Кезек күткен министр
Министрдің Орал қаласында алдымен ат басын тіреген жері – №5 қалалық емхана. Емхана директоры Сәуле Бұлқашеваның айтуынша, мұнда аурулардың алдын алу, ерте анықтау және ауруларды басқару бағдарламасына (АББ) баса көңіл бөлінеді. 2016-2019 жылдарға арналған жіті миокард инфарктісі және инсультке, онкологиялық қызмет және босандыру қызметі, балаларды басқару бойынша денсаулық сақтаудың бірыңғай модельдерін енгізу үшін қанатқақты аймақ ретінде Батыс Қазақстан облысы таңдап алынған болатын. Өңірлік «Жол картасы» жүзеге асырылып жатқан қанатқақты жоба нәтижесінде Орал өңірі қазірдің өзінде өлім-жітім көрсеткіші мен асқынған аурулар саны жағынан оң өзгеріс көрсетіп отыр.
Елімізде денсаулық сақтау саласына енгізіліп жатқан жаңалықтың бірі – электронды кезек. Министр осы құрылымның жұмысын тексеріп көру мақсатында өзі де кезекке тұрды. Сөйтіп, электронды кезектің тиімділігін жоғары бағалады.
Кездесу кезінде «Жарқын болашақ» инновациялық орталығының директоры Александр Фомин министрге емхана пациенттерінің бірыңғай электронды мәліметтер базасын таныстырып, іс жүзінде қалай қолданылатынын көрсетіп берді. Бұл жүйенің тиімділігі сол – саладағы қағаз құжат айналымы бірте-бірте азайып, дәрігерлер электронды медициналық картамен жұмыс жасайтын болады.
– Әр пациенттің ауру тарихы немесе медициналық картасы сақталған ортақ мәліметтер базасы жасақталады, – дейді А.Фомин. – Біріншіден, қағазбастылықтан арылсақ, екіншіден, науқасты емдеуде жүйелілік пайда болады, үшіншіден, болашақта пациент нақты бір медицина мекемесіне де, нақты бір дәрігерге де байланып қалмай, таңдау құқығын алуы мүмкін.
Электронды базаның тағы бір тиімділігі – науқастың ауру тарихын жоғалтып алу жойылады. Бұл жүйе мемлекет үшін де ыңғайлы: сан түрлі аурудың статистикасы оңай көрініп тұрады. «Қазақстан Республикасында электронды денсаулық сақтауды дамытудың 2013-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бойынша емдеу мекемелерінде науқастарға электронды медициналық карта толтыру ісі басталып кетті.
Реформа жауапкершілікті арттырады
2017 жылғы 1 шілдеден бастап елімізде мемлекеттің, жұмыс берушілердің және азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті медициналық сақтандыру енгізіле бастайды. Ал 2018 жылдың алғашқы күнінен бастап Қазақстан азаматтары және сақтандырылған тұлғалар үшін МӘМС шеңберінде медициналық қызмет қолжетімді болады. Осы орайда көпбейінді қалалық ауруханада болып, өңірдегі денсаулық сақтау саласының активімен кездескен Е.Біртанов бұл реформаны егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.
Медициналық сақтандыру жүйесі аясында тұрғындарға медициналық қызметтің екі түрлі пакеті ұсынылады.
Бірінші – профилактикалық егулер, жедел жәрдем, санитарлық авиация, шұғыл медициналық көмек, әлеуметтік мәні бар ауруларға стационарлық және стационарды алмастыратын медициналық көмек, сондай-ақ, айналасындағыларға қауіп төндіретін ауруларға көрсетілетін тегін медициналық көмектің базалық пакеті. Бұл еліміздің барлық азаматы үшін қолжетімді болмақ.
Сонымен қатар, 2020 жылға, яғни жалпыға бірдей декларациялау енгізілгенге дейін МӘМС жүйесінде медициналық көмекке құқығы жоқ адамдарға дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілетін амбулаторлық-емханалық көмек көрсетілетін болады.
Ал, екіншісі, МӘМС қатысушысы болып табылатын тұлға кез келген уақытта міндетті сақтандыру жарналары мен аударымдары есебінен қаржыландырылатын медициналық көмекке ие бола алады. Бұл қызметтерге амбулаторлық-емханалық көмек, қалпына келтіріп емдеу, медициналық оңалту, жоғары технологиялық көмек көрсету, паллиативті көмек және мейірбике күтімі кіреді, деген министр, міндетті медициналық сақтандыруды енгізуге қатысты жарналар мен төлем мөлшерлеріне де қысқаша тоқталып өтті.
«Кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау және әлеуметтік-еңбек саласы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға сәйкес, МӘМС-ті енгізуге қатысты төмендегі жарна мен төлем мөлшерлемесі қарастырылды:
– жұмыс берушілердің жарналары: 2017 жылдың шілдесінен бастап мөлшерлеме – 1%; 2018 жылы – 1,5%, 2020 жылы – 2%, 2022 жылы – 3%;
– жеке кәсіпкерлер, нотариустар, азаматтық-құқықтық негіздегі келісім бойынша кіріс табатын жеке тұлғалар – кірістен, 2017 жылғы шілдеден бастап 2 ЕТЖ-дан 5%-дан кем емес;
– жұмыс күші тобына кірмейтін (өзін-өзі өнімсіз еңбекпен қамтығандар) азаматтар жарнасы – 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап 1 ЕТЖ-дан 5%;
– халықтың әлеуметтік қорғалмаған тобы үшін мемлекет төлейтін жарна 2018 жылдың қаңтарынан – 3,75%, 2019 жылдан бастап – 4%, 2022 жылдан бастап 4-5% болады.
Министр Елбасының Қазақстан халқына биылғы Жолдауында айтылған тапсырмаға сәйкес елімізде мемлекеттің, жұмыс берушілердің және азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) енгізіле бастайтынын жеткізді. Бұдан кейін Астанадан арнайы келген «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ҰАҚ басқарма төрағасы Елена Бахмутова медициналық сақтандыру жүйесіне көшу заман талабы екенін және оның маңыздылығын халыққа кеңінен түсіндіру керектігін айтты.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
ОРАЛ