Әлбетте, «балаға кітап оқып беріңіз» деген кеңесті барша ата-ана біледі. Оны басшылыққа алатындар да көп екені сөзсіз. Шын мәнінде мәселенің қалай болып жатқанын көру үшін айналамдағы отбасылар арасында сауалнама жүргіздім. Әрине, бұл белгілі қорытынды жасайтындай статистикалық зерттеу емес. Менің шағын сауалнамама 10 отбасы ғана қатысты. Оларға «балалар кішкентай болғанда кітап оқып бердіңіз бе?», «неше жасынан бастап кітап оқып бере бастадыңыз?», «қанша жасқа дейін кітап оқып бердіңіз?», «қай уақытта (күндіз, кешке) кітап оқыдыңыздар?», «ұйықтар алдында ертегі, әңгіме, өлең айтып бердіңіз бе?» деген сұрақтарды қойдым.
Достарымның арасында баласына кітап оқып беретін отбасылар көп болып шықты. Көбінесе балаларына жатарда ертегі оқып беріп, өлең айтып, сурет бойынша сипаттап, ойдан шығарылған әңгімелер айтып, тіпті әлі дүниеге келмеген бөпесіне кітап оқып, жағымды музыка тыңдатып, оның дүниеге келуін асыға күткен отбасылар да бар екен.
Қазіргі кезде жас аналар баласына оқып беретін кітаптар, айтып беретін әндер іздейді: дүкенде болса – жақсы, болмаса – интернеттен қарайды. Кітап сөрелері елімізде басылған балалар әдебиетіне сықиып толып тұрмағанын өздеріңіз де көріп жүрсіздер. Дегенмен осы бағытта жұмыс істеп жатқан баспалар да жоқ емес. Өзіміздің, көрші елдердің, алыс-жақын мемлекеттердегі кітап дүкендеріне көз жүгірткенде, балалар әдебиеті келесідей жас аралықтарына бөлінгенін көреміз: мектеп жасына дейінгі балаларға, бастауыш сынып оқушыларына, орта сынып оқушыларына, жоғары сынып оқушыларына немесе жасөспірімдерге арналған әдебиет. Бұл өз ішінде тағы бөліне беруі мүмкін. Яғни, туғаннан 6 айға дейін, 1 жасқа дейін, 3 жасқа арналған дегендей жалғаса береді.
Ғылыми жіктеуде (классификация) шығармалардың үш түрі анықталған:
- балаларға арналып жазылған шығармалар;
- үлкендерге арналып жазылған, бірақ балалар да оқитын шығармалар;
- балалардың өздері жазған шығармалар.
Сонымен бірге балалар әдебиетінің тегі мен түрі ересектерге арналған әдебиеттен алыс кетпеген. Дегенмен, балалар әдебиетінде трагедия болмауы керек, баланың жаны гармонияны, жақсылықты қалап тұрады. Кітаптың міндетіне қарай балалар әдебиеті ғылыми-танымдық әдебиет, оның ішінде оқу-танымдық және әдеби-танымдық болып еркешеленеді. Сонымен бірге этикалық әдебиетті де ұмытпауымыз керек, яғни адамгершілік (моральдық) құндылықтар жүйесін қалыптастыруға әсер ететін хикаят, әңгіме, өлең, поэмалар. Оның ішінде қиял-ғажайып, тарихи және публицистикалық әдебиет те бар.
Корней Чуковскийдің «Екіден беске дейін» деген кітабын оқыған болсаңыз, сөздік қорыңыз мынадай, тіпті одан да басқа, сөздермен толыққанына күмән жоқ: «экикики», «арабеска», «глосса»... Мені қызықтырғаны «экикики» сөзі болды. К.Чуковскийдің айтуынша, бұл «дайындықсыз, аяқ астынан, қуаныш үстінде шығарылған тосын ұйқас. Оны кішкентайлар аяқ астынан шығарады, өте қысқа, бірнеше рет қайталанып айтылады, басқа балалар оны іліп алып қайталап жүреді». Сондай-ақ екіден бес жасқа дейінгі балалар секіріп, жүгіріп жүріп өлең шығарады дейді. Ол жерде тек қуаныш бар, тіпті көңілсіз жағдайдың өзін де балалар қуана жеткізе алады. Олар өзі мен айналаға деген қуанышын жасыра алмайды, бәріне риза болғанын ұйқастыра, тіпті ұйқасы болмаса да әуендете айтады. Көңіл-күйі жоқ, әлсіз, ұйқылы-ояу бала бір де бір тақпақ, өлең жолын шығара алмайды. Әрине, бұл тақпақтарда мазмұн да, мән де болмауы мүмкін, ондағы ең басты дүние – музыка, әуен. Сондықтан ата-аналар балаларының былдырын, аяқ астынан ойлап тапқан ұйқастарын, әуендетіп айтқан тіркестерін жазып алса, түрлі зерттеулердің негізі болар еді. Чуковский өзі бақылаған ұйқас жолдарын зерттей келе олардың ырғағы көбінесе «хорей» екенін айтады. Ал «қазақ балалары кішкентай кезінде қандай өлең ырғағы мен өлең өлшемін таңдайды екен?» деген сұрақ мені де қызықтырады.
Бақытгүл Салыхова,
Педагогика ғылымдарының кандидаты