Бұл маңызды міндетті жүзеге асыру барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі өлшеусіз екендігін ерекше атап айту парыз. Тәуелсіз Қазақстанды төрткүл дүниеге түгел әйгілеп, әлемнің ең ірі инвесторларын тартуда Мемлекет басшысы шынайы көшбасшылық қарымдылық танытты. Соның нәтижесінде Қазақстан Республикасы бүкіл ТМД мемлекеттерінің ішіндегі экономикасына ең көп шетел инвестициясы құйылған ел болып табылады. Мәселен, Ұлттық банктің дерегі бойынша, тек соңғы 10 жыл көлемінде ғана, яғни 2005 – 2015 жылдар аралығында Қазақстан экономикасына 237 миллиард АҚШ доллары көлемінде тікелей шетел инвестициясы тартылған екен.
Жақында әлемдегі беделді Doing Business агенттігінің бизнес жүргізу ахуалын зерттеген арнайы баяндамасы жарық көрді. Осы сараптау негізінде Қазақстан әлем елдері арасында бизнес жүргізу мәселесі бойынша бұдан бұрынғы 41-ші орындағы көрсеткіштерін едәуір жақсартып, 35-ші орынға көтерілді. Осы әлемдік сараптау негізінде Қазақстан бірқатар көрсеткіштер бойынша әлемнің ең дамыған елдерінен де қара үздіріп, көш бастады. Мәселен, «Миноритарлық инвесторларды қорғау» көрсеткіші бойынша еліміз жаһандық бәсекеде 3-ші орынды иеленсе, бизнес жүргізу заңдарын жетілдіру мәселесінде ерекше жетістіктерге қол жеткізген әлемдегі алғашқы ондықтағы мемлекеттердің қатарынан ойып тұрып орын алды.
Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша еліміздің Инвестициялар және даму министрлігінің «KAZNEX INBEST» инвестиция және экспорт жөніндегі ұлттық агенттігі» акционерлік қоғамы Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын одан әрі арттыру, инвестициялық саясаттың тиімділігі мен икемділігін жақсарту мақсатында кешенді шараларды іс жүзіне асыруда және олардың қалтқысыз орындалуын қамтамасыз етіп келеді.
Сонымен бірге, 2015 жылы Мемлекет басшысының ел экономикасына инвестиция тартуды одан әрі жетілдіруге байланысты нақты тапсырмаларына орай Инвестиция тарту жөніндегі үкіметтік кеңес құрылды. Бұл кеңестің жұмысын негізгі үш бағыт бойынша жүргізу көзделінуде. Біріншіден, мемлекет-жекеменшік әріптестігі жобаларына және жекешелендірілген нысандарға инвестиция тарту; екіншіден, жалпы инвестициялық ахуалды жақсарту; үшіншіден, трансұлттық компаниялардан тікелей шетел инвестицияларын тартуды қамтамасыз ету болып табылады. Мемлекет тарапынан жүйелі түрде жүргізілген осындай кешенді шаралар өзінің игі нәтижелерін көрсетуде.
Соңғы жылдары ел экономикасына тартылған тікелей шетел инвестициялар ауқымында азиялық көшбасшы елдердің үлесі қомақты. Оның ішінде Қытай Халық Республикасының еліміздің экономикасына әкелген инвестициясы көш бастап тұрғанын ерекше атап өткен жөн. «Нұрлы жол» бағдарламасының шеңберінде көлік-инфрақұрылымдық, өнеркәсіптік, құрылыс материалдары, жол-құрылыс техникаларын шығару және қайта өңдеу салаларының нысандары бойынша 51 ірі жобаны жүзеге асыру белгіленді. Осы жобаларға байланысты Қытайдан келетін тікелей инвестиция 26,2 миллиард доллар көлемінде болмақ. Сонымен бірге, еліміздің экономикасына Жапония мен Оңтүстік Кореядан келген инвестиция көлемі де ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Мәселен, Ұлттық банктің мәліметі бойынша, азиялық мемлекеттерден ел экономикасына тартылған тікелей шетел инвестициясы көлемінің ішінде Жапонияның үлесі 24 пайызды құраса, Оңтүстік Кореяның үлесі 16 пайызға тең екен. Осы ретте ірі шетел инвесторлары қатарында 2015 жылдан Астана қаласында автомобильдерді өңдеу жөніндегі логистикалық терминал құрылысының жобасын жүзеге асыра бастаған «NYK Line» атты жапониялық компанияны және Шымкент қаласындағы әуежайды жаңғырту жобасын қолға алмақ болып отырған «Jalux» атты екінші Жапония компаниясын, сонымен бірге полиметалл рудаларын зерттеу жұмысы жөніндегі жобаны жүзеге асыра бастаған «KORES» атты Оңтүстік Корея компаниясын ерекше атап өтуге болады.
Әлемдік экономикада орын алған қаржы-экономикалық қиындықтарға қарамастан, Қазақстан соңғы кезде инвестиция салуға ең қолайлы мемлекеттер рейтингінде үздіктер қатарынан көрінуде. Оған өткен жылы ел экономикасына тартылған тікелей шетел инвестициясының көрсеткіші нақты дәлел. Ұлттық банктің мәлімдеуінше, 2016 жылы ел экономикасына тартылған тікелей шетел инвестициясының көлемі 2015 жылмен салыстырғанда 40 пайызға өсіп, 20,6 миллиард АҚШ долларын құраған екен.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»