Аллеяның ұзындығы жүз метрден астам, ені он бес метр шамасында. Жақын маңдағы тұрғындар үшін бос уақыт пен демалыс күндерінде қыдырып, тыныстап жүретін жақсы орын. Бірақ, күтімнің жоқтығы мен көңіл бөлінбегендіктен құлазып тұр. Тал-терегі ретке келтіріліп, жері тегістеліп, гүлзарлар отырғызылса, шамдар мен орындықтар орнатылса, тамаша демалыс орнына айналар еді-ау. Онымен қоса қалаға көрік берер еді. Ал, осындай қараусыз қалған аллеялар мен саябақтар Қазақстанда қаншама?
Түсінеміз, қазіргі нарық заманында барлығы қаржыға келіп тіреледі. Бірақ, жолын табуға болады ғой. Алысқа бармай-ақ қояйық, Павлодар облысы билігінің саябақтарды жаңғырту бағытында қолға алған істері басқаларға үлгі болар еді. Олардың бұл бағыттағы тәжірибесін таратса да артық болмас. «Саябақтардың күтімі мен абаттандыру жұмыстарына бюджетте қаржы қарастырылмаған» деп жеңіл құтылу жолын іздегеннен гөрі, мәселенің түйінін шешудің амалын қарастырған жөн шығар. Қазір оның жолдары көп қой: мемлекет-жекеменшік әріптестігі, жалға беру, демеушілердің көмегіне жүгіну... Өйткені, туған қаласының, кәсібін дөңгелетіп отырған шаһардың көрікті де сәулетті болуын кәсіпкерлердің көбі қош көреді. Өйткені, олар алыс-беріс, барыс-келіс жасап отырған жандар. Алыстан әріптестері келіп жатса, қысылмай-қымтырылмай көрсететін көрікті демалыс орындары болғаны қандай жақсы.
Павлодарға жолы түскен жандардың көбі «Сәулетті қала, көрікті қала, таза қала» деп жатады. Өйткені, облыс орталығының келісті кескін-келбеті сырт көзге бірден байқалатыны анық.
Келімді-кетімді қонақтар мен жергілікті тұрғындар Ертіс өзені жағалауындағы «Орталық демалыс орнын» алдымен тілге тиек етеді. Абаттандырылған. Жолдары жасалған. Суағарлары мен кәріз жүйелері бар. Кешкілік самаладай жарқырап тұрады. Орындықтар орнатылған. Жаз мезгілінде субұрқақ іске қосылады. Ертістің саф ауасы мен гүлдердің хош иісі жаныңды жадыратып, тынысыңды ашады. Керемет.
«Орталық жағалау демалыс орнының» аумағы атшаптырым. Тіпті, жоғары жағын Ертіс өзенінің жағалауына жақын бой көтерген «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамының кеңсесіне дейін ұзартуға қам-қарекет жасалып жатқан көрінеді. Ал, төменгі жағында тағы бір саябақ жалғасып жатыр, атауы да ерекше – «Ғашықтар саябағы». Бұл дәл «Ақ Отау» неке сарайының жанында ашылған саябақ. Жас жұбайлар «Ғашықтар саябағы» арқылы «Орталық жағалауға» өтіп, емін-еркін серуен жасауына болады. Бәрі оңтайлы ойластырылған. Күндіз-түні бұл жерден адамдар үзілген емес. Әсіресе, кешке қарай жұрт қарасы көбейеді. Жалпы, Павлодар қаласында жиырмаға жуық саябақ пен аллеяларды жаңғыртуға байланысты бағдарлама жасалған. Соған сай жұмыстар белсенді түрде қолға алынған. Мәселен, Володарский көшесінің бойында аллея бар. Сол аллея жаяу жүргіншілердің демалыс орнына айналған. Өйткені, бұл көшенің бойында көп қабатты үйлер жеткілікті. Тұрғындар кешкілік мезгіл мен демалыс күндерінде таза ауаға шығып, тыныстағысы келеді. Олар үшін аллея тамаша демалыс орны.
Ал қаладағы жоғары оқу орындары мен жатақханалары шоғырланған аумақта студенттердің өздерінің саябағы бар. Бір сөзбен айтқанда, Павлодар қаласында тұрғындардың да, қонақтардың да демалыс уақытында емін-еркін тыныстауы үшін жағдайлар жасалған. Ал Қазақстанның басқа қалаларында саябақтар мен аллеялардың жай-күйі дәл осындай ма? Бұл сұраққа тосылып қаларымыз анық. Өйткені, ел аралап, жер танып жүрміз, көптеген қалаларда саябақтар сұрықсыз. Қараусыз. Тіпті, жасырып қайтеміз, кейбір қалаларда саябақтар қараусыз қалғандықтан тұрақты мекенжайы жоқтар, нашақорлар мен бұзақылардың жиналатын орнына айналады. Ондай орында қылмыс жасалып, кісі өлімі болатыны айдан анық. Қылмыскерлер саябақтың қараңғы қалтарыстарын паналап, өткен-кеткенді тонап, бопсалайды. Алматы қаласындағы Бауман бағында өткен жылы түнге қарай жұмыстан қайтып келе жатқан бейкүнә әйел қанішерлердің қолынан қаза тапқан жоқ па?
Қараусыз қалған саябақтарда жасалған мұндай қылмысты қай қаладан болсын табуға болатын шығар. Біздің айтпағымыз, саябақтарды қылмыс орнына емес, лайықты демалыс орнына айналдыруды ойластырған абзал.
Ғалым Омархан,
«Егемен Қазақстан»