Кеше Мәдениет және спорт министрлігінің жанынан құрылған Қоғамдық кеңестің кезекті басқосуы болып өтті. Онда «Егемен Қазақстан» газетінің 12 сәуір күнгі санында жарық көрген Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы талқыланды.
Нұрсұлтан Әбішұлының Біртұтас Ұлт болу жөніндегі көзқарастарының маңызы өте зор. Өйткені, онда Елбасымыз: «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға əбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дəуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек», – деп нақты міндет белгілеген. Сонымен қатар, мұнда жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нəр ала алмаса, ол адасуға бастайтыны да айқын айтылған.
Алқалы жиынға қатысқан министрлік қызметкерлері мен зиялы қауым өкілдері тарихи құнды құжатты талқылай келе, айтулы еңбектің «Таяу жылдардағы міндеттер» атты екінші бөлімінде сөз болған: 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен шығара бастауға тиіс екенімізді және осы бағытта Үкімет қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауы керектігі, сондай-ақ, 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау қажеттігі жайлы Елбасының тапсырмасы төңірегіндегі ой-пікірлерін ортаға салды.
Латын әліпбиі қазаққа жат емес. 1926 жылы желтоқсан айында Қазақ Атқару Комитеті және Халық ағарту комиссариатының ұйымдастыруымен қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру жайлы кеңес өтіп, латын әліпбиі қазақ қоғамын Еуропа өркениетіне жақындатады, деген пікірге тоқтаған болатын. Сөйтіп, мемлекеттік мекемелер 1929 жылдың 1 қазанынан бастап, іс қағаздарын латыншаға көшірген-тін. Бұл жазу 1940 жылға дейін қолданыста болды...
Осы орайда кеңеске қатысқан зиялылар мен жауапты мекеме өкілінің пікіріне де құлақ түрген едік.
Мырзатай Жолдасбеков, мемлекет және қоғам қайраткері:
– «Рухани жаңғыру» атты концептуалды тарихи мәні бар құжатпен танысып, пікір алмасу барысында, оның еліміздің заманауи сұранысына сай туындаған елеулі дүние екенін аңғардық. Өйткені, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз мемлекеттің іргетасын нығайтты. Ендігі кезекте осы елдің болашақ бағыт-бағдарын айқындап, жаңа концепциясын жасау қажеттілігін де толық ұғынды. Осы тұрғыдан, аталмыш жаңа құжат елдің рухани-саяси қажеттілігін қанағаттандыратын аса құнды дүние. Ал, латын әліпбиіне қатысты мәселеге келсек, Елбасы 2012 жылы желтоқсан айында жариялаған «Қазақстан-2050» Стратегиясында: мемлекетті 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшіру туралы айтқанын білеміз. Жоғарыдағы жаңғыру тұжырымдамасында осы жобаны іске асыру тетіктері жайлы жақсы айтылған.
Ғарифолла Есім, академик:
– Біз өркениетті ел болу үшін болашаққа қадам бастық. Елбасы осы бағдарды айқындап берді. Өте дұрыс шешім. Бұл құжаттың үшінші жаңғыру аталу себебі, бұған дейін біз екі жаңғырудан өттік. Біріншісі – жеке меншік психологиясын меңгердік. Қазақ нарықтық қатынасқа көшті. Жеке меншік психологиясы – адамды өзін-өзі игеруге, меңгеруге үйретеді. Екінші жаңғыру жемісі – Астананы салдық. Бұл қазақ мемлекетін құрғанымыздың кепілі. Ал, мына үшінші жаңғыру – бізді реалист болуға, ұлттық прагматикалық қасиеттерімізді қадірлеп, сақтай отырып өмір сүруге үндеп отыр. Елбасы осы үндеу-құжат арқылы болашақ бағыт-бағдарымызды айқындап берді.
Ғалымжан Мелдешов,
Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси комитеті төрағасының орынбасары:
– БҰҰ-ның жетекші алты тілінің ішінде үш тіл латын әліпбиін қолданады. Латын әліпбиі әлемде басымдыққа ие. Тіпті біздегі Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеті халықаралық SOS хабарламаларын латын әрпімен таратады. Сондай-ақ, «Казкоммерцбанк» қатарлы жетекші қаржылық құрылымдар құжаттарын еріксіз латынға көшіруде. Оның сыртында, әлемдік экономикада үлкен орны бар Жапония және Корея елдерінің Самсунг, Тойота, Хонда сияқты фирмалары барлық іс қағаздарын және сауда-жарнамалық ақпаратын латын әліпбиіне көшірген. Біз Елбасының тапсырмасы негізінде латын әліпбиіне көшу шараларын нақтылайтын боламыз. Бұл орайда, республикалық Тілдерді дамыту комитеті, Ахмет Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты және Шайсұлтан Шаяхметов атындағы тілдерді оқыту орталығы бастаған еліміздегі 88 тіл оқыту орталығы арқылы жұмыс базасын құрамыз.
Бекен Қайратұлы,
«Егемен Қазақстан»