Петропавл қаласында дәулетті адамдардың қаражатына тұрғызылып, бүгінде тарихи ескерткішке айналған ғимараттар көп. Солардың бірі – «көпес Светлинскийдің үйі» сәулет өнерінің қайталанбас жауһары іспеттес. Ол ХХ ғасырдың басында тұрғызылса да, сыртының тозғанына қарамастан, сынын жоғалта қоймағаны бірден байқалар еді. Біразға дейін әркім пайдаланып келген ғимарат 1980 жылы мемлекеттік қорғауға алынып, 2007 жылы академик Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің қарамағына берілді. Университеттің аумағында орналасқан үй үш жыл бойы күрделі жөндеуден өткізіліп, құрылыс-монтаж жұмыстарына 100 миллионнан астам, құрал-жабдықтар мен қондырғылар сатып алуға 12 миллион теңге жұмсалды. Сөйтіп, Қазақстанның, әлемнің, іргелі оқу ордасының тарихынан сыр шертетін әмбебеп мұражайға және интернет-кафеге айналдырылды. 406 шаршы метр аумақты алып жатқан оның ашылу салтанатына тарихшы Манаш ағамыздың зайыбы Сара Пішенбайқызы, облыс әкімі Серік Біләлов қатысып, көк лентаны қиды.
– Ел Тәуелсіздігінің жиырма жылдығын Қызылжар өңірінің жұртшылығы да жоғары жетістіктермен атап өтуге бел буған. Олардың бел ортасынан СҚМУ ұжымын көреміз. Мемлекет басшысы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдауында жаңа әлеуметтік саясаттың тың бағыттарын белгілеп берді дей келіп, бүгінгі күні кәсіби және техникалық білім берудің мән-маңызы артып келе жатқанын, білім беру жүйесін халықаралық талаптарға сай дамыту – іргелі міндеттердің бірі екенін тілге тиек еткен Серік Сұлтанғазыұлы мерейлі мерекені бірлесіп, қарсы алуға шақырды. Мұражай меңгерушісі Ботагөз Қожабекова құрметті қонақтарды бастап жүріп, осындағы қымбат та құнды жәдігерлермен таныстырды. Екі қабатты мұражайдың жеті залына сегіз мыңға жуық экспонаттар мен этнографиялық, археологиялық қазба ескерткіштері қойылған. Олар тақырыптар бойынша жіктеліп, тас дәуірінен бастап, қазіргі кезеңге дейін қамтиды. Әсіресе, отандық тарихқа, Тәуелсіз Қазақстанның 20 жылдығына арналған бөлімдер бай. Сондай-ақ, университет өміріне қатысты да мол деректердің жиналғаны байқалады. Алдағы уақытта дәрістер, кездесулер, тақырыптық кештер, жылжымалы көрме ұйымдастыру көзделген.
– Қызылжар өңірінде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, бұрын мәлімсіз болып келген «тарихи ақтаңдақтарды» зерттеуде СҚМУ-дың орны ерекше. Мәселен, Айыртау ауданындағы Ботай археологиялық қазба орнын тауып, әлемге танытқан біздің мекеме болатын. Бұған дейін мұражай тар бөлмелерге қоныстанып келсе, енді экспедициялық зерттеулер мен жаңалықтарымызды кеңінен тамашалауға мүмкіндік туып отыр. Осындағы экспозициялар ұжым қызметкерлерінің, оқытушылар мен студенттердің күшімен жиналғанын айта кеткен жөн, – дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Виктор Зайберт. Интернет-кафесінің қазіргі талап-талғамға сай безендіріліп, жабдықталғанына қарап, бір кездері көпес үйінің қоймасы болды дегенге сену қиын. Мұндағы қызметтер студенттер үшін тегін. Бір сөзбен айтқанда, жастардың алаңсыз демалуына да, біліммен айналысуына да барлық жағдай жасалған.
Осы күні университеттің мәжіліс залында «Инновациялық технологиялар – болашақтың экономикасын дамыту негізі» деген тақырыпта республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Онда түрлі сала ғалымдары баяндама жасап, инновациялық технологияны, озық ғылыми әдістерді өндіріске енгізудің жолдарын ортаға салды.
Өмір ЕСҚАЛИ.
Солтүстік Қазақстан облысы.