым-қатынасының нашарлау үдерісі бұдан кейінгі уақытта да жалғасуы мүмкін екендігі де түсінікті болды. Еліміз Еуропа қауіпсіздігі құрылымының модераторы рөліндегі үлкен жауапкершілікті мойнына ала отырып, Ұйымның қызметіне қарқын қосу мақсатында халықаралық сахнада белсенді бастамалар көтере білді.
Қазақстан өз төрағалығын тек формальды түрде ғана өткізіп қоймай, уақыт талабы мен геосаяси жағдайға сай ЕҚЫҰ жұмысына жаңа дем берді. Қазақстан Ұйымға төрағалығы кезінде бір жылдың ішінде оның барлық ісіне жан-жақты атсалысып, ерекше белсенділік көрсетті. Еліміздің өкілдері барлық қауіп-қатерлі, гуманитарлық көмекті қажет етіп отырған аймақтарға барып, кешенді келіссөздер жүргізіп қайтқаны баршаға мәлім.
Осылайша, Астанадағы ЕҚЫҰ Саммиті өзгермелі заманауи әлемнің қатерлеріне уақтылы берілген жауап болды. Соның нәтижесінде ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар жаһандық қауіпсіздіктің қауіп-қатерлерін жоюға қатысты тиімді және кешенді бірлескен шаралар жасауға қол жеткізді.
Нұрлан СЕЙДІН,
саясаттанушы