26 Сәуір, 2011

Білім мен ғылым: Қандай өзгерістер күтіп тұр?

566 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде өткен «Қазақстан республикасында ме­ди­циналық терминологияны қалып­тастыру және дамыту жолдары» атты ғы­лыми-практикалық конфе­рен­цияға Білім және ғылым министрі Б.Жұ­ма­ғұлов қатысып, онда білім мен ғылым саласында толғағы жеткен бірқатар қадау-қадау мәселелерге, сондай-ақ министрлікте атқарылып жатқан іс-шаралар мен алдағы жұмыстарға тоқталды. Конференция жұмысына еліміздегі ұлттық университет ректорлары, республикалық ғылыми-зерттеу институттарының директорлары, ҰҒА-ның академиктері, барлық облыс­тық денсаулық сақтау  департаменттерінің өкілдері, студенттер қатысты. Өткен жылдың аяғында 80 жылдық мерейтойын атап өткен С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-ге алғаш рет келген Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов алды­мен аталмыш білім ордасымен жақы­ны­рақ танысты. Оқу орнының бас ғима­ра­ты алдындағы «Tabula Prima» және «Өмір аллеясында» болып, одан кейін анато­мия­лық препараттық бірегей үш мұражайды, Тәжірибелік дағдылар орталығын, Х.Дос­мұхамедов атындағы қоғамдық денсау­лық сақтау мектебін, университет құрамына концорциум ретінде қосылған Қазақ та­мақ­тану академиясының Амиран зауы­тын­да өндірілетін сүт өнімдерінің көрмесі мен тарихи медицина мұражайын аралап көрді. Әсіресе, министрді Б.Атшабаров атындағы іргелі және қолданбалы медицина ғылыми-зерттеу институтындағы жал­пы құны 3 млн. доллар тұратын қондырғы­лар­мен жабдықталған клиникалық және биохимиялық зерттеулер, цитологиялық, мо­лекулярлық-генетикалық, санитарлық-ги­гиеналық, серологиялық, сондай-ақ кли­никалық-тәжірибелік зертханалар қы­зық­тырды. Сонымен қатар медицина рыног­ын­­да сапасы жоғары медициналық білім беретін, практикалық денсаулық сақтау ісіне енгізілетін және оның өзекті проб­ле­малары бойынша заманауи ғылыми зерт­теу­­лер жасайтын әлемдік тәжірибеге сүйе­ніп жасалған инновациялық бағдарла­ма­лары көңіл аудартып, министр оның бір дана­сын өзіне сұратып алды. Әрине, мұндай алқалы жиынды өт­кізу­ге аталмыш оқу орнының таңдалуының да өзіндік себебі бар. Өйткені бұл университетте «екілік» баға алған студент оқы­майды. Даңқ залында өткен жиынды ашқан университет ректоры Айқан Ақанов бү­гін­гі жиынды жалпы саны 1700 студенттің тың­дап отырғанын жеткізіп, қатысу­шы­лар­ды Даңқ залындағы ғалымдар гале­рея­сы­мен таныстырып шықты. Ректор сон­дай-ақ университетте әлемнің 16 елінен, 32 ұлттан құралған 10 мыңға жуық сту­денттің білім алып жатқанын, оқу орнын­дағы профес­сор­лық-оқытушылық құрам­ның жалпы саны 1500-ге жуық екенін, олардың 4-і ҰҒА академигі, 138-і профессор болса, 172 медицина ғылым­дары­ның докторы мен 253 доцент, 475 ғылым кандидаты заман тала­бына сай жаңа буын мамандарды оқытып жатқанынан хабардар етті. – Мемлекет басшысы Н.­Ә.