Әлемде жер көлемі жөнінен тоғызыншы, ал жан басына шаққанда егістік көлемі бойынша екінші орын алатын елімізде агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор екені еш талас тудырмайды. Сондықтан көзделген межеге жету үшін ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемі кемінде 6-7 есе арттырылуы керек. Жыл сайын бұл сала әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау тауып келеді. Мысалы, ауыл шаруашылығы секторы саласында жалпы өнімнің өсу қарқыны былтыр 5,5 пайызды құраса, өсімдік шаруашылығы 7,8, мал шаруашылығы 2,7 пайызға өскені байқалады. Алайда, бұл саланың даму қарқыны ел экономикасының орташа көрсеткішінен төмен, ал еңбек өнімділігі 3,5 есе аз. Өркениетті елдермен салыстыруға мүлдем келмейді. Өйткені, өсу қарқыны озық технологияларды қолданудың арқасында емес, тек өндіріс мөлшері есебінен жүзеге асырылып келеді. Демек, ауыл шаруашылығын экономиканың жаңа драйверіне айналдыру жолында алда күрделі де қиын міндеттер тұр деген сөз.
Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге қомақты қаржылық көмектер беріліп жатқанын көзі қарақты оқырман білетін болар. Десе де, қарастырылған қаражатты тиімді пайдаланылу жайы қалай, субсидияның тиімділігі қандай дәрежеде деген сауалдардың туындайтыны жасырын емес. Ал, Жолдаудағы субсидияларды бөлу қағидаларын қайта қарастырып, біртіндеп өнімді сақтандыруға көшу қажеттігі уақыт талабынан туындаған қадам екенін айта кеткен жөн.
Қаржыны тиімді игеретін де, ғылым жаңалықтарын енгізу арқылы ауыл шаруашылығы өндірісін жолға қоятын да да білікті мамандар екендігі белгілі. Өкінішке орай, ауыл шаруашылығы мамандығына жастарды тарту туралы мәселесінде қордаланған проблемалар аз емес.
Сонымен бірге ауыл еңбеккерлерінің белсенділігін, инновацияға, ғылыми-техникалық жетістіктерге құштарлығын арттыру да жайы да кенжелеу қалып келеді. Уақыт өткен сайын ауыл шаруашылығына білім таратудың тиімді жүйесін қалыптастырудың маңыздылығы артып келе жатқанын ескерсек, үйренетін тәжірибелер баршылық. Мәселен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрамындағы «Агрокомпетенция» орталығының ізденістері қолдауға тұрарлық. Кезінде бұл салаға «Казагромаркетинг», «Казагроинновация» акционерлік қоғамдары жауапты болатын. Бірақ, атқарылған іс-шаралар ауыз толтырып айтуға келмейді. Ел тұрғындарының 18 пайызы ауыл шаруашылығы кәсібімен айналысатынын, осы салада 190 мыңнан аса шаруашылықтар барын ойға түйсек, ауылдық жерлерде консультативтік-ақпараттық кеңес беру және білім тарату орталықтарын көптеп құру өте маңызды. Келешекте аудан орталықтарындағы ауылшаруашылығы колледждер базасында білім тарату, фермерлерге консультативтік-ақпараттық қызмет көрсету орталықтары ашылса, құба-құп болар еді. Мысалға, Шелек қаласында агробизнес орталығының табысты жұмыс істеп жатқаны – бәрімізге үлгі. Сонымен қатар орта мектептер негізінде құрылған Экспо-2017 орталықтары да оқушыларды қоғамдық пайдалы еңбекке жастайынан баулып, мамандық таңдауда айқын кәсіптік бағдар берері күмәнсіз.
Бір қынжылтатыны, аудан аймағын болмаса ауылдық округті дамытудың кешенді бағдарламасы әлі жасалмай тұр. Оның шеңберінде өндіріс салаларын орналастыру, белгілі бір бағытқа бейімделген мамандандыру, шоғырландыру өзін-өзі ақтар еді. Бұрындары әр кеңшар мен ұжымшар құрамында бөлімшелер болатын. Егіншілікпен айналысатын шаруашылықтарда мал азығын дайындаумен, тұқым шаруашылығымен мамандандырылған бригадалар айналысатын. Яғни, тұтас шаруашылық деңгейінде жоспарлылық сипат, бірізділік, сабақтастық үрдісі қатаң сақталатын. Осы үлгіні ауылдық округ немесе аудан аймағына ендіріп, кәсіпкерлерді белгілі бір мақсат бойынша жұмыс істеуге бейімдеу артықтық етпейді. Сонда аграрлық сектор сапа жағынан да жаңғырып, шаруашылық жүргізудің тың жолдары қалыптасар еді.
Әйіп ЫСҚАҚОВ,
биология ғылымдарының докторы, профессор