Театр • 13 Сәуір, 2017

«Ойран» – отбасылық трагедия

235 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ашылғанына енді ғана үш жыл толған елордадағы №76 мектеп-лицейі театр өнерін дәріптеп, кәсіби режиссердің араласуымен, оқушылардың үлкен дайындықпен сахнаға шығуына мүмкіндік жасап­ты. Мұны осы білім ұя­сының басшысы Сафура Сейдуа­лиқызының әңгімесінен білдік. Осыған дейін оқушылар қа­зақтың аса көрнекті ағартушы ұстазы Ыбырай Алтынсарин және Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов жайындағы спек­такльдерді сахналаған. Ал мектеп сахнасында күні кеше қойылған «Ойранның» жөні бөлек. Ол жаңадан ашылып жатқан «Ғасыр» театры үшін таңдап алынған труппа әр­тістерінің тұла бойы тұңғыш­тары десе болады.

«Ойран» – отбасылық трагедия

«Ойран» – Баянғали Әлім­жановтың ниеті қарау мис­сионерлердің бүлдіргі әре­кет­терін әшкерелеген өзекті шы­ғармасы. Өмірде теріс ағым­дардың кесірінен шын мәнінде бақытсыздыққа ұшы­раған жандар бар ғой. «Ойран» – солардың жиынтық бейнесі. Мұнда бәрі символ арқылы беріледі. Өзге дінге кіріп кеткен жас жігіттің аты – Арман. Ол біреудің асыл арманы, үкілеген үміті еді. Бірақ, сол асыл арманды секта сиқырлап алды. Анасының аты – Шекер. Отбасының ұйытқысы, жары мен ұлының ортасында тәт­ті ғұмыр кешуі тиіс әйел ащы тағдырмен бетпе-бет келді. Ұлының соңынан ол да сектаға кірді. Отағасы – Елтай. Ашумен отқа түсті. Түрмеге қамалды.

Иә, мұнда бәрі ап-анық, тайға таңба басқандай ғып көрсе­тілмейді. Әр көрермен өз түсінігінің дәрежесінде ұға­тындай ишаралы, астарлы тұстар көп. Режиссер тірлік­тің ащы шындығын символмен көрсетуге ұмтылады. Сах­надағы көріністер тез ауысып отырады. Бебеулеген зарлы әуен ниеті қарау, пиғылы жат миссионерлердің жұмбақ та жасырын әлемінің хабаршысы сияқты. Сектанттардың қап-қара киімі де соны меңзейді. Тіпті оның қандай секта, қан­дай дін екені аталмайды. Параллельдер, сахнаның түрлі мезетін түрліше декорациялау, актерлердің сөздеріне ғана емес, әрекеттеріне, ым-иша­раларына қатты басымдық берілуі – режиссердің тап­қыр­лығы. Арманның отбасындағы сәттері жарықпен, ата-ана ала­­­қа­нының жылуымен, ал сек­тадағы өмірі сахнаны қараң­ғылау арқылы бір-бірімен сөй­леспейтін кісілердің жын қақ­қан кісілерше құтырынып би­леуімен сипатталған.

Драма барысында өзге дінге кіріп кеткен Арманның аузынан бір сөз шығады. Әке-шешесіне қарап тұрып: «Мәңгілік ақи­қатқа жету жолын мен осы жер­ден таптым. Біз мәңгіліктің алдында, мың-миллион жаратылыс иелерінің жанында түк те емеспіз», дейді ол. Сөйтіп, қым-қуыт тіршіліктен, кейбір қатып қалған ұстанымдардан, әдет-ғұрып, салт-санадан босағысы келеді. Еркін, тәуелсіз өмір сүруді жаны қалайды. Автор да, режиссер де осы жастық шақ­тың желігіне баса мән беріп, жас­тың жаны нені қалайтынын біліп, соны ұтымды көрсете алғаны байқалып тұр.

Қорыта айтқанда, «Ойран» драмасы арқылы қоғамдағы өткір мәселенің бірі жақсы көте­рілген. Үгіт-насихатсыз, ақыл ай­тусыз-ақ жамандық пен жақ­сылықтың шекарасы белгіленіп, ақ пен қара ажыратылған.

Айгүл СЕЙІЛОВА,

«Егемен Қазақстан»