07 Сәуір, 2017

Халықаралық бетбұрыс биігінде

346 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан Президентінің 1992 жыл­дың 15 сәуіріндегі Жарлығымен елі­міз­дің БҰҰ жанындағы бірінші тұ­рақ­ты өкілі болып қазақтың көр­некті дипломат қызы, Қазақ­стан та­ри­хындағы тұңғыш елші әйел Ақ­марал Арыстанбекова таға­йындал­ды. 1992 жылдың 5 маусымында Қазақ­станның БҰҰ жанындағы тұрақ­ты өкілдігі өзінің толыққанды қыз­метін бастап кетті. Осы жылдың 5 қаза­нын­да БҰҰ мінберінен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алғаш рет сөз сөйледі.

Халықаралық бетбұрыс биігінде

Қазақстан адамзаттың тағдырының ортақтастығын ұғынатын, демокра­тия принциптерін ұстанатын мемле­кет­тер қатарына қосылатынын жария­лады. Ел өзі басшылыққа ала­тын Конституциясын, заңдары мен нор­мативтік актілерін түгелдей халық­аралық құқық нормалары мен әлемдік гуманистік принциптер талаптарына сәйкестендіруге бетбұрыс жасады.

Қазақстан шым-шытырық әлем­дік күрестер, бәсекелестіктер, қауіп-қатерлер мен қайшылықтар арена­сына енді. Еліміз осындай түрлі басым­дықтарға тез икемделуге мүм­кіндік беретін, өзінің геосаяси, гео­эко­номикалық мүдделеріне жұмыс істейтін көп векторлы сыртқы саясат тұғырнамасын таңдады. Көп векторлы саясат Қытай мен Ресей ортасында орналасқан Қазақстанға әлемнің АҚШ, Еуропа одағы, Жапония сияқты басым державаларымен қатынас жасауға жақсы мүмкіндіктер әперді.

Қазақстанның БҰҰ мүшелікке енуі ел халқының әлемдік демократия­лық үрдістерді түсінуіне және олар­дың қызу жақтаушыларына айна­луына көмектесті. Халық ел тәуел­сіз­дігінің, тілінің, тарихының және территориялық тұтастығының тағдыр­лық маңыздылығын терең сезінетін, олар үшін күресуге қабілетті болатын дәрежеге көтерілді. Ар, дін, баспасөз, жиналыс, көзқарастарды ашық айту бостандықтары бекітілген ХVІІІ ғасырдың соңындағы 1789 жылғы «Адам және азамат құқықтарының декларациясы», БҰҰ қабылдаған 1948 жылғы «Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясы», 1968 жылы БҰҰ қабылдаған «Экономикалық, әлеу­меттік және мәдени құқықтар тура­лы халықаралық пакт», 1975 жылы Хельсинкиде қабылданған «Еуро­падағы қауіпсіздік және ынтымақ­тастық ұйымының Қорытынды актісі» сияқты халықаралық гуманитарлық қатынастарды бекітетін құжаттарды Қазақстан Республикасы да басшылық­қа алатын және орындайтын болды. Қазақ­стан гуманитарлық салада адам құқықтарын толық сақтайтын, қор­ғайтын мемлекетке айналуды міндетіне алды. Дамыған, өркениетті мемлекеттер үлгісімен бірінші орынға халықтың мақсат-мұраттары мен құндылықтары қойылды. Халыққа биліктің толықтай есепті болуы, оған қызмет етуі принципі басшылыққа алынды. Халық биліктің қайнар көзіне айналуы бекітілді.

БҰҰ мүшесі ретінде Қазақстан халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіз­дікті нығайту жолына түсті. Еліміз БҰҰ жарғысының талаптарын бұлтартпай орындауды міндеттенді. Қазақстан қандай да болмасын қайшылықтардың алдын алуды, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қалыптасқан мемлекет­аралық шекаралардың мызғымас­тығын, мемлекеттердің территориялық тұтастығы мен егемендігіне қол сұғыл­мауын жақтады. Еліміз өзінің мойнына алған халықаралық міндеттерді адал орындау, қандай да болмасын ішкі және сыртқы дау-жаңжалдарды, қай­шылықтарды бейбіт келіссөздер арқылы шешу, басқа мемлекеттерге қарсы күш көрсетпеу сияқты халықара­лық қатынастар принциптерін басшылыққа алатын болды.

Қазақстан БҰҰ-ның кең көлем­дегі әлемдік бейбітшілік пен қауіпсіз­дікті нығайтуға бағытталған шара­ларын қолдайтындығын және тікелей қатынасатындығын растады. Ең бас­тысы, Қазақстан өзінің ішінде адам құ­қық­тары мен бостандықтары бұзыл­май­тындығына әлемдік қауымдастықты сендірді. Еліміздің азаматтары тілдеріне, нәсіліне, дініне, саяси көзқарастарына, ұлттық және әлеуметтік жағдайына, жынысына қарамай тең құқықтарды пайдаланатындығы жарияланды. Қазақстанның өзінде адам құқықтары жөніндегі БҰҰ-ның қандай да бол­масын жүргізілетін жұмыстарына жағдай жасайтындығы мәлімделді.

БҰҰ өз құжаттарында бекіткен кедей­лікпен, сауатсыздықпен, аштық­пен күрес жүргізуді Қазақстан өзінің саясатының негізгі басымдылығы деп таныды. Ашық қоғам жағдайында болат­ын ақпараттар, білімдер, ғылы­ми жаңа­лықтар, технологиялар алмасу­ларына Қазақстан барлық мүмкіндіктерді туғыза­тын болды. Бейбіт сауда, эконо­ми­калық ынтымақтасу үрдістері қуат­тал­ды. Әлемдік қоғамдастыққа Қазақ­­стан өзін демократиялық, құқық­тық мемлекет боламын деген ниетпен таныстырды.

 

Сайын БОРБАСОВ,

саяси ғылымдар докторы, профессор