Парламент • 21 Сәуір, 2017

Жаңғыруға жетелейтін бастамаға қолдау білдірді

149 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Мәжілістегі Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының отырысы өтіп, онда Елбасы Н.Назарбаев белгілеп берген рухани жаңғыру бағдарламасындағы тілдерді дамытудың маңыздылығы мен ерекшелігі жан-жақты талқыланды. Ассамблея атынан сайланған халық қалаулысы Сауытбек Абдрахманов жетекшілік еткен алқалы жиында қазақ тілінің қолданыс аясын ғаламтор кеңістігінде кеңейту мәселесі сөз болды.

Жаңғыруға жетелейтін бастамаға қолдау білдірді

Тақырыпқа қатысты арнайы баян­даманы Ш.Шаяхметов атын­дағы тілдерді дамытудың үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов жасады. Ол Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұ­мыс комитетінің мемлекеттік тапсы­рысымен өткен жылы іске қосылған «Тіл әлемі» порталы мен «Emle.kz», «Termincom.kz», «Atau.kz» сын­ды сайттардың бүгінгі қызметі мен техникалық жетілдіру жайы, қоғам­ға тигізіп жатқан пайдасы туралы ай­тып, әлеуметтің пікірін әңгімеге арқау етті. 

Сондай-ақ, талқылау барысында сөз алғандар латын әліпбиіне көшу жайын қозғағанда, мәселені асыра саясиландырудың қажет еместігін түсінуге шақырды. Сонымен қатар, әліпби ауыстыру әрекетінде алыс-жақын көрші елдердің тәжірибесі де мұқият зерттеліп, зерделену қажеттігі атап көрсетілді.

«Бәріне уақыт төреші. Өзбекстан мен Түрікменстан, Әзербайжан ел­дерінің жүріп өткен жолын сара­лау біз үшін өте маңызды. Мәсе­лен, латынға көшкен өзбек ағайындар 24 жыл ішінде неліктен 3 рет реформа жүргізуге мәжбүр болды. Осындай жағдайлар бізді терең ойлануға жетелейді», – деді С.Абдрахманов.

Баяндамашы таныстырған сайттар оқырмандар игілігіне айналып отырғанын атап өткен депутат Анар Жайылғанова баян­дамашы таныстырған жобалар, әсіресе, шетелдегі қазақтар үшін қолайлы болатынын тілге тиек етті. «Әсіресе, қазақ тілінің құрылымы мен құндылығын танып, білуде шетел қазақтары «Emle.kz» сайтын кеңінен пайдаланып отыр екен. Мұндай жобалар Елбасының күні кеше ғана жариялаған мақаласын тұщы­нып оқу үшін де орасан зор мүмкіндіктер беруде», – деді ол.

Сонымен қатар, әліпби ауыс­тыру мәселесінде ертеректе қолда­ныста болған латын таңбасына не­гіз­­деліп жасалған әліпбилеріміз де на­зар­дан тыс қалмаса деген тілектер айтылды. Атап айтқанда, депутат Шай­мардан Нұрымов қолданыста болмаса да, осы кезге дейін құрас­ты­рылған әліпбилердің бір-екі таң­басынан өзгесі мәселені еш күрде­лендірмейтіндігіне тоқталды.

Отырыс соңына қарай қатысу­шы­лар ұсыныс, пікірлерін білдіре келіп, Мемлекет басшысы атап көр­сетк­ен латын әліпбиіне көшу­ді толық қолдайтынын атап өтті. Игілігі мол мұндай бастамаға қоғамды жап­пай жұмылдырып, түр­лі ұлт пен ұлыстың өкілдерін ұтым­­ды іске ұйытуда Қазақстан хал­қы Ассамб­леясының бағыт-бағ­дар­лары нақтыланды.


Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,

«Егемен Қазақстан»