10 Сәуір, 2017

​Алпыс екі тамырымдағы... ауыл

655 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алпыс екі тамырында ізгіліктің қаны тулап ағатын адам үшін бір көруге, бір келуге ынтық, келіп-көріп кеткендер айналып соғуға асығатын аяулы мекендер болатыны аян. Және дәл сол мекен әшейінгі қызығушылықпен қарап, көз құмарын қандыруға шақыратын орын емес, адамның рухани дүниесінің, жүрек қалауының ықпалымен ынтызар болатын өлке екендігін айту тағы артық. Қазақ баласы үшін, көкірегінде себезгілеген сәуле ұшқыны бар қандасымыз үшін әлгіндей қасиетті өлке туған ауылы болса керек...

​Алпыс екі тамырымдағы... ауыл

Ғаламның рухы мықты жұрттары түрлі өркениеттердің сүзгісінен өтіп, тарихи трансформацияға түскені­мен түбінде өзінің ұлттық болмы­сы түзілген кезеңге қайтып оралады. Біз кітапқа енген шежірелер арқылы халықтар мен қауымдардың басынан кешкен сол тағдырлы сәттеріне куәміз. Мысал іздегенге жебірей қауымының ұлт ретінде қалыптасуын Иерусалим­нің мыңжылдықтар ширегінде қан мен терге малшынған топырағынан іздеуін немесе шотландтардың өз күретамырын ағылшындардың аяғы тигенге дейін асқақтап көрінген, бергі ғасырларда тарихпен бірге шөккен тауларынан табуға тырысатынды­ғын айтсақ жеткілікті бола ма? Оның жанын­да біздің іргеміз ауылдан ажы­раған жоқ қой...

Жалпы, ауыл дегенде ең алдымен ойымызға не келеді өзі?

Алдымен, қаймағы бұзылмаған қазақы орта! Демек, біз үшін қазақ ауылы дәстүрлі құндылықтардың қай­нар көзі. Кез келген халықтың, оның ішінде қазақ сияқты дамушы ұлттың тарихында дәстүрлі құндылықтардың алатын орны ерекше. Ауыл – халқымыз­дың генефондын сақтаушы ғана емес, ұлттық мәдениеттің, тілдің, діннің, тәрбиенің өзегі!

Біздің тәуелсіздік алғанымызға 25 жылдан енді асты. Ширек ғасырлық тарихымыз Қазақ ұлтына өркениетті әлемнің толыққанды мүшесі болу құқығын береді. Бірақ, біз бұл белеске шығу үшін бұралаңы басымдау жол­дарды жүріп өттік. Нарық қатынас­тарына өту кезеңі мен еңсе түзеуге кеткен сындарлы жылдарда ауыл ұғымы екінші орынға түсіп кет­кені белгілі. Демек, біз мемле­кет­тілік­тің бас­тауында таңдаған баст­ы бағыт­тарымызды жүзеге асыра бас­таған кезеңде ауылға қамқор болуды естен шығарып ала жаздадық. Әсіресе, ауыл адамдарының рухани сұраны­сын қанағаттандыру ісінде олқы тұстары­мыз баршылық.

Жасырып-жабатын түгі жоқ, бізді қазақ ұлтының білімге, кітап оқу­ға ынтасының төмендігі қатты алаң­датады. Деректерге жүгінсек, әлемде кітап оқу жөнінен бірінші орында – ағылшындар, екінші орында – немістер, үшінші орында – амери­калықтар, төртінші орында жапондар тұр екен. Өкініштісі, біз, қазақтар кітапты ең аз оқитын халықтар санатында екенбіз. Ежелден рухани азық болып келген әдеби кітаптың өзін қолына алмайтын қазақ­­тардың үлесі 43 пайызға жеткен.

Бұған не себеп? Құштарлық төмен­деді ме, әлде техногендік прогресс ұлттық мінезді жеңіп үлгерді ме? Әлде, жағдай жоқ па? Мүмкін, жүзеге асып жатқан жұмыстардың негізгі салмағы тек қана экономикалық сек­торға, анығында өнім өндіруге қажетті жағ­дай жасауға ауып, мәдени-рухани дамуымызға көңіл бөлінбей отырған болар?

Елге, әсіресе, ауылдық өңірге шағын зауыттар, қызмет көрсетудің басқа да нысандары көптеп керек, бірақ, мәдениет ошақтары, оның ішінде кітап­хана сияқты руханият ордалары екібастан қажет емес пе?..

Ауадай қажет! Өйткені, Қазақ­стан­дағы 7190 ауылдың тең жарымында, дәлірегінде 3106 елді мекенде кітап­хана атымен жоқ екен...

Өкінішке қарай, қазіргі қазақ ауылдарындағы проблеманың негізгісі бұл емес. Ауылдың рухани өсуіне әлеуметтік сипаттағы факторлар да әсер ететіні анық. Ал еліміздегі ауыл­дық жерлерге тән бірегей мәселе­лердің басты мысалы ретінде ауыз сумен қамту және қатынас жолдарының жайын айтсақ та жеткілікті. Қазіргі уақытта ауылдық елді мекендердің 74 пайызы ғана ауыз сумен қамтылғаны жайлы қышқылдау деректер бар. Ал жер­гілікті жердегі 23 пайыз көлік жолы күрделі жөндеуді қажет етеді екен...

Ал бұл ащы мысалдарды неге айттық?

Біздің билікке ауылдық аймақ­тардың мүддесін көздейтін жаңа аграрлық саясатты ту етіп көтеретін уақыт жетті деп ойлаймыз. Осы бас­тама аясында ауылдардың, ауыл адам­дарының мәдени-рухани тұрғыдан дамуына жол ашатын мемлекеттік бағдарламаларды да көптеп қабылдау­дың кезеңі келді.

Әлде өткізіп алдық па?..

Қалмаханбет Мұқаметқали,

«Егемен Қазақстан»