«Орталық Азия – Орталық» магистралды газ құбыры құрылысының басталғанына – 50 жыл
Көгілдір отыннан кенде болмасақ та, қай кезде де табиғи газды өзімізде өндіру, жетпегенін көршілерден тасымалдау, оны еліміздің батысынан басқа өңірлерге жеткізу, кейінгі көршілерімізге қарасу қай кезде де өзекті мәселелер қатарында болып келген.
Халықты табиғи отынмен қамтамасыз етуде қауіпсіздік шараларын сақтау, магистралды газ құбырларының құрылысын жалғастыру, жетілдіру, тозған тұсын жөндеп, әр кіндігіндегі өңірлер мен елді-мекендерге газ кіргізіп беру де елдің әрі экономикалық әрі әлеуметтік міндеті екендігі әркімге белгілі.
Осы тұрғыдан алғанда республикалық маңызы бар «Орталық Азия – Орталық» магистралды газ құбыры құрылысының басталғанына тура жарты ғасыр толуын айтулы оқиғалар қатарына жатқызған болар едік. Осыдан 50 жыл бұрын, 21 сәуірде қолға алынған жоба Қазақстандағы газ тасымалы жүйесінің де негізін қалап берген. Кезінде Қазақстан, Түркіменстан, Өзбекстанның газ орындарын орталық Ресейдің өндірісі дамыған аудандарымен жалғау үшін салына бастаған газ магистралының қажеттілігі жылдар өткен сайын көрінуде.
Кезінде «Орталық Азия – Орталық» газ құбырының құрылысының басталуы бір шекпенді жамылып отырған елдерге ғана емес, бүкіл Кеңес Одағы мен оның ішінде Қазақстан үшін де газ саласы дамуының маңызды кезеңі болғандығын ешкім жоққа шығара алмайды. Сол уақытта Қазақстанда құрылған Бейнеу магистралды газ құбыры басқармасының базасында арнаулы қызметтер жасақталып, еліміздегі газ тасымалы жүйесінің негізі қаланған.
Содан бері де жарты ғасыр өтіп, халықаралық маңызға ие болған газ құбыры тармақталып, құлашын жайып келеді. Қандай күрделі кезеңдер өтсе де Орталық Азияны көгілдір отынмен жылытып отырған бұл нысан назардан тыс қалып көрген емес.
Дәл қазіргі таңда Қазақстанның магистралды газ тасымалы жүйесі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат» қоры басқаратын «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясына қарасты «ҚазТрансГаз» АҚ еншісінде. Оған қоса, бұл күндері де «Орталық Азия – Орталық» газ құбыры жүйесі өз маңыздылығын арттырмаса, жойған емес. Өйткені, дәл осы газ құбыры арқылы ортаазиялық газдың айтарлықтай көлемі Қазақстан аумағы арқылы Ресейге, одан әрі Еуропаға тасымалданады. Және тәуелсіз Қазақстанның қазынасына да ол тұрақты табыс келтіріп тұр.
Осы арада атын айтпай кетуге болмайтын тағы бір кәсіпорынның аты еске түседі. Сонау 60-шы жылдары «Орталық Азия – Орталық» жобасы бойынша Қазақстанның әріптесі ретінде Челябі қаласында құбырларды жалға беру зауыты іске кіріседі. Ресейдегі қазіргі ірі зауыттың дүниеге келуіне аталмыш жобаның тікелей ықпалы бар. Сол 60-шы жылдардың басында Федеративті Германия өз фирмаларына Кеңес Одағына газ құбырларын сатуға тыйым салғаны қазір ұмыт бола бастады емес пе?!
Бұл кәсіпорын КСРО кезінде рекордтық мерзім аралығында үлкен диаметрлі құбырлар шығаруды меңгеріп қана қоймай, одақтас елдердің қажеттілігі үшін жыл сайын 2 миллион тоннаға дейін құбырлар шығарып отырған.
Қазіргі таңда да Челябідегі трубопрокат зауыты – Ресей металлургиялық кешендерінің алдыңғы қатарлы өндірістік топтарына жатады. Өнімдерінің басым бөлігін Қазақстанға жөнелтіп отырған бұл зауыт бүгінгі күндері де бізбен әріптестікке мүдделі екендігін естен шығармайды.
Өткен жылы ЧТПЗ ресейлік құбыр шығару саласында серпінді жобаны іске асырып – «Высота 239» бір тігісті, үлкен диаметрлі құбырларды шығару цехының құрылысын аяқтап, іске қосқан. Жаңа цех – заманауи өндіріс мәдениетімен сабақтасқан, экологиялық қауіпсіз, жоғары сапа мен кәсіпқой мамандарға арқа сүйеген «ақ металлургияның» алғашқы қарлығашы деп қабылданып отыр. Озық технологияларды қолданудың арқасында аталмыш зауыттың «ақ металлургиясы» металмен жұмыс істеу таза киім, аппақ түспен қабыспайды деген түсінікті түбірімен жойды. Осы уақытқа дейін темір өндірісі саласы дәстүрлі түрде «қара» әрі кіршең өндіріс болып келгені белгілі.
«Орталық Азия – Орталық» газ магистралының құрылысына сәйкес дүниеге келген Челябі зауытын айналсоқтап әңгіме айтып отырғанымыздың сыры сол, Кедендік одақтың құрылуы Ресеймен әріптестікті қайта жаңғыртатыны белгілі. Оның үстіне Қазақстан ТМД елдерінің ішінде труба құбырларына деген сұранысы ең үлкен ел. Бұл зауыт өнімдерін еліміздегі «ИнтерГАЗ центр Азия», «ҚазТрансОйл», «ҚазТрансГаз» және ресейлік кәсіпорындар үлесі бар «Каспий құбыр жүргізу консорциумы» (КТК) тұтынады. Аталмыш зауыт сондай-ақ «Бейнеу – Бозой – Шымкент» құбыр желісін де құбырмен қамтамасыз етпек ниетте.
Кеше Алматыда газ құбыры құрылысының жартығасырлық мерекесі аясында «Орталық Азия – Орталық: инновация арқылы болашаққа» деген тақырыпта ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған Қазақстандағы газ тасымалдау жүйесі мекемелері мен компанияларының басшылары, олардың ресейлік әріптестері, атап айтқанда, Челябі трубопрокат зауытының өкілдері, сондай-ақ Қазақстаннан өткен алғашқы газ құбыры магистралін салған ардагерлер қатысты. Осы шаралардың барлығы Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесі аясында аталып өтуде.
Айнаш ЕСАЛИ.
Алматы.