Біртұтас коммуникациялық трансеуразиялық жүйе ретінде үлкен маңызға ие болған Ұлы Жібек жолы қазір де түрлі мемлекеттер, оның ішінде Қазақстан мен Қытай елдері арасындағы қазіргі заманғы мәдени және экономикалық байланыстардың дамуында да үлкен рөл атқарып отыр.
«Жаңа бейне», «Бірлескен құрылыс және пайдаланылуы», «Бірлесіп өмір сүру мен ортақ-
таса өркендеу» атты 3 бөлімнен тұратын көрмеге Ұлы Жібек жолының тарихы ғана емес, сонымен бірге саясат, экономика, құрылыс, бизнес, білім беру, мәдениет, туризм және спорт салалары бойынша Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарының жетістіктері бейнеленген 70-тен астам фотожұмыс қойылған. Фотосуретшілер жұмысында сондай-ақ, Қытайдағы сәулет ескерткіштері, көркем табиғи орындары, көрікті жерлері көрініс тауыпты.
Көрменің бірінші бөлімі халықтарға өз тарихи-мәдени мұрасын сақтауға, бейбітшілік, келісім, достық, жариялылық пен төзімділікті сақтай отырып, өмір сүруге мүмкіндік берген кезеңнен, яғни Ұлы Жібек жолының екі мың жылдық тарихын қамтыған 26 фотосуреттен тұрады. Фотосуреттер арасында: «Jiayu – Ұлы көш», «Будда үңгіріндегі күн сәулесі», «Yongtai көне қаласы», «Түнгі қайықтар сайысы», «Тибеттік Жаңа жыл», «Түйеші», «Көне ауылдағы қағаз өндіру», «Жүрдек пойыздар дәуірі», «Аспалы көпір» сияқты көптеген жұмыстарды тамашалауға болады.
Көрменің 25 фотосурет қойылған екінші бөлімі экономика және зауыттар мен қайта өңдеу комбинаттарының құрылысы, энергетикалық, фармацевтикалық компаниялар, банктер мен сауда орталықтарын ашу салалары бойын-
ша ортақ жобаларды іске асыру мақсатындағы Қазақстан-Қытай өзара тиімді ынтымақтастықтағы қарым-қатынасын бейнелейді. Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы цемент зауыттары, «Тау-кен» Ақтоғай зауыты, «SINOPEC» мұнай өңдеу зауыты, «Мойнақ Су» электростансының ашылу сәттері, Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «CNPCS» компаниясының Ақтөбедегі филиалының директорын грамотамен марапаттау сәті бейнеленген фотосуреттер ерекше қызығушылық тудырды.
Қытай фотосуретшілерінің Алматыда түсірген 19 фотосуретінен тұратын көрменің үшінші бөлімі: Қытайдың салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары, мерекелері, қазіргі дамуы, «Шэньси провинциясынан Алматыға дейін келген 100-ден астам адам мен түйелер керуені» жұмысы, ҚХР Алматы қаласындағы Бас консулдығы өткізген «Қытай тағамдарының мерекесі», «Қытай мәдениетінің күні», Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде өткен «Тіл достастықтың көпірі» байқауы, «Қытай спортшылар құрамасының Конфуций мектебінің оқушыларымен бірге Қытай Жаңа жылын қарсы алуы», «Қазақстан-Қытай дипломатиялық қарым-қатынасының 25 жылдығына арналған Гала-концерт», «Наурыз мейрамы» сияқты Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдениет пен өнер салаларындағы қарым-қатынасты қамтыған.
Көрме сәуір айының 11-іне дейін жалғаспақ.
Мира БАЙБЕК,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