13 Сәуір, 2017

Сақтандыра ма, сақтай ма?

404 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ «Аманат аман сақтайды» дей­ді. Басты байлыққа баланатын ден­с­аулық – жаратылыстың сыйы ға­на емес, аманаты. Сондықтан, он екі мүшенің қадірін білген абзал. Яғ­ни, мейлінше деннің саулығына жағ­дай жасаған жөн.

Сақтандыра ма, сақтай ма?

Десе де, тір­ші­лікте түрлі жағдайдың болатыны тағы рас. Адам науқастанбай тұр­май­ды. «Бас аманда – мал тәтті, бас ауырса – жан тәтті» дегендей, бас ауырып, балтыр сыздағанда қо­­­лымызда кейде бар, кейде жоқ – қар­­­жы шіркінге көз жетпейді. Елі­­міз­де енгізілгелі жатқан мін­дет­­ті әлеу­­меттік медициналық сақ­тан­ды­ру мәселесі осы жайтты рет­тей­тін­ те­тік бола ала ма? Яки, ден­сау­лы­­ғы­мызды сақтандырып қана қоя ма, әлде шынымен сақтай ма?.. Көп­тің көкейіндегі сауал – осы.

Жаһанда жұқпалы аурудың өсуі, жаңа медициналық технологиялардың енгізілуі және егде жастағы халық са­ны­ның көбеюі денсаулық сақтау са­ла­сы­ның шығыстарын ұлғайтып отыр. Мә­селен, соңғы 10 жылда мемлекеттік бюд­жеттен денсаулық сақтау саласын қар­жыландыру көлемі 6,3 есеге өсті. Жан басына шаққандағы шығын 2004 жы­лы 8,7 мың теңгені құраса, 2015 жылы 49 мың теңгені құрады. Жүйенің негізгі проблемалары қатарында алдымен азаматтардың, сосын жұмыс берушілердің денсаулықты қорғау бойынша жауапкершілігінің жоқтығын атау­ға болады. Сондықтан, халық ден­саулығын қорғаудың әлемдік тә­жі­рибесінде міндетті әлеуметтік ме­­­дициналық сақтандыруды ен­гі­зу – жоғарыдағы жайттарға жауап бе­­ретін һәм қаржылық тұрақ­ты­лық­ты қамтамасыз ететін бірден-бір жол ретінде бағаланады. Яғни, ел­і­­­мізде биылғы 1 шілдеден бас­тап ен­­гізілетін жаңа жүйе арқылы ден­­сау­­лық сақтау саласын ны­ғай­ту­мен бір­ге қаржыландыру көздерін әр­та­рап­тандыру әрі көбейту көзделген. Бұл саладағы алғашқы реформа 1996-1998 жылдары қолға алынып, сәт­сіздікке ұшырағаны есімізде. Он­дағы олқылықтың негізі – кі­ріс­тер жинаудың жеткіліксіздігі, кә­сіпорындардың қарызға белшеден батуы, жұмыссыздық және сақ­тан­дыру қорының медициналық ұйым­дар алдындағы борышының ар­туы, жиналған қаражаттың ретсіз жұм­салуы, тарифтердің әртүрлілігі сияқ­ты экономикалық дағдарыстан ту­ған қиындықтар-тын. Жаңа жобада осы олқылықтар тәжірибесі ес­ке­рі­ле отырып, өзге елдердің тә­жі­ри­бе­сі зерделенді. Айталық, ден­сау­­лық сақтау ісін ұйымдастыруда со­­ци­алис­тік жүйеден кейінгі елдер ре­­тінде да­муы Қазақстанмен өзара ұқ­сас болып ке­летін Шығыс Еуропа ел­де­рі, Гер­ма­ния және Ресей елдерінің тә­жір­и­бе­сі ескерілді.

Былтыр маусым айынан бас­тап медициналық сақтандыруды ен­гі­зу мәселелері бойынша ел ішінде тү­сіндіру жұмыстарының алғашқы ке­зеңі жүргізілді. Қазір жаңа министр Е.Біртанов бастаған ведомс­тво жетекшілері де өңірлерді аралап, МӘМС-тің ұңғыл-шұңғылына дей­ін тәп­тіштеп түсіндіруде. Көктей шол­ған­да, бұл – мемлекет, жұмыс беруші жә­не әр адамның өзара жауапкершілігі не­гізінде әзірленген медициналық сақ­­тандыру жүйесі. Мемлекет эко­но­микалық белсенділігі төмен халық үшін жарнаны төлеуге қатысады. Ал жұмыс берушілер жалдамалы жұ­мы­с­шылар үшін, қызметкерлер мен салық ор­гандарында тіркелген өзін өзі қам­ты­ған азаматтар өздері үшін жарна тө­лейтін болады. Мемлекет азаматтар­ды тег­ін медициналық көмектің ке­пілдік бе­рілген көлемімен әрі қарай қам­сыз­дандыруын жалғастырады.

Сарапшылардың болжамы бойын­ша, аталған жобаны енгізгеннен соң елі­міздегі медициналық көмек көр­се­тудің деңгейі айтарлықтай өсіп, дә­рі­герлердің жалақысын арттыру мүм­кін­дігі пайда болады. Ауруханалар жо­ғарғы санатты жабдықтар мен қым­бат дәрі-дәрмектер ала алады. Сон­дай-ақ, пациентке тексеруден өту­­іне, қажет болған жағдайда жеке қар­­жысын жұмсамай, ем алуына мүм­кін­дік береді. Бұл бүгінде кең етек ал­ған ақшалай «алғыс» білдіру мә­се­лесін шешуге де көмектеспек. Яғни, сақтандыру мәдениетін дамыту барысында оған қатысушылардың бейресми төлемдерден бас тартып, талап қоюы жоғарыламақ.

Бұл – денсаулық сақтау сала­сын­да­ғы жаңа бетбұрыстың бастауы. Са­қ­тандыру мәдениетін салиқалы жү­зеге асыру халықтың денсаулыққа ат­үсті қарап келген көзқарасын да тү­бегейлі өзгертеді, дейді мамандар. Сон­дықтан, МӘМС жүйесі – халықтың өз денсаулығына өзі инвестиция құю­ы, алдын ала қам жасау іспетті. «Сақ­тансаң – сақтайды» деген сөз де ама­натты аман сақтаудың амалына ба­ғыттап тұрған сияқты..

Думан АНАШ,


«Егемен Қазақстан»