Шуақты көктем солтүстік өңірге де жетіп, қырдағы қарбалас көбейе түскен. Диқандар дала жұмыстарын сапалы атқаруға тас-түйін кіріскен. Күзгі жауын-шашынның, қыстағы қардың молдығы көңілге қуаныш үмітін ұялатқанымен, тұқымды қашан жерге сіңіргенше тыным табар емес. Олар жылдағы дәстүр бойынша жауапты науқан алдында келелі міндеттерді анықтау, шешу жолдарын белгілеуге арналған жиынға қатысуға да уақыт тапты. Оған аудан әкімдері, ірі агроқұрылым басшылары шақырылғанын естіп, «е, бәсе» десті. Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Евгений Аман бастаған басқарма, корпорация жетекшілері келгенін жақсылыққа жорыды. Салиқалы басқосу басталар алдында Погодин орыс драма театры алдында ауылшаруашылық техникалары мен Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы ұсынған дәнді, майлы және жемазықтық дақылдары көрмесі ұйымдастырылды. Отандық автомобильдер мен мәшине жасау кәсіпорындарының өнімдері де көрсетілді.
Кеңейтілген кеңесті облыс әкімі Серік Біләлов ашып, Елбасы Н.Назарбаевтың халыққа арнаған Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытуға зор мән берілгенін, еңбек өнімділігін, мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыру, азық-түліқ қауіпсіздігін қамтамасыз ету басым бағыттар болып қала беретінін атап өтті. «Биылғы көктемгі тұқым себу науқанын ойдағыдай атқаруға Үкімет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп отыр. Арзандатылған бағамен дизель майын жеткізу, несиелеу, өсімдік шаруашылығын субсидиялау шаралары шешім тапты. Қалған жұмыстардың ойдағыдай атқарылуы өзімізге байланысты», деді Серік Сұлтанғазыұлы.
Агроөнеркәсіп кешенін дамыту және көктемгі дала жұмыстарын өткізу мәселелеріне арналған кеңейтілген жиында облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Сапаров баяндама жасап, алдағы міндеттер жайлы айтып берді. Биылғы егістік алқап 4 миллион 532 мың гектарды құрап отыр. Оның ішінде дәнді дақылдар – 3,9 миллион гектар. Бұдан тысқары майлы, жемазық, дәнді-бұршақ дақылдарын көбейту көзделген. 2 миллион алқапқа қар тоқтатылып, 3,3 миллион гектар жерге ылғал үнемдеу технологиясы қолданылған. Қажетті 546 мың тонна тұқым себу кондициясына жеткізілген. Облыстың агроөнеркәсіп кешенін қолдауға 6,6 миллиард теңге бөлінсе, 4,8 миллиарды – өсімдік шаруашылығына тиесілі. Бір миллиард теңгеге 131 техника алынып, көктемгі дала жұмыстарының 70-75 пайызы осы заманғы кешендермен атқарылатын болады. Соңғы 4 жылда сыйымдылығы 283 мың тонналық 14 элеватор іске қосылды. Тағы 4 астық қабылдау пункті салынуда.
Кеңесте сөз алған «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» АҚ-тың басқарма төрағасы Бейбітхан Қабдырахманов ауыл шаруашылығы саласын несиелеу талапқа сай жүргізіліп жатқанын, биыл 39 миллиард теңге бөлінгенін, Қызылжар өңірінен 4 миллиард теңгеге ұсыныс түскенін, бұл әлі аздық ететінін жеткізді. Ол бір тонна астықтың сатып алу бағасы 25 мың теңгеге белгіленгенін, түпкі бағаны рынок анықтайтынын мәлімдеді. «А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» РМК директоры Жексенбай Қасқырбаев, «Қазгидромет» РМК агрометеорология департаментінің директоры Сәкен Байшоланов, тағы басқалары жаздағы ауа райына қатысты мәліметтер беріп, болжамдар білдірді.
Диқандар алдында Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Е.Аман сөйлеп, солтүстікқазақстандықтардың егін себу науқанына тыңғылықты дайындалғанын, ендігі міндет көктемнің әр күнін тиімді пайдаланып, үлкен жауапкершілікпен атқаруға тірелетінін жеткізіп, сәттілік тіледі.
Өмір ЕСҚАЛИ.
Солтүстік Қазақстан облысы.