Назар­баев­тың Жарлығымен Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданғанын баршала­ры­ңыз білесіздер, – деді министр. – Бұл бұрынғы құжаттардан мазмұны және алға қойылған мақсаттары жағынан мүлде жаңа бағ­дар­лама. Жақында Үкімет осы бағдарламаны іске асырудың 1-ші кезеңі – 2011-2015 жыл­дарға арналған іс-шаралар жоспарын бе­кітіп берді. Бюджеттің қазіргі мөлшеріне қосымша, алғашқы 5 жылға, яғни 2011-2015 жылдарға жарты триллион теңгеге жуық қаражат қосымша қарасты­ры­лып отыр. Білім сапасын арттыру жөнінде мемлекеттік бағ­дарламада көптеген міндеттер жүктелген. Бұл – мектепке дейінгі тәр­бие­мен 100 пай­ыз қамту. Мұндай жағдай Одақ кезінде де болмаған. Және e-learning электронды оқы­ту жүйесін толық меңгеру. Көптен бері айтып жүрген орта мектепті 12 жылдық оқытуға көшіру. Техникалық және кәсіптік білім берудің жаңа моделін енгізу және т.б. Министрдің айтуынша, бұрын да бір­қатар бағдарлама қабылданғанмен, олар тек орта білім берумен шектелсе, бұл жо­лы жоғары білім беретін оқу орын­дарына ерекше көңіл бөлініп отырған көрінеді. Соған орай негізгі салмақ ма­ман­дарды даярлау сапасын арттыруға түспек. ТАЛАПҚА САЙ КЕЛМЕСЕҢІЗ МӘРТЕБЕДЕН АЙЫРЫЛАСЫЗ Баршаға аян, Елбасы өзінің биылғы Жол­­дауында әлемдегі орташа көрсет­кіш­тер­мен салыстырғанда, еліміздегі жоо-ның саны көп екенін атап өткен-ді. «Бүгінде кейбір «мүйізі қарағайдай» университеттер мен академиялардың шын мәнінде сол атқа лайықсыз екенін баршаларыңыз жақ­сы білесіздер. Бұдан былай жоо-ны жік­теу­дің жаңа тетігі енгізілмек. Олар: ұлттық зерттеу университеттері, ұлттық жоо-лар, зерттеу университеттері, университеттер, академиялар, институттар болады. Оған қосыла алмағандар колледжге айналмақ», – деді министр. Яғни, министрлік енді әлемдік тәжі­рибе негізінде осындай жіктеу жасамақ. Әрине, жоо күштеп қысқартылмайды, тек осы жаңа жүйеге сәйкес келмеген оқу орындарының өздері басқа сатыға өтетін болады. Осылайша, жоғары білім жүйесін реттеп, мамандар даярлау сапасын арт­тыруға мүмкіндік туады. ҒЫЛЫМДЫ БАСҚАРУДЫҢ ЖАҢА МОДЕЛІНДЕ БАСТЫ ТҰЛҒА ҒАЛЫМНЫҢ ӨЗІ БОЛМАҚ Бақытжан Жұмағұлов өз сөзінде елімізде тұңғыш рет біздің экономикамызға ғылыми зерттеулерді енгізудің жаңа тетіктерін белгілеген «Ғылым туралы» жаңа заң қабылданғанын, өткен аптада Мемлекет басшысының тапсырмасымен Премьер-Министр К.Мәсімовтің төрағалық етуімен Үкімет жанындағы жоғары ғылыми-техникалық комиссия құрылып, онда өте маңызды мәселелер қозғалғанын ортаға салды. Сондай-ақ Астанада өткен жоғары ғылыми-техникалық комиссияның мәжілісінде заңды іске асырудағы барлық тетіктер талқыланған. «Онда ғылым да­муы­ның басты бес басымдығы айқын­дал­ды. Ұлттық ғылыми кеңестің құрамы бекітілді. 2009 жылы қыркүйек айында Мемлекет басшысы айтқан Қазақстанда ғы­лым­ды басқарудың жаңа моделі шын­дық­қа айналып, оның бас тұлғасы ғалым­дардың өздері болмақ. Сондай-ақ қара­жат­ты жұмсау құқығы да ғалымның өзіне берілмек. Екінші жаңалық – енді ғылыми ке­ңестің өзі зерттеулердің басымдылықтары мен оның дамуын анықтайтын болады. Қазір мемлекеттік жоо-ға инновациялық кәсіпорындар құруға рұқсат берілген. Ғы­лыми-зерттеулер «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңмен реттелмейтін