Қазақстан • 06 Сәуір, 2017

«Аутизмге» айрықша көзқарас

365 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазіргі қоғам «аутизмді» ауру емес, ерекшелік ретінде қабылдауы тиіс. Айрықша дертке ұшыраған жандардың ет жақындары осындай уәж айтады.

«Аутизмге» айрықша көзқарас

Бүгінде әлемде аутизмге шалдыққан 67 миллион­нан аса адам тұрады, әр 42 ер бала мен 189 қыз бала аутизм спектрінде дүниеге келеді. Осыған орай дүниежүзілік аутизм проблемасын тарату күні белгіленген болатын. Жыл сайын 2 сәуірде ата­лып өтетін бұл күн елордада да елеусіз қалған жоқ. «Keruenсity» орталығындағы қа­йы­рым­дылық науқанына бір­қатар қоғамдық қор атсалысты. Олардың қатарында «Ашық әлем», «Дорогою добра», «Сенім», «Росток», «Там­шылар», «Болашақ», «Әр бала мектепке лайық» сын­ды аутизмге душар болған балалар мен жасөспірімдерді қолдауға арналған ұйымдар бар. Аталған қоғамдық бірлес­тіктердің өкілдері ақпаратты тарату, халыққа аутизм проб­лемасы туралы хабарлау, ерек­ше қажеттіліктері бар бала­ларды қолдау және түсі­ну мақ­сатында аутизмге шал­­дық­қан балалардың ата-ана­­ларымен бірігіп бірқа­тар шараны қолға алды.  

10 мыңнан астам адамды қамтыған шара кезінде қайырымдылық жарнасын жинау және жеке дизайны мен суреті бар сөмкені сатып алу мүмкіндігі ұсынылып, одан түскен қаражат «Болашақ» корпоративтік қорының «Әр бала мектепке лайықты» жобасын жүзеге асыруға жұм­сала­тыны белгілі болды.

– Бүлдір­шін­дері­міз­ді үйде жалғыз оқыту­мен шектелмей, қатарларымен бірге мектепте білім алып, қо­ғам­да кәдімгі адам ретін­де өмір сүруі керек деп ойлаймын. «Аутизм» диагнозын алғаш естігенде басыңызға жай түскендей болады. Бар дүние сізге қарсы шыққандай сезім оянады. Өйткені, біз де бұл жағдайдан хабардар болмадық. Баламыз 2,5 жасқа келгенде интернет көмегімен «аутизмнің» не екенін біле бастадық. Бұның бәрін ертерек білгенде жағдай басқаша болатынына сенімдімін. Се­бе­бі, ерте қадағалаудың ма­ңы­зы зор. Басты мақсат – халық­ты ақпараттандыру, адам­дарға аутизмнің шын мәнін­де не екенін түсіндіру және ин­клюзивті қоғам құру. Сондай-ақ, басқалар мұндай санаттағы балаларды тәрбиесіз немесе тым ерке деп ойламаса деймін. Бұл балалар «ерекше», соны­мен қатар, кәдімгі өмірге лайық­ты, дейді «ерте бала аутизмі» диагнозы қойылған 8 жастағы Аймұхамед Жақсыбектің анасы Қаламқас Шайкенова.

Көк түс пен паззлдың бір бөл­шегі әлемде аутизмнің ны­шан­дық белгісі саналады. Негізінде, көк түстің өзі «аутизмнің түсі» емес. Бұл – Аutism Speaks атты ірі қо­ғам­дық ұйым төлтаңба­сы­ның нышаны. 2010 жылдан бері аталған ұйымды дамыту мақсатында «көк түсті жақ» атауымен маркетингтік жұмыстар жүргізілген болатын. Осыған орай шара барысында мыңнан астам көк таспа мен 2 мыңнан астам ақпараттық флаер таратылды.

– Бұл күн – қайырымдылық қорлар, қоғамдық ұйымдар, жекеменшік орталықтар ма­ман­дары және ата-аналар мен балалардың бірігіп жасаған жұмысының үздік үлгісі. «Аутизм» диагнозы бар адам­дардың тағдыры бізді бейжай қалдырмайды. Осы жерде даму ерекшеліктері және басқа да себептерге қарамастан әр адам үшін көптеген шығар­машылық алаңдар ұйым­даст­ырылған, – деді шараның ұйымдастырушысы, «Бола­шақ» корпоративтік қоры­ның директоры Динара Шайжүнісова.

Думан АНАШ,

«Егемен Қазақстан»




Соңғы жаңалықтар