Қазақстан • 10 Сәуір, 2017

Шиеленіс бейбіт жолмен шешілуі тиіс

358 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Сирия Араб Республикасындағы ахуалға қатысты мәлімдеме жариялады. Онда еліміздің сыртқы саясат ведомствосы Сириядағы шиеленістің өршуіне орай өзінің аса алаңдаушылығын білдіреді.

Шиеленіс бейбіт жолмен шешілуі тиіс

«Қазақстан жаппай қырып-жою қаруының кез келген қолданы­луын аморальды, адамгершілікке жат және адамшылық қағидаттарына қайшы әрекет ретінде үзілді-кесілді айыптайды. Бұл факті бо­йынша кінәлілерді жауапқа тарту үшін БҰҰ аясында халықаралық жан-жақты объективті және әділ тергеу жүргізуді қағидатты түрде маңызды деп санаймыз.

Қақтығыстың одан әрі өршуі және тараптар ұстанымдарының қатаңдануы халықаралық қоғамдастықтың террористік қауіпке қарсы күрес бойынша бұрын қол жеткізген барлық уағдаластықтар, оның ішінде Женева және Астана процестері шеңберіндегі уағ­даластықтарға қауіп төндіреді және Сирия жерінде барлығын қам­ти­тын бейбітшілік пен келісімге жету перспективасын алыстатады.

Сирия Араб Республикасының Үкіметі мен қарулы оппозициялық топтар арасында 2016 жылғы 30 желтоқсанда күшіне енген соғыс әрекеттерін доғару режімін сақтаудың және нығайтудың маңыз­ды­лығын атап өтеміз. Астана процесінің кепілдік беруші елдерін шие­леністің одан әрі өршуінің алдын алу үшін өздерінің бар күш-жігер­лерін жұмсауға шақырамыз», делінген мәлімдемеде.

Мәлімдемесінің соңында Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның Сириядағы ішкі қақтығысты тек бейбіт жолмен, үнқатысу және татуласу арқылы шешу мүмкін деген ұстанымына берік екенін атап көрсете келіп, барлық мүдделі тараптардың қатысуымен Астана процесі шеңберінде Сирия үкіметі мен оппозициялық топтар арасында татуласуды сақтау бойынша тікелей келіссөздерді жалғастыруға шақырады.


Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қанша ер мұғалім бар?

Қазақстан • Бүгін, 10:10

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024