болды. Бұл бүгінгі күнге қол жеткізген жетістігіміз», – деп атап өтті ол. Министрдің айтуынша, ғылыми кадрларды даярлаудың жаңа моделі де енгізілген. Ол PhD философия докторы ғылыми дәреже­сіне негізделіп отыр. Бұрын ғылым кан­дидаты мен докторы «автоматты түрде» доцент және профессор атағын қоса алса, енді қауымдастырылған профессор мен профессор ғылыми атақтарының мәрте­бесі көтеріліп, ғылыми өсу жолында дербес сатыларға айналады. Бұл атақ тек қана толық штатта жұмыс істейтін ғылыми ұйымдардың қызметкер­леріне ғана берілмек. Мәселен, енді сіз Қырғызстанда, болмаса Мәскеуде қор­ғағыңыз келсе, сол елдегі аспирантураның күндізгі бөлімін, не докторантураны бітіресіз. Яғни, жұмысы сонда орындалып, сонда қорғалған кандидаттық, докторлық диссертация ғана Қазақстанда мойын­далмақ. Өте маңызды мәселенің бірі – зерттеу университеттері қолданысқа енгізіледі. Олар білім берумен қатар, ғылыми зерттеу­лерге ерекше көңіл бөледі. Аталған университеттер Үкімет бекітетін арнайы бағдарламалар арқылы дамиды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жоо-ның инновациялық қызметі күшейтіледі. Министр осы ретте ҚазҰМУ өз саласы бойынша инновациялық қызметте көш бастап келе жатқанын атап өтіп, аталмыш оқу орнына бұл бағытта дамуы үшін жан-жақты қолдау көрсетілетінін де білдіре кетті. Сонымен қатар медициналық жоо Білім берудің мемлекеттік бағдарламасы­мен қатар, 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес дамитынын айтты. АРАЛЫҚ БАҚЫЛАУ ЖОЙЫЛЫП, ЖОО-ҒА ЕРКІНДІК ПЕН ДЕРБЕСТІК БЕРІЛЕДІ Министр тағы бір маңызды жайға көңіл аударды. Келесі жылдан бастап жоо-ларда мемлекеттік аралық бақылау (ПГК) алынып тасталынады. Министр «ПГК – білім сапасын арттыруға ықпал етіп отыр­ған жоқ, тек формальды процедура түрінде өтіп жүр» дегенде залда отырғандардың ұзақ қол соққанына қарап, шынында да, бұл жағдайдың студентке де, оқытушыға да тиімсіз болғанын аңғардық. Ал жоо-ға академиялық еркіндік пен дербестік берілуі көкейде жүрген мәсе­ле­нің бірі-тін. «Бұл – білім беру, ғылыми, қаржылық, халықаралық және басқа да қызметтерді жүзеге асырудағы дербестік. Мемлекеттік жоо дербес коммерциялық емес ұйымға айналады. Мұндай тәсіл әлемдік практикада көптеп кездеседі. Бұл  әрбір жоо-ның «өзіндік сипатқа» ие бо­лып, әлемдік аренада дербес танылуына жағдай туғызбақ. Өйткені, жоо алдағы уақытта бұрынғы жағдайда дами алмайды. Мәселен, осы модельді Назарбаев Университеті қолдануда. Бұдан былай олардағы пысықталған тетіктер басқа жоо-ларға да таратылатын болады. Онда әлемдік дәре­же­дегі үш ғылыми орталық құрылды. Осы жөнінде ректор Ақановқа тезірек осы университетпен келісімшартқа отыруға кеңес бердім. Өйткені, бұл білім ордасында ғы­лы­ми мектеп, мықты дәстүр қалыптаспақ. Меніңше, ол жақсы нәтиже береді деп ойлаймын», – деген Бақытжан Жұмағұлов бұдан әрі алдағы уақытта жоо-ларды ат­тестациядан өткізу мүлдем алып таста­лы­нып, ол халықаралық және институттық арнайы аккредиттеумен ауыс­ты­ры­латынын айтты. Яғни, қай жоо нарық­тық жағдайда білім береміз десе, осы аккредиттеуден өтуді қолдамақ. Сөйтіп, әр жоо-ның өзіндік келбеті қалыптаспақ. – Тағы бір айтатын жайт, министр­лік үлкен маңызды қадам жасап, жоо-ны жоғары білімнің әлемдік трендіне сәйкес келтіріп, академиялық мобильділікке жол ашқан. Бірінші кезеңге студенттің мобильділігі мақсатында мемлекет 200 млн. теңге қаржы бөліп отыр. «Бұл шамамен 200-250 студент семестр бойы мемлекет есебінен Еуропада­ғы үздік жоо-ларда оқуына болады деген сөз. Мұндай қолдау еш елде жоқ. Қазір біздің алдымызда соны ұйымдас­тыру міндеті тұр. Ал еліміздегі басқа аймақтық жоо-ның студенттері біздің ұлттық университеттерде мобильді түрде білім алатын болады», – деді министр. Сонымен қатар шетелден шақырыла­тын білікті оқытушылар саны да артып келе жатқанын жеткізген министр егер бұрындары жыл сайын 40 шетелдік профессор тартылса, бүгінде олардың саны 300-ге жеткенін, осыған байланысты қа­рас­тырылған қаражат 265 млн. теңгеден осы жылы 2,5 млрд. теңгеге, яғни 10 есеге өскенін айтты. Студенттердің де тұрмыс жағдайы назардан тыс қалмады. Үкіметтің тапсырмасы бойынша «Студенттік баспана» бағдарламасы әзірленген екен. Егер осы бағдарлама іске асатын болса, 2015 жылы студенттердің 80 пайызға жуығы жатақханамен қамтамасыз етілмек. «Бұл да мемлекет тарапынан жасалынып отырған көмек, қолдау. Егер мені студенттер тыңдап отырса, мұндай бағдарлама соңғы жиырма жылда болмағанын айтқым келеді», деді министр. МҰҒАЛІМДЕРДІҢ ЖАЛАҚЫСЫ ДА, БЕДЕЛІ ДЕ КӨТЕРІЛМЕК Мұғалім мәртебесі соңғы кездері Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде тө­мен­деп отыр. Міне, сол олқылықты толты­ру мақсатында биылғы жылдың шілде айынан бастап мұғалімнің жалақысы 30 пайызға, 1 қыркүйектен еліміздегі жоғары санаттағы мұғалімнің қосымша ақысы жүз пайызға көтерілмек. «Сол үшін Үкіметтен 5 млрд. теңге бөлініп отыр. Келесі жылдан бастап категорияға 15 млрд. теңге бөлін­бек. Яғни, 2015 жылға қарай мұғалімнің жал­ақысы экономиканың жеке секторын­дағы жалақымен бірдей болмақ. Оған балалар бақшасындағы педагогтан бастап жоо-ның оқытушылары кіретін көрінеді. Иә, министрдің айтқаны орындалып жатса, онда алдағы уақытта елімізде мұғалім мамандығы  қадірлі кәсіпке айналатыны сөзсіз. КӨРНЕКТІ ҒАЛЫМҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ Интеллектуалдық әлеуетті қалыптасты­ру­дағы ғалымдардың рөліне тоқталған Б.Жұмағұлов бұл сапарының медицина ғылымының дамуына зор үлес қосқан көрнекті ғалым, нейроморфолог, ұлттық ме­дицина терминологиясының іргетасын қалаушы тәлімгер-ұстаз, Лазер сәулесін ме­дицинада қолдану жөніндегі дүние­жү­зілік қауымдастықтың құрметті президенті, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың қалыпты анатомия кафедрасының мең­ге­ру­шісі, ҰҒА академигі, медицина ғылым­дары­ның докторы, профессор Алшынбай Рақышевтің мерейтойымен тұспа-тұс келгеніне ризашылығын білдіріп, дәрігер-ға­лым­ды министрліктің «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбел­гі­сімен марапаттап, иығына шапан жапты. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.