Қазақстан • 21 Сәуір, 2017

Мамандықтың бәрі жақсы

819 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мамандықтың бәрі жақсы. Бірақ, нарықтық экономика жағдайында кейбір мамандықтың қажет болмай қалуы әбден мүмкін. Өйткені, өндіріс орындарының цифрлы технологияға көшуі, автоматтандыру мен роботтандыру жүйесінің кең көлемде жүзеге асуы нәтижесінде адам қолымен атқарылатын жұмыстар азаяды. Есесіне заман талабына сай жаңа мамандар даярлауға тура келеді. Бұл өте ауқымды әрі күрделі жұмыс.

 Мамандықтың бәрі жақсы

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы өзекті мәселеге орай жаңа ұлттық қызметтер жіктеуішін жасаған. Бұл − Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көтерілген маңызды мәселелердің бірі. Осыған байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алқалы жиынына қоғамдық кеңес мүшелері, ор­талық мемлекеттік органдар мен мүд­делі тараптардың өкілдері қатысып, Елбасының мақаласынан туындайтын міндеттерді жүзеге асырудың жолдары мен мүмкіндіктері туралы ой-пікір алмасты.

– Елбасы мақаласында негізгі алты бағыт бойынша Қазақстанның үшінші жаңғыру кезеңіне арқау болатын бас­ты қадамдар атап көрсетілді. Бұл ретте еңбек және әлеуметтік саланы одан әрі дамытудың маңыздылығы мен қажеттілігін тағы бір мәрте ұғынып отырмыз. Мәселен, «Бәсекеге қабілеттілік» деп аталатын алғашқы бағытта ұлт табысының негізгі діңгегі еңбек ресурс­тарының сапасына ерекше назар аударылған. Ал, еңбек ресурстарының ұтым­дылығын қолдау мәселесі «Пра­г­матизм» аталатын екінші бағытта көрі­ніс тапқан. Мемлекет басшысы өте дәл көрсетіп бергеніндей, нақты мақ­сат­тарға қол жеткізуге арқа сүйеген, білім мен саламатты өмір салтына, кәсі­би табысқа ден қойған оңтайлы өмір сүру қағидаты – осы тармақта, − деді Ең­бек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрі Тамара Дүйсенова.

Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін министрлік Ұлттық біліктілік жүйесін жасаған. Оның негізгі тармағы – Ұлттық қызметтер жіктеуіші. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов айтып берді.

−Нарық жағдайында бәсекеге қабілетті болу үшін еңбек нарығы мен білім беру жүйесі өзара тиімді түрде әрекет етуі қажет. Бұл жұмыс Ұлттық біліктілік жүйесін енгізу арқылы жүргізілуде. Қазақстанда 2012 жылдан бастап қолға алынғаннан бері мемлекеттік органдар 400-ден астам кәсіби стандарт жасақтады. Біздің министрлік еңбек ресурстарын дамыту мен жұмыс орындарын ынталандыру жобасын жасаған болатын. Сол жобаға сәйкес 2017-2020 жылдар аралығында тағы 550 кәсіби стандарт әзірленіп, бекітіледі. Осының негізінде білім беру жүйесіне арналған оқу бағдарламалары дайындалатын болады, − деді Б.Нұрымбетов.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, білім беру мен халықты жұмыспен қамту, көші-қон және шетелдік жұмыс күшін тарту мәселесінде мемлекеттік саясатты қалыптастыру үшін қызметтер жіктеуіші өте қажет. Осы арқылы еңбек нарығын назарда ұстап, жүйелі талдау жасауға мүмкіндік болады. Сондықтан жіктеуіш – Ұлттық біліктілік жүйесінің ажырамас бөлігі. Осы арқылы қандай мамандарға мұқтаждық бар екенін болжауға, соған сай білім беру тапсырысын қалыптастыруға болады.

Бүгінгі таңда осыдан 12 жыл бұрын жасалған қызметтер жіктеуіші қол­даныста екен. Бірақ, бұл қазіргі заман талабына сай келмейді. Сәйкес емес, алшақ кәсіптер бір қызмет тобына біріктірілген. Нақтылық жоқ. Мәсе­лен, мұнай, газ конденсатын шы­ғару саласындағы шебер мен бас метал­лург­тің міндеті бір-бірінен мүлдем бөлек. Соған қарамастан екі кәсіп бір топта. Басқа да кәсіптерге байланысты осындай олқылықтар бар. Сондықтан да он екі жылдан бері қолданылып келе жатқан жіктеуіш еңбек нарығындағы жағдайды толыққанды зерделеп, талдау жасауға, нақты статистикалық ақпарат алуға және тиісінше мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыруға мүмкіндік бермей отыр. Жаңа жіктеуішті жасау барысында екі жарым мыңнан астам ұсыныс түскен. Ірі өндіріс орындары мен шағын және орта кәсіпорындарда осы мәселеге байланысты сауалдама жүргізілген. Соның бәрі құжатты дайындау барысында ескерілген.

Ғалым ОМАРХАН,

«Егемен Қазақстан»