− Сейіт Асқарұлы, Елбасымыз жаһанданған заман үдесіне сай ұлт алдына рухани жаңғыру талабын тартты. Бұл маңызды оқиғаны қоғамның қалың топтары қазір қызу талқылап жатыр. Осыған байланысты сіз не дейсіз?
− Бұл үлкен мәселеге әуелі ел Президентінің өзінің мән беріп, бастама көтеруі көп жайды аңғартады. Иә, ең алдымен таптаурын болған қасаң қағидалардан бас тартып, прагматикалық ұстанымға сүйене отырып, ұлттың санасын өзгерту керек. Бүгін таңда бұл өте көкейкесті мәселе әрі қиын шаруа. Мемлекет басшысының осы ғаламат марафонға батылдық етуінің өзі асқан парасаттылық пен елжандылықтың белгісі дер едім. Әлбетте, Президенттің жаңа еңбегі тереңдеп оқып, түйсіне зерделеуді, осы ретте қажетті шараларды ойластырып, соларды жүйе-жүйесімен тыңғылықты жүзеге асыруды міндеттейді. Бағдарламалық сипаттағы мақаланы оқып отырып бір түйгеніміз, түйткіл түйіні тереңде, бір күннің ісі емес. Ұзақ мерзімді талап ететін проблемалар. Сондай-ақ, ағымдағы, күнделікті күрмеуге байланған мәселелер де жетерлік.
Менің түсінігімде, сананы өзгерту бұйрықпен, қаулы-қарармен, иә болмаса басқа бір елдің дайын үлгісін экспорттау немесе көшіріп алу арқылы жасалмайды. Бүтін халықтың, әрбір адамның жан дүниесі жақсылыққа магнитше тартылып өзгеретін ахуал тудырылуы меңзеледі. Күнделікті жұмыста әр нәрсенің байыбына барып, өзімізді өзіміз өзгертіп, ішкі мүмкіндігіміз бен әлеуетімізді пайдаланып, адами тұрғыдан жетілу, ізгілікті орнықтыру деп түсінемін мен мұны.
− Сонда басты нысана адам болып тұр ма?
– Әрине, әуелі адам мәселесі. Оның өзін өзі іштен түлете тәрбиелеп жетілу мәселесі көтерілмек. Яғни, адами капитал дегеніміздің бір парасы осы. Сананы өзгерту, сол арқылы ұлтты жетілдіру, қоғамды жаңа сапаға көтеру ұзақ перспективаның ісі. Әрі бұлар өмір тәжірибесінде үнемі, күнделікті көрініс таппаса болмайды. Мәселенің күрделілігі мен қиындығы да осында.
− Адамның ізгілікті болып өсуі ең алдымен ата-анаға, отбасына, туған жерге, ортаға байланысты емес пе?
− Адамгершіліктің ең ұстынды қасиеті имандылық десек, онда отбасылық тәрбие алға шығады. Отбасында дұрыс тәрбие алған бала ержеткенде де сол қасиетті сақтауға тырысады. Отбасындағы тәрбиені балабақша да, мектеп те, университет те алмастыра алмайды. Мейлі, ол Гарвард пен Кембридж болса да. Сондықтан, жалпы отбасылық құндылықтарымызды жаңа заманға үйлестіре, қорғап, дамытуымыз және соны азаматты қалыптастыру үрдісінде дұрыс пайдалана білуіміз керек.
Ұлттың бәсекеге қабілеттілігі жайында Президент әрдайым айтып келеді. Бұл дегеніңіз – міндетті шаруа, өмірдің өзекті талабы. Ұлт ретінде сақталудың ең басты бір жолы, шарты да осы. Әрине, Қазақстанның ұлттық дамуы, Елбасы айтқандай, ұлттық сананың кемелденуін білдіреді.
Тағы бір маңызды жай – үштілділік. Ағылшын тілін оқуға, білуге ешбір қазақ қарсы емес, қайта халық үштілділіктің пайдасын, қажеттілігін білген соң оны қолдап отыр. Тек, сол үштілділікті енгізудің әдістері мен жолдарына қатысты әртүрлі байыпты ұсыныстар айтылып жатқаны белігілі.
− Ал енді әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып шығару идеясына қалай қарайсыз?
− Бұл бір өте ғажап идея! Бірақ осы жақсы бастаманы нақты жүзеге асыруда үлкен дайындық, білгірлік пен біліктілік керек. Мәселе қай пәндерге қатысты, ғылымның қай саласы – осыларды мамандар айқындап анықтауы қажет. Айталық, әлемде мойындалған физика, химия, биология, математика, механика сияқты, тағы басқа жаратылыстану пәндерінің оқулықтарын, бәлкім, осы қатарға қосу керек болар. Ал енді гуманитарлық сала бойынша, мысалы, қазақтың ұлттық құндылықтарын дәріптейтін оқулықтар шет жерлерде шыға қойған жоқ.
Айталық, тілден, әдебиеттен, өнерден бізге оқулық болатындай еңбектер бар. Бірақ қазақ менталитетіне сай келетін, әлем таныған оқулық шет тілінде жоқтың қасы. Сонымен бірге, рухани өремізді биіктететін, жалпы білімімізді тереңдететін, адамзат мәдениетін тануда үлкен көмек беретін тарихи, этнографиялық, этнологиялық, саясаттану, мәдениеттану, өнертану, тіл білімі саласына қатысты дүние жүзі ғалымдары мойындаған еңбектер де жетерлік. Олардың біразы орыс тіліне аударылған, көбісі ағылшын, неміс және француз тілдерінде. Міне, осыларды аударсақ, құба-құп болар еді.
– Елбасы бастамаларының жаңашылдығы туралы не айтасыз?
– Маған жаңалық боп көрінген бір мәселе «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» деп аталған идеялар. Осы қатардағы «Туған жер» бағдарламасы, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы туралы Президенттің айтуы біздің ұлттық руханиятты зерделеп, зерттеуде жаңа тыныс ашады, соны серпін береді деп есептеймін. Елбасы айтқан рухани жаңғырудың жүзеге асырылуы баршаға айрықша жауапкершілік жүктейді. Осы істі абыроймен атқарып шыға алатын басты-басты бірнеше ғылыми-зерттеу мекемелеріміз де бар. Соларға жағдай жасап, алаңсыз жұмыс істеуіне мүмкіндік берілсе, Елбасының бұл реттегі бастамалары ойдағыдай жүзеге асатыны күмәнсіз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан»