Медицина • 14 Сәуір, 2017

Рухани өрлеуіміздің алтын арқауы, өміршең өзегі

141 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың «Егемен Қа­зақ­­стан» газетінде жария­лан­ған «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты еңбегін мемлекетіміздің жаһандану көшін ілгерілетудегі маңызды құжат әрі рухани өсіп-өр­кен­деуіміздің бағдарламасы деп қабыл­дауға толық негіз бар.

Рухани өрлеуіміздің алтын  арқауы, өміршең өзегі

Президент өзінің биылғы халыққа Жолдауында Қазақстанның Үшінші жаңғыруы басталғанын жариялағаны баршаға аян. Жолдауда Елбасы саяси және экономикалық жаңғыруларды нақты айқындап берген болатын. 

Жаңа «Жолдауында» Елбасы елдің идеологиялық бағытын анықтап, рухани кеңістігіндегі бағдарын айқындап отыр. Елбасының «Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Оның екі қыры бар. Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту. Екін­шіден, ұлттық болмыстың өзегін сақ­тай отырып, оның бірқатар сипат­тарын өзгерту» деп жазуында үлкен мән жатыр. Енді осыған аз-кем тоқта­лайық.

Біртұтас ұлт болып ұйысып отыр­ған қазақстандықтардың ауызбір­лігінің, ырыс-ынтымағының бастау-бұлағы – қазақ ұлтының болмыс-бітімінде. Соның ішінде мемлекеттің басты байлығы халқымыздың атадан балаға мирас болып келе жатқан сан ғасырлық асыл мұраларының орны ерекше. Бұған өз бастауын сонау билер сотынан ала­тын ұлттық сот жүйесінің дамуын мысал­ға келтіруге болады. Та­рих тағылымына терең үңі­летін болсақ, билік ай­туда, шешім қабыл­дауда болсын, ұлы баба­лары­мыз ұлттық дәстүр­ді бағдаршам етіп ұс­тап, әділдікті ту етіп биік көтерген. Осы орайда, ака­демик Салық Зимановтың билер соты­ның өкілдері туралы «Олар әрі ақын, әрі шешен, философ әрі ойшыл, әдет-ғұрып құқығының білгірі және оның реформаторы, әскери қолбасшысы және басқарушысы еді», деп айтқан пікірінің құндылығын атап өту қажет.

Елбасының ұлттық жаңғыру бас­тауында «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», деген ойының түпкі сыры осында деп білемін. Осы тұрғыдан алғанда ойшыл ақын Міржақып Дулатовтың «Заң әдет-ғұрыпқа қайшы келсе, үлкен аяққа тар етік кигенмен бірдей», деп жазғанын бүгінгі құқықтанушылар естен шығармағаны абзал. Елбасы бұл қағиданы бір ауыз сөзбен тұжырымдап, жаңғырудың ең басты шарты ретінде Ұлттық (рухани) кодты сақтай білу қажеттігін халқымыздың жадына салып отыр.

Келесі айтарымыз, қазіргі қазақстандық жас буын өкілдеріне қажетті бағдар – терең білімді, шет тілдерін игеру, кәсіби мамандық алып шығу. Мақалада айтылғандай, «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарға басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді», деген Елбасының салиқалы пікірі өмірлік аксиомаға айналуы шарт.

«Жолдауда» жас өскіндер үшін мағыналы да мазмұнды өмір сүру қағидалары жан-жақты талданып, көрсетілген. Біздің ойымызша, жақсы өмір сүруге қажетті нұсқалық бағдарды «аспаннан іздеп сабылудың» қажеті де жоқ. Төрткүл әлемге көшбасшылық қабілет-қарымымен, ел басқарудағы дарынымен танылған Тұңғыш Президентіміздің «Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді», деген баталы сөзін көкейге ұялатып, соған сай адал еңбек етіп, кәсіби тұрғыда шыңдалып, ұлт мұраты жолында білім биігіне талмай ұмтылу – білімділіктің асыл қасиеті. «Тарихты білу – білімділіктің белгісі, Әдебиетті білу – мәдениеттіліктің белгісі» деген шығыс даналығы Елбасы ойымен ұштасып тұрғандай. Жаңа «Жолдаудан» түйген ойымыз осыған келіп саяды.

Елбасының рухымызды байытқан аталы сөзін, кемел ойлы келелі пікірін барша халық, қоғам болып қолдауымыз керек. Осы бағдарламалық мақалада айтылған зерделі ойлардан өскелең жастарымыз терең тәлім, таусылмас тағылым алары сөзсіз. Мұның ұлттық идеологиямыздың ғасырларға ұласатын алтын арқауы, өркениет төріне оздыратын өміршең өзегі болатыны хақ.


Қайрат МӘМИ,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